МИНИСТР: "КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН 20 НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ НАШАР"

Уақыты: 07.04.2020
Оқылды: 891
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі коронавирусқа қатысты жағдайды баяндады. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі хабарлады.

Белгілі болғандай, елімізде қауіпті індетті 7 сәуір, таңғы уақыттағы жағдай бойынша 670 адам жұқтырған. Өткен тәулік бойынша жаңа 78 науқас тіркеліп, өсім деңгейі 13 пайыз болды.

Тіркелген 78 науқастың ішінде бесеуі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан. Өткен тәулік бойынша басқа өңірлерде 73 жаңа науқас тіркеліп, өсім 29 пайыз болды.

Ең үлкен өсім Қарағанды (16), Ақмола (19), Қызылорда (13), Жамбыл (12) облыстарында байқалды.

- Қазіргі кезде ең үлкен өсім өңірлерде байқалып отыр. Жалпы, 6 науқас қайтыс болды. 46 науқас емделіп, шығарылды. Қазір науқастардың 20-сының жағдайы нашар. Жетеуі жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Кеше үш адам жасанды тыныс алу аппаратынан алынып, жағдайы жақсарды. Жағдайы орташа 88 науқас бар. Жеңіл жағдайда 510 науқас жатыр. Ел бойынша байланыста болған 19 112 адам бар. Олардың 97 пайызы табылып, оқшауланды, - деді Елжан Біртанов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"