АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТҰТАС БІР ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 1149
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені толық карантинге жабылды.

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кешеннің аумағын полицейлер қоршауға алған. Кезекшілікке әскерилер де жұмылдырылған. Карантинге жабылған аймаққа дезинфекция жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулығын қадағалау үшін арнайы дәрігерлік амбулатория қойылып, азық-түлік те арзан бағамен жеткізіледі.

Айта кетейік, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі 2 тұрғыннан коронавирус анықталды. Оның ішінде 1995 жылғы әйелдің аяғы ауыр. Бұған дейін індет осында бір тұрғыннан анықталып, бір подъезд карантинге жабылған еді. Қазіргі таңда Алматы облысында коронавирусты 9 адам жұқтырған. «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 21 үй, 5088 пәтер бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"