АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІ БЕТПЕРДЕ ТІГУГЕ ЖҰМЫЛА КІРІСТІ

Уақыты: 23.03.2020
Оқылды: 1863
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық «Жігер» қоғамдық бірлестігі жетісулық тұрғындарға арнап медициналық бетперде тігуде. Сындарлы сәтте мұндай қайырымды іспен айналысудың өзі үлкен ерлікпен пара-пар.

«Жігер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ажар Қыдыралинаның айтуынша, тігілген медициналық бетперделер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға тегін таратылады.

– Қазір бәріміз үшін сын сағаты туып тұр. Мақсат – ауызбірлікті көрсету. Бір мақсатқа ұмтылып, бірлігімізді таныту арқылы бұл сынақққа төтеп беруге болады. Ұжым қызметкерлері бұл іске еш қарсылық білдірместен келісті. Медициналық бетперде тігу ісімен айналысып жатқанымызға бес күннен асып кетті. Осы уақытта 3 мыңнан аса медициналық бетперде тіктік. Оның 1000 данасы көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және әл-ауқаты төмен отбасыларға тегін таратылды. Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне 50 медициналық бетпердені қайырымдылық негізінде ұсындық, – деді қоғамдық бірлестік төрайымы.

Қоғамдық бірлестік қызметкерлері медициналық бетпердеге қажетті матаны, жіпті өз қаражаттарына алып, тігілген медициналық бетпердені 250 теңгеден сатады. Саудадан түскен қаражатқа қайтадан құрал-жабдықтарды алып, игі істерін жалғастырып жатыр. Олай болса, өзгенің денсаулығы үшін алаңдаған қайырымды жандардың ісіне береке тілейік.

* * *

Дәл осындай игі іс Алматы облысының Көксу ауданында да жалғасуда. «Қайырымды іс жасасаң, қайыры өзіңе келеді», - дейді үлкендер. Осы ұлы сөзді ұран еткен көксулық нәзік жандар медициналық бетперде тігіп, тегін таратуда.

Көксулық тігіншілердің айтуынша, алғашында 1 метр шыт матасын 250 теңгеден, медициналық бетпердеге қажетті резеңке жіпті 30 теңгеден алған. Ал қазір бұл бағада тұрақтылық жоқ. 500 теңгеге 1 метр мата, ал 100 теңгеге бетперденің құлақшынына арналған резеңкені сатып алуда.

Қыздар алғашында ағайын-туыс, көрші-қолаңға, құда-жекжатқа тігіп, сыйға тартқан. Ал қазір олар бұл медициналық бетпердені Көксу ауданының тұрғындарына тегін таратып жатыр.

– Бұл жағдай ешкімге оңайға түсіп жатқан жоқ. Бірақ бұл сәтті пайдаланып пайда табуды ойлағандар да жоқ емес. Өкінішті. Әсіресе, ер-азаматтардың жолақысын сонша қымбаттатып, халықтың қалтасын қағып жатқанына намыстанамын. Біз, көксулық төрт қыз бірігіп, үйімізде тігін мәшенкесімен бетперде тігіп жатырмыз. 1 адамға 10 бетперде береміз. Бізге 150-200 дана тапсырыс беріп жатқандар да бар. Бірақ оны қабылдамадық. Себебі, олар біздің еңбекті саудалайтынына көз жеткіздік. Ең бастысы ешкім ауырмаса болғаны. Қолдан келген көмегіміз осы. Елге пайдамыз тисе болғаны, – дейді Жадыра Сағындықова.

Қайырымдылық жасау үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Ең бастысы жүректе мейірім болса жеткілікті. Мөлдір Болатәлі, Кәмилахан Шәймолда, Меруерт Тойболат, Жадыра Сағындықовадай жаны жомарт, жүрегі жылы жандарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы