ШҰҒЫЛ: ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚТЫ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1485
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында тағы бір азаматтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус инфекциясы Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының 67 жастағы тұрғынынан анықталды. 29 наурызда ол коронавирус белгілерімен Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.

Талдаулар оң нәтиже көрсетіп, азаматтың ауырғаны расталды.

Ер азамат карантин енгізілгенге дейін Алматы қаласында иық буындарының артритіне байланысты ем қабылдаған. Онымен қарым-қатынаста болған екі адам анықталып, олар провизорлық стационарға карантинге жатқызылды.

Атап өтсек, 2020 жылдың 30 наурызындағы жағдай бойынша Алматы облысында қауіпті індетпен ауырған 7 сырқат тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды