"ҚЫЗУЫ ТҮСПЕЙ ЖАТЫР": ҚЫТАЙДАН ӨТКЕНДЕРДІҢ ҚАН САРАПТАМАСЫ ӘЛІ ШЫҚҚАН ЖОҚ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 1483
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанның 21 азаматы Қытайдан эвакуацияланды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың ішінде 20 азамат Гуанчжоу мен Құлжа қалаларында болып, Панфилов ауданында орналасқан «Нұр жолы» халықаралық шегара пунктінен өткен. Тексеріс кезінде екі азаматтың дене қызуы жоғары (37,5) екені анықталды.

- Олар дереу Панфилов аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер қажетті лабораториялық анализдерді алды. Одан бөлек, автобустан 19 адам госпитальға орналастырылды, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз өкілдері.

Осыған дейін Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Қытай елінен 25 858 Қазақстан мен шетел азаматы келгенін мәлімдеген еді. Оның 23-інің дене қызуы жоғары екені анықталып, 4-уі ауруханаға жатқызылған. Бүгінгі күні 2-уі үйлеріне шығарылды. Дәрігерлер Қытай еліндегі қазақстандықтарға елге келгеннен кейін міндетті түрде емханаға қаралуға кеңес береді.

Одан бөлек, кеше дәрігерлер Қытай мемлекетінен демалыстан келген тағы 6 адамды күдікпен ауруханаға жатқызды. Оның бірі Алматы қаласының тұрғыны болса, қалғаны Ақмола облысынан келген отбасы (2 ересек адам, 3 бала). Балаларда жоғары дене қызуы байқалған.

Жаркенттегі оқиғаға байланысты "Уатсап" желісінде белгісіз ер адамның жаппай сақтық шараларына көшуге шақырған дауысы тарады. Онда ол: "Жігіттер, абай болыңдар! "Нұр жолынан" екі ауру шықты. Қазір анықтап жатыр. Бетперделеріңді тағып жүріңдер. Бала-шағаны абайлаңдар. "Нұр жолында" қалай-мақан болып жатыр", - дейді. Ал екінші адам Жаркенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында у-шу болып жатқанын, бәрі вирустан қорғанатын киім кигенін айтып, сақтануға шақырады.

"Жетісу" газетінің тілшісі Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап көрді. Баспасөз хатшысының мәліметінше, қазіргі таңда Қытайдан өткен азаматтардың денсаулығы қатаң бақылауда. Тексеруден өткен 19 адамнан ешқандай күдік анықталған жоқ. Ал инфекциялық бөлімде жатқан екі азаматтың дене қызуы әлі түспеген. Олардан алынған қан сараптамаларының қорытындысы әлі шыққан жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"