КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚАБЫЛДАНҒАН ҚАУЛЫҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 07.04.2020
Оқылды: 2013
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері облыс аумағына коронавирустық инфекция таралуының алдын алу мақсатында нөмірі 5-нші қаулы қабылдады. Аталмыш қаулы 8 сәуір, таңғы сағат 8-ден бастап күшіне енеді.

Осыған дейін күшінде болған №4 қаулыға аймақтағы жағдайға байланысты және көктемгі егіс алқабына дайындалу үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңадан қабылданды. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов мәлімдеді.

– Бүгінде облыс аумағында 10 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталып, олармен қарым-қатынаста болған 191 адам оқшауланды.  Облыста барлығы 646 адам оқшауланған. Аурудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға сәйкес бұл көрсеткіштің одан әрі артпауына күш саламыз. Жаңадан қабыданған қаулыға сәйкес облыс аумағында шектеу шаралары жалғасады. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері «СОVІD-19» коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін, – деген Қайрат Қажыманұлы дәріханалар, азық-түлік және құрылыс дүкендерінің қызметі тоқтатылмайтынын жеткізді.

Мысалы, азық-түлік дүкені бұрын 24 сағат жұмыс істесе, сол режимге қайтып оралуы мүмкін. Осыған дейін жол жөндеу, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтаса, енді олар санитарлық-дезинфекциялық жағдайда қызмет атқармақ. Сонымен бірге, көлік жөндеу орталықтары, оқшау емес соның жанында орналасқан дөңгелек жөндеу орындары, пошта, екінші деңгейлі банктер, жанармай құю стансылары жұмыс істей береді. Ал, монша, шаштараз, сұлулық салоны секілді орындар қызмет көрсетпейді.

Елімізде төтенше жағдайдың енуіне байланысты тәртіпке бағынбай, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын естеріңізге сала кетейік. Қаулының толық мәтінімен мына сілтемеге өту арқылы таныса аласыздар.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы