КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ 137 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 914
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге 1 млн.теңге төленбек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мәлімдеген еді. Төтенше жағдай жарияланғалы медицина мамандары жауапкершілік жүгін мойындарына мықтап алды. Қауіпті жұмысты арқалап жүрген дәрігерлерге арнап, Үкімет үстемақы белгілеу туралы шешім шығарды.

Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай үш топқа бөлінген. Бірінші топ – реанимация бөлімшелерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 3284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына 850 мың теңге құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 1 млн.теңгенің үстінде жалақы алады.

Екінші топ – провизорлық стационарлар мен «Жедел жәрдем» дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы – 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды, яғни, орташа айлығын қосқанда, айына шамамен 600 мың теңге алады.

Үшінші топ – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер «Жедел жәрдем» жүргізушілері. Барлығы 10 994 қызметкер. Олар айына 212,5 мың теңге үстемақы алады. Яғни, орташа айлығын қосқанда, шамамен 380 мың теңге.

Жаман айтпай жақсы жоқ, денсаулық сақшылары сырқаттанып қалған жағдайда, 2 млн.теңге көлемінде сақтандыру төлемі төленеді. Мемлекет одан да қиын жағдайларды ойластырды. Дәрігер жұмыс барысында осы індетпен ауырып қайтыс болса, отбасына көмек ретінде 10 млн.теңге өтемақы береді. Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы індеттің алдын алу, бола қалған жағдайда емдеу барысындағы барлық шараны жасады.

Қауіпті індетпен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне сыйақы беру үшін Алматы облысы бюджетінен 137 млн.теңге бөлінді.

Жалпы облыс бойынша жұқпалы ауруларға арналған 550 төсек дайын. Оның 237-сі балаларға, 313-і ересек адамдарға арналған. Сонымен қатар, 202 реанимациялық төсек жабдықталған. Медициналық орындарда қосымша 479 төсек-орын, 517 провизорлық және 1161 карантиндік төсек-орын жабдықталды.

Мәлімет бойынша, амбулаторлық және станционарлық деңгейде 38 инфекционист, 143 анестезиолог-реаниматолог, 8 нефролог, 12 трансфузиолог, 98 невролог және 447 терапевт дәрігер жұқпаны емдеушілер сапта тұр. Күдігі бар науқастар жеті медициналық ұйымда дайындалған провизорлық бөлімшелерге жатқызылады. Талдықорғанда КВИ-мен байланыста болған адамдарды бақылау үшін 400 карантиндік төсек-орын дайын.

Облыс басшылығы қауіпті мекемелерде қызмет етіп жүрген дәрігерлерге берілетін үстемеақыны беруге дайындықты бастап кетті. Адамдардың әлеуметтік жағдайы мен амандығы біздің қоғамда басты орында.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет ғаламтордан алынды