Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"45 ОРЫН ДАЙЫН": АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ҚЫТАЙ ВИРУСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Уақыты: 31.01.2020
Оқылды: 1444
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлем халқын алаңдатып отырған "2019-nCov" Қытай коронавирусына қатысты шегара шебінде орналасқан Алакөл ауданында бақылау және тексеріс жұмыстары күшейтілді.

Алты мыңға жуық тұрғыны бар Достық ауылдық округі Қытаймен шегараласады. Бұл жерде теміржол арқылы жолаушылар мен жүк пойыздары жүріп, ары-бері қос мемлекет азаматтары қатынауда.

Осыған орай Алакөл ауданында коронавирустың алдын алу және шегарадағы бақылауды күшейту мақсатында арнайы штаб құрылып, аталған елді мекенде отырыс өтті.

Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Абдинов бастаған жұмыс тобы алдымен шегара өткеліндегі хал-жағдаймен танысты. Байқағанымыздай, теміржол қызметінің өкілдері арнайы тепловизерлермен жабдықталған. Әр адам жіті тексерістен өтіп, жеке мәлімметтері толық тіркелуде. Бір айта кетерлігі, мұндай құралдардың тағы да бірнешеуіне тапсырыс беріліп, жуық арада жетізіледі деп отыр. Бұл жерде оқшаулау бөлмесі де қарастырылған.

Артынша Достық ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында штаб тобының отырысы өтті.

Сөз алған Алакөл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Жанар Нүсіпова «тәж вирусының» алдын алу және тіркелген жағдайдағы іс-әрекеттер алгоритмімен таныстырды.

Сырқат адам анықталған жағдайда алдымен теміржол қызметкерлері мен ондағы дәрігерлер оларды оқшаулау бөлмесіне жатқызып, "Жедел жәрдем" көлігін шақыртады. Арнайы киімдермен жабдықталған медицина қызметкерлері сырқатты аурухананың артқы есігінен кіргізіп, мұндағы өзге науқастармен мүлдем байланыс болмауын жіті қадағалайды.

Алакөл аудандық ауруханасында керек болған жағдайға деп 45 орын дайын тұр. Олардың барлығында жеке дәретханасы, жуыну орны бар. Бұл, ең алдымен, сырқаттың сыртқа шықпай,аурудың таралуының алдын алуы үшін қарастырылған. Бір айта кетерлігі, Достық ауылына қосымша дәрігерлерден бөлек, ауданнан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ, Қызылорда қаласынан тағы да екі маман келді.

Ауруханадағы бөлмелер де үш топқа бөлінген. Яғни, ауырғандарға, күдік туғызғандарға және сырқаттармен байланыста болғандарға арнайы жеке-жеке бөлмелер қарастырылған.

Штаб отырысы барысында қатысушылар бірнеше сұрақ қойды. Солардың ішінде дәріханалардағы бетперде (маска) және қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын қадағалау қажеттігіне баса назар аударылды.

Осы ретте ауылдағы алты дәріханадағы бетперденің бағасы тексерілді. Елді мекен тұрғындары бірінші кезекте бетперде бағасының қымбаттағанын айтқан болатын. Бұл мәселе тек «Арзан» дәріханасында байқалды. Округ әкімі Ринат Құрмаев дәріхана басшысымен хабарласып, 50-ден 30 теңгеге түсіруін және құнын көтермеу бойынша келіссөз жүргізді. Жеке кәсіпкер лезде келіспегенімен, соңына қарай халықтың қамын ойлап, бағаны көтермейтінін жеткізді.

Ал қалған бес дәріханада үлкендерге арналған бетперде 30, балалардікі 15 теңгеден сатылымда. Дәрі-дәрмек жеткілікті болғанымен, тұрғындардан бөлек өзге аумақтардан келген жұмысшылардың көптігіне орай бетперде тапшылығы байқалады. Осыған орай, кәсіпкерлер тапсырыс беріп қойғандарын және жуық арада сөреде аталған заттың тұратынын айтып өтті.

Шегарадан ары асып, вахталық жұмыста жүрген жерлестеріміз де баршылық. Бұрындары Қытай жеріне өткенде жұмысшылар өзімен дәрі-дәрмек алып кіруге рұқсат жоқ болатын. Бірақ та коронавирустың өршуіне байланысты оларға қажетті дүниелерін шегарадан өткізуге келісім беріліп отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы