КОРОНАВИРУС: ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ДЕЗИНФЕКЦИЯ ЖҰМЫСЫНА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 27.03.2020
Оқылды: 1060
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматыда Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері көшелерді, ғимараттарды және қоғамдық орындарды зарарсыздандыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Қаладағы зарарсыздандыру жұмыстарына Алматы гарнизонынан барлығы 2000-ға жуық әскери қызметші тартылған. Бүгінге дейін арнайы бөлімшелер Алматы қаласы бойынша мектептер, балабақшалар, балалар алаңқайлары, емханалар және терминалдар сынды 284 нысанында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштері арнайы бөлімшелерімен зарарсыздандыруға автобус аялдамалары, жаяу жүргіншілер жолы мен автокөліктердің тұрақтары жатады. Іс-шараларды жүргізу үшін жеке құрам арнайы техникамен, газсыздандыру қорғаныс жиынтығымен және зарасыздандырушы ерітінділермен қамтамасыз етілген.

- Біздің басты мақсатымыз – инфекцияның таралуын тоқтату. Коронавирустың жаңа түрі ауада 3 сағаттан астам уақыт, ал заттардың үстінде 48 сағат өмір сүреді және ауа тамшысы жолымен жұғу қаупі жоғары. Сондықтан, көшелер мен қоғамдық орындарды зарарсыздандыру – коронавируспен күресу кезіндегі маңызды жұмыстың бөлігі. Бүгінгі таңда біздің бөлімшемен жалпы көлемі 1 млн.329 шаршы метрді құрайтын 81 нысан зарарсыздандырылды. Аталған жұмысқа 500-ге жуық адам және 24 «АРС-14» автоқұйылмалы стансылары тартылды, - дейді майор Алмас Қасымханов.

Айта кетейік, Алматы қаласының айналасына қойылған 21 блок-бекетте карантин режимін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар аясында 230-ға жуық әскери қызметші жұмылдырылған.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметі