"САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ": КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕМІ - ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ

Уақыты: 17.03.2020
Оқылды: 2369
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп қай қоғам болмасын, қандай жағдай кездеспесін, ең әуелі тәртіптің алар орны ерекше екенін тайға таңба басқандай айтып-ақ кетті. Бұған дейін ара-тұра ел аузында айтылып, кейбір мақалаларда жазылып жүрген осы бір қорғасын ойдың дәл қазіргі уақытта біздің ел үшін құны алтыннан да қымбат болып тұр.

Іргеміздегі Қытай елінен басталып, Еуропа мен Американы дүрліктірген коронавирустың біздің арамызға келгеніне апта өтпей жатып, аты жаман ауруды жұқтырған адамдар саны тез арада өсіп үлгерді. Миллиардтың үстіндегі көршімізді айтпай-ақ, сексен миллионға жуық Анадолыдағы түрік ағайындардың ішінде 47 адамға жеткенідігімен салыстырсақ, он сегіз миллион тұрғыны бар Қазақстан үшін бұл кәдімгідей көңіл алаңдататын қиын дүние.

Төбемізден төніп келген індетке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ғана еліміз үшін отыз күндік төтенше жағдай жариялады. Індеттен қорғану - баршамызға міндет. Аурудың ошағы болған Қытай елі бұл дерттен қалай құтылып жатыр?

Әрине, бәріміз естіп, көріп отырғандай темірдей қатаң тәртібімен Хансу жұртының Төрағасы: «Есігіңді жап, терезеңді қымта, сыртқа аяқ басып шықпа», – деді. Қытай азаматтары айтқанын орындады. Осылайша аз уақыттың ішінде аты жаман ауруды жеңіп шықты. Ал Италия жұрты бейғамдық пен салғырттықтың нәтижесінде ауыр жағдайға душар болды. Еуропа елдері ішінде күніне сырқат табылып емес, сырқаттан көз жұмып жатқандар қатары көп мемлекетке айналып шыға келді.

Бұл сынақ бізге де оңайға соқпайды. Одан шығудың ең тиімді жолы біреу-ақ. Ол – тәртіпке бағыну ғана! Бір алаңдатарлығы біздің қоғамда: «Бұл қитұрқы саясаттың кезекті түлкі бұлаңы. Қазақстанда коронавирус жоқ. Бұл әдейі жасалып жатқан Қытайдың саяси жобасы», – деп алаңсыз жүргендер әлі де бар екен. Бір емес, осы іспеттес пікірді бірнеше ортада естідім.

Иә, шынымен де бұл індет Қытай мен біздің елдің арасында ғана жүріп жатса күмәндануға болар. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдар әлемнің коронавирус деп дүрлігіп жатқанын қалай естімейді, көрмейді? Таңқалатын жағдай. «Біздің елде жоқ» деген, әрине, естір құлаққа жақсы сөз. Бірақ бар екенін сәт сайын ести тұра, әлеуметтік желілерден, әсіресе, уатсаптан келіп жатқан түрлі алып-қашпа әңгімеге өзгермейтін Құран аятындай сеніп, қатып отырып алу ол ең әуелі өзіңе жасаған қастандық емес пе?!

Жиырма төрт сағат дамылсыз қажылық жасаушылардың қасиетті ордасы болған Қағбаның иесіз қалғандай бос тұруы, алып елдердің көшін бастап тұрған Американың алаңдауы, түбіміз бір Түркияның осы індеттен қорғанып, етек-жеңін жия бастауы, жанары жасқа толып, санасын мұң тұмшалаған Италия жұрты, өз ағамыз дейтін өзбектердің қамдануы. Айта берсек, алты құрлықты елең-алаң күйге түсірген тәжвирустың біздің де арамызға дендеп еніп бара жатқаны бәрімізді алаңдатуы керек.

Алаңдау – айғай-аттан емес, сабырлық – бейғам отыру емес. Мемлкет басшысының осыған орай жасаған үндеуіне үнсіз бойұсынып, Жарлығына сай амал етпек керек.

Жасыратыны жоқ, сауықшыл, тойшыл жұртпыз. Арнайы іздеп баратын, келсе, құшақ жая қарсы алатын қонағымыз көп. Мемлекетке қатысты іс-шаралар мен жиындар, ойын-сауық орталықтары мен түрлі спорттық шаралар, кинотеатрлар мен тетарлар тоқтатылар-ау, бірақ, алдын ала тапсырыс беріп, уақытын белгілеп, қонағымызды шақырып қойған тойымыз бен әруағын құрметтеп, құран оқытып беретін асымызды қайтпекпіз?

Ал ел Президентінің Жарлығына құлақ түрсек, «отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын», - делінген. Үндемей келіп, үйдей пәлені басымызға үйіп кететін күшке ие індеттен сақтанудың бір жолы – уақытша осындай жиын-тойлардан бас тарту. Яғни, тәртіпке бойұсыну. Қасиетті Құран Кәрімдегі «Әмірлеріңе бағыныңдар» деген аятқа дәл осы жолы шынымен де амал жасағанымыз абзал. Өзіңізді, отбасыңызды сақтағаныңыз Отаныңызды сақтағаныңызбен бірдей.

Жамандық шақырғаным емес, қазақы бейғамдықпен: «Әй, құдай сақтасын», - деп тәуекел етіп,  аяғында айықпас дертке ұрынып жүрмейік. Соңғы күндері жиі айтылып кеткен «Сақтансаң – сақтаймын!», деген қорғасын ойды санамызда қорытып, амалымызға айналдырайық. Алланың кітабында тағы да: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят).

Ендеше жанашыр туған-туысыңызбен ақылдасып, бір-біріңіздің ойыңызды мақұлдасып, той-жиыныңызды кейінге шегере тұрыңыз. Сонымен бірге, «Инширах» сүресінің 5-6 аятында: «Әрбір қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік бар», - деп қайта-қайта ескертеді.

«Құдайсыз қурай сынбайды», - деген елдің ұрпағымыз ғой, ағайын! Ауруды берген Алланың шипасын да беретініне сенімді болайық. Алғашқы шипа тағы да қайталап айтайын ол – темірдей тәртіп.

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды