"НЬЮТОН ДА, ПУШКИН ДЕ КАРАНТИНДЕ ОТЫРҒАН": ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ

Уақыты: 08.04.2020
Оқылды: 1414
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Әр нәрсенің қайыры бар". Мұны мен емес, өмірлік философиялық ойды бір сөзбен түйіндей салтын қазекем айтқан. Ендеше, еліміздегі төтенше жағдай, карантин ашылмай жатқан қырларыңызды ашуға, ойда жүрген шаруаларыңызды жүйелеуге және жан-жағыңызға зер салуға мүмкіндік туғызады. Ал әлемді індет жайлағанын өлдіге санап, бүк түсіп жатып алсаңыз ой қаумалап, жаныңыз торығуы мүмкін. Жаны ауырған адамның тәні де дертке шалдығады. Көппен араласуға шектеу қойылған мұндай кезде адам жаңаша күн тәртібіне қалай көшу керек, немен шұғылданған жөн деген сұрақ төңірегінде сөз қозғайық.

Оқырманымызға ақыл-кеңес беру мақсатында психолог-маманнан сыр тартуды жөн көрдік. Талдықорған қаласындағы «Демеу» психологиялық кеңес беру орталығының жетекшісі Мөлдір Ибраимова адам жанының инженері десе де болады. Ендеше, білікті маманның ақылын санамызға сіңірейік. «Мөлдір Болатқызы, карантин кезінде күн тәртібін қалыптастырудың қағидалары жөнінде айтып беріңізші», - деген алғашқы сауалымызды қойдық.

Мөлдір Болатқызы: «Жағдайды сол қалпында қабылдаңыз», - деді. Ары қарай психолог маманның кеңесін өз аузынан естиік.

- Күз келгенін елемей, жаздық киім киіп, суға шомылуыңызды жалғастыра алмайтыныңыз хақ. Ендеше, әлемнің кішкентай бөлшегі саналғандықтан жер жүзіндегі жағдайды сол қалпында қабылдап, одан аман-есен шығу үшін өз үлесіңізді қосыңыз. Түсінуге тырысыңыз. Стефан Ковидің: «Бірінші түсініп көріңіз, содан кейін барып өзіңізді түсінгенін қалаңыз», - деген сөзі бар. Өзгелердің жанына үңілу арқылы өзіңізді де тани аласыз. Отбасыңызбен ұзақ уақыт бір болуды ойлаған шығарсыз? Ендеше, отбасыңызбен қарым-қатынастарыңызды жақсартып, үйде жайлы ахуал орнататын кез келді. Елдегі жағдайдың өзіңізге тиімді жағын тауып алыңыз.

Ең бірінші жоспар құрудан бастаңыз. Жеке дамыту жоспарын құрып, алдағы уақытыңызды дұрыс пайдаланыңыз. Дағдарысты жағдайдан кейін оң өзгерістер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады. Атқаратын жұмыстарыңыздың тізімін жазыңыз. Сонда миға бағдарлама орнап, жоспарларыңыз жинақыланып, іс ілгерілейді.

Бұл әрекетіңізбен ойлар тууға жағдай жасайсыз. Отбасыңыздың және өзіңіздің бос уақытыңызды пайдалы өтуіне жағдай жасаңыз. Мақсатыңыздың орындалуы үшін қиялға актерлік шеберлігіңізді қосыңыз.

Отбасындағы ахуал әйел адамға көбірек байланысты екенін ұмытпаңыз Отбасында ортақ іспен айналысу, бір мақсатқа ұмтылу қарым-қатынастың жоғары деңгейіне әкеледі. Белсенді болыңыз. Осы уақыт сізді өсіруге арналған деген бағдарламамен кітап оқып, марафон, вебинарларға қатысып өзіңізді қамшылаңыз.

Жаман ойларды карантинде жабыңыз. Ресми дәлелденбеген ақпараттардан аулақ болыңыз, өйткені, жағымсыз ақпарат санаңызда қалары анық. Отбасыңызбен кинотерапия жасаңыз. Киноны да жай көрмеңіз, өзара сараптаудан өткізіңіз. Кино несімен ұнады? Негізгі идеясы неде? Өзіме қандай жағын алдым? Осы сауалдар төңірегінде талдау жасап, ұнаған цитаталарды жазып алыңыз.

Өзіңізге қараңыз, үйде әдемі киініп, күтім жасап, денсаулықтарыңызға қарап, үй жағдайында өзіңізді дамытуға көңіл бөліңіз. Психологияда "отзеркаливание" деген түсінік бар. Басқа жаннан жаман қылық көріп тұрсаңыз, ол сіздің де бойыңызда бар дүние. Ендеше, өзіңізді дамытыңыз.

Жалпы, осындай дағдарыс жағдайында көп нәрсе өзгереді. Қоғамда, қарым-қатынаста болсын. Бастысы, уақытша жағдайды өткеріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Жан дүниелеріңіз сауболсын.

Талап пен тәртіп аяқ астынан өзгерді. Түк те алаңдамаңыз. Бұл сіздің ақыл-парасатыңыз бен күш-жігеріңізді сынайтын шақ.

Өзіңізге арнап күнтізбе жасап көріңіз. Ең алдымен тазалыққа ерекше көңіл бөліңіз. Тәніңіз бен жан-жағыңыз, жүрген ортаңызды зарарсыздандыратын қоспамен тазалаңыз. Бір нәрсені қайталай беру зеріктіріп жіберетінін естен шығармаңыз. Сондықтан, алғашқы күнді спортпен шұғылдануға, екінші күнді фильм көруге арнаңыз. Үшінші күні аспаздық қырыңызды сынаңыз. Отбасы мүшелерін жақынырақ танып, қызығушылығына мән беруге тырысыңыз. Шүйіркелесіп әңгімелесіңіз, сырласыңыз. Денеңізді рахатқа бөлеу үшін тұзды суға шомылыңыз.

Өмірде кез келген жағдай қайталанатыны сияқты карантин бұған дейін де болған. Мысалы, 1830 жылы Ресейде холера эпидемиясына байланысты карантин жарияланған. Сол сәтте орыс әдебиетінің негізін қалаушы Александр Пушкин Мәскеуге кіре алмай, Болдино селосында қалып қалған. Орыс ақыны «үй қамақта» өткізген үш айда «Евгений Онегин» өлең-романының соңғы бөлімдерін, «Кішкентай трагедия» циклі мен «Белкин хикаяларын», 30-дан аса өлең, «Коломнадағы үй» поэмасын жазып шығады.

Осылайша, ол карантинде өткізген уақытын шығармашылығындағы ең жемісті, шабытқа толы сәттерге балаған. Үйде отыру арқылы шығармашылық шабыты оянған жалғыз адам ол емес. Мысалы, 1665 жылы ағылшын жерін оба эпидемиясы жайлайды. Кембридждің Тринити колледжінде сабақ тоқтатылып, ұстаздар мен білімгерлер үйлеріне таратылады.

Солардың арасында Исаак Ньютон да бар еді. Жас ғалым кітаптары мен қажетті құралдарын алып, туған жері Вульсторпқа аттанады. Өзінің ең негізгі жаңалықтарын дәл осы кезде ашқан.

Карантин – шығармашылық адамдары үшін рухани кемелденуге жол ашатын мезгіл. Шығарма тыныштықта туады. Көп тіл білудің маңызы зор. Бұл орайда, шет тілін меңгеруге арналған көптеген онлайн сайттар бар. Мысалы, www.cambly.com сайты арқылы мұғалімдермен сөйлесіп, ағылшын тілін меңгеруге болады. Сонымен қатар, Duolingo мобильді қосымшасы бірнеше тілдің дұрыс оқылуы мен айтылуын үйретеді.

Сонымен, халайық, жаны саудың – тәні сау екенін ескере отырып, психологтің кеңесін кәдеңізге жаратыңыз.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы