"ДЕНЕСІ ҚЫЗҒАН": ҚЫТАЙДАН ҰШЫП КЕЛГЕН БІРНЕШЕ АДАМ АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 1297
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қытайдан Қазақстанға ұшып келген төрт адам дене қызуының көтерілуіне байланысты шұғыл ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ айтты.

"Tengrinews.kz" мәліметі бойынша, Үкіметтегі баспасөз мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қатысты елдегі жағдайды баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінде Қытай елінен Қазақстанға 25 858 адам келген. Оның ішінде, Қазақстан мен шетел азаматтары бар. Келгендер туралы барлық мәлімет Денсаулық сақтау министрлігі және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті арқылы жинақталып, олар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеруден өтіп, байланыс анықталды.

- Қытайдан дене қызуы көтерілген 23 адам келген, оның ішінде, төртеуі жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ, тұмау) күдігімен ауруханаға жатқызылды. Вирусты жұқпалы аурулардың айырмашылығының болмауына байланысты, біз оларды ЖРВИ күдігімен жатқызамыз, - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Елжан Біртанов ауруханаға жатқызылғандардан қажетті қан сараптамасы алынғанын жеткізді. "Үш тәулік ішінде нақты диагностика шығады. Қажетті терапия басталды", - деді министр.

Бүгін тағы да Қытай елінен ұшып келген бір азамат дене қызуының көтерілуіне байланысты Нұр-Сұлтан қалалық ауруханасына түсті.

- Бүгін Бейжіңнен ұшақ қонды. 2003 жылғы қыз бала ауруханаға жатқызылды. Бүгін таңертең болған жағдай. Балалар жұқпалы ауру ауруханасына жатқызылды. Клиникалық белгілері жоқ. Қыз баланы толық тексеру үшін біз тұмау белгілеріне тексереміз. Оның дене қызуы 37,4 болды, тамағы жыбырлап тұрғаны анықталған. Бәлкім, жай ғана ЖРВИ (тұмау) болуы мүмкін, - деді елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Қыз баланың тек Бейжіңде болғаны айтылады. Ол қала аумағынан шықпаған. Қыз маусымдық және маусымдық емес ауруларға тексеріліп жатыр. Нәтижесі әлі белгісіз.

Басқарма басшысының орынбасары елордада жедел штаб пен жұмыс тобы құрылғанын айтты. "Біз науқастар мен олармен байланыста болған адамдар жатуға арналған қосымша төсектер әзірледік. Барлық емханаларда қосымша сүзгі-кабинеттер ашылды. Онда науқастар дереу сол жерге жүгіне алады. Елордада дәрі-дәрмек, қорғану және дезинфекциялау құралдары жеткілікті", - деді Әлия Рүстемова. Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері бір ай бойы Қытайдан келген адамдарға қоңырау шалып, жағдайларын біліп отырады. Егер жұқпалы аурудың белгілері анықталса, жөтел, дене қызуы көтерілсе, дәрігер дереу барады.

Елордалық емханалар таңғы сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеу режиміне ауысты. Сенбі-жексенбіде демалыссыз жұмыс істейтін болды. Астана қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сархат Бейсенова қазір қауіп төнген жағдайда әуежайда және вокзалдарда санитарлық-карантиндік бақылау пункттері мен стационарлық тепловизорлар орнатылғанын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"