"БІЛІНБЕУІ МҮМКІН": КОРОНАВИРУСТЫҢ ТҰМАУДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Уақыты: 03.02.2020
Оқылды: 1942
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемді алаңдатқан коронавирус жайлы не білеміз? Одан қалай сақтануға болады? Дәрігерлердің айтуынша, бұл кәдімгі тұмау сияқты. Түшкіріп-пысқырып басталады. Бірақ кәдімгі жұқпадан айырмашылығы «қатыгездігінде».

Коронарлық жұқпаның алдын алу үшін санитарлық тазалықты мұқият сақтаған жөн. Көпшілік орынға бармаған дұрыс. Барған күннің өзінда бетперде киіп алу керек. Сырттан келіп жатқан жеміс-жидекті әбден жуып барып тұтыныңыз.

Негізінен өзіңіз күнде тұтынып жүрген, балғын асты жеген дұрыс. Сорпа, су көбірек ішіңіз. Ас тұрған жерде ауру тұрмайтынын ескерсек, әр адам иммунитетін түсірмеуге көңіл бөлуі керек. Қыстың күні «С» витамині адам денсаулығын күшейтуге оңды әсер етеді. Ағзаны нығайту үшін қыс, көктем мезгілінде аскорбин қышқылының пайдасы зор.

«С» дәрумені – қырыққабат, картоп, пияз, бұрышта көп. Қызанақ немесе қызанақтан қыста пайдалану үшін дайындалған дәмдеуіштерде дәрумен көптеп кездеседі. Лимон да тұмауға «қарсы» тұра алады. Аталмыш дәруменнің тәбетті арттыратын да қасиеті бар.

Алматы облысына танымал дәрігер, денсаулық саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, «Күншуақ» балаларды жұқпалы кеселдерден сақтандыру санаторийінің директоры Мырзахмет Ережеповтен аталмыш кесел жайлы:

– Кесел адамның ыстығы көтеріліп, жөтел қысып, тынысы тарылып басталады. Сырқат салдарынан жүрек айнып, құсу мүмкін. Дерт үй жануарлары, құстардан да жұғуы мүмкін. Сондықтан, ет, жұмыртқаны әбден қайнатып тұтынған дұрыс. Бұрындары емхананың бір күнін «Сау балалардың ашық есік күні» деп белгілейтін. Ол күні дәрігерлер сау балаларды жан-жақты тексеретін. Сырқат балалар емдеу мекемесіне басқа есіктен кіргізілетін. Алдын ала емхананың іші әбден тазалаланатын. Ал қазір барлығы күндіз-түні бір есіктен кіреді. Ауруханаішілік жұқпа осындай кезде жабысады. Ол үшін сыртқы есікке сүзгі қойылуы тиіс. Ол мекеменің ішіне кіретін адамды сақтандырады. Короно жұқпасы адам бойында 15 күнге дейін білінбеуі мүмкін. Қауіпті аймақтан келген адамды екі аптадан артық бөлек мекемеде ұстаған жөн. Ал сақтанудың тағы бір түрі – қолды арнайы сабынмен әлсін-әлсін жуып, спирттенген шүберекпен сүрткен жөн. Көпшілік орынға барғанда медициналық бетперде киген дұрыс, – деді.

Елдің арасында қалада бетперде бітіп қалыпты деген қауесет тарағаны белгілі. Бірнеше дәріханаға хабарласқанда бетперденің жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Қанша алсаңыз да береді. Сондай-ақ, мамандарға тұмаудан сақтану үшін тағы қандай шаралар жасау керек екендігі жайлы сұрадық. Дәрілік анаферон, виферон, ноксирен және микроптарды жоюға арналған әдістерді пайдаланған жөн екенін айтты. Сондай-ақ, оксолин жақпасын да қолданған дұрыс.

Коронарлық жұқпа біздің елде тіркелген жоқ. Оны елге жолатпау үшін барлық сақтық шарасы жасалуда. Тіркелмей-ақ қойсын! Бірақ кеселдің алдын алу жолдарын біле жүргеніміздің артығы болмас.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды