"ВИРУС БЕЛГІЛЕРІ ЖОҚ": ҚЫТАЙДАН ӨТКЕН АЗАМАТТАР ҮЙЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Уақыты: 30.01.2020
Оқылды: 1518
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қытайдан өтіп, Панфилов аудандық ауруханасына коронавирус күдігімен жатқызылған екі азаматтың қан сараптамасы шықты. Кеше ғана Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы дене қызуымен түскен азаматтар қатаң бақылауда екенін мәлімдеген болатын. Қан сараптамасының нәтижесі бойынша олардан ешқандай вирустың белгілері байқалмады.

Еске түсіре кетсек, 28 қаңтарда Панфилов ауданындағы "Nur joly" бекетінен өткен Қазақстанның екі азаматының температурасы көтерілгенін арнайы құрылғы анықтаған болатын. Оларды Жаркентте орналасқан инфекциялық емханаға шұғыл әкелген арнайы мамандар зерттеу сынамасын алып, екі азаматпен қарым-қатынаста болған 20 адамды толық тексеруден өткізді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, шегарадан өткендердің ешқайсысынан вирус белгілері байқалмады. Екі азамат та бүгін емханадан шығып, үйлеріне қайтты. Бұл туралы Қытай вирусын жұқтырды деген күдікке ілінген азаматтардың өздері де сөз алып, әртүрлі алып-қашпа әңгімеге еріп жүрген көпшілікке бейнеүндеу тастады.

- Бүгін 30 қаңтар. Шегадан өткен күні, 28 қаңтарда, кешкі сағат 10-дар шамасында Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы аурухананың күндізгі бөліміне әкеліп жатқызған болатын. Міне, көріп отырғандарыңыздай, сау, аманбыз. Тек вирустың алдын алу әрекеті бойынша бізді жатқызып, екі күн қарады. Барлығына рахмет айтамыз. Халық арасында осы жерде медбикелер, адамдар қайтыс болып, вирус шықты деген әңгімелер айтылып жатыр. Ондай ақпараттың барлығы жалған. Аман-саумыз. Ешқандай қауесеттерге сенбей, Республикамыз беріп жатқан, 100 пайыз сенімді ақпарат құралдарына жүгінулеріңізді сұраймыз, - деді Қытай вирусына қатысты тексерістен өткен азаматтар.

Айта кетейік, Панфилов ауданындағы "Қорғас" шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 22 қаңтардан бастап жабық. Ал 29 қаңтардан бастап "Nur joly" өткізу пунктінен жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың қатынасы тоқтатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Панфилов ауданы

Алматы облысы