ЕСІК ҚАЛАСЫНДА КОРОНАВИРУСТЫ ЖЫЛДАМ АНЫҚТАЙТЫН ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.05.2020
Оқылды: 879
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Есік қаласында орналасқан Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана базасында полимеразды тізбектік реакция (ПТР) зертханасы ашылды. Бұл игі іс Алматы облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының бастамасы бойынша жүзеге асты. Оған «Birgemiz Jetisy» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетті. Нәтижесінде, жұқпалы ауру белгілерін үлкен дәлдікпен анықтайтын зертхана өз жұмысын бастады.

Денсаулық сақтау басқармасының ПТР-зертханасын дәл осы ауруханадан ашуының өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – оңтүстік аймақтағы ең ірі медициналық мекеме. Мұнда инфекциялық ауруларға қарсы үш стационар үздіксіз жұмыс істеуде. Оның біріншісі – карантиндік стационар. Аталған бөлімге 13 наурыздан бері 140 пациент жатқызылса, бүгінгі таңда оның 100-і сауығып шыққан. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап жұмысқа кіріскен провизорлық стационардың қызметі де талапқа сай. Инфекциялық стационарда да дәрігерлер қауіпті дертпен күні-түні күресуде. Ол туралы аурухананың бас дәрігері Жәмилә Әбеуова өз ойын ортаға салды.

– Ауданда соңғы бір аптаның ішінде коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелмеді. Жағдай тұрақты. Инфекциялық бөлімде 29 наурыздан бері коронавирусқа шалдыққан 84 адам ем-дом қабылдады. Қазіргі таңда олардың тең жартысы ауруларынан айығып, үйлеріне шықты. Тек 36 науқас қана әлі ем қабылдауда. Инфекциялық бөлімде Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары ғана емес, көрші аудандардан да вирус жұқтырғандар келіп түсіп жатыр. Өздеріңіз куә болып отырған ПТР-зертханасының ашылуы дәрігерлерге де, емделушілерге де зор мүмкіндік туғызып отыр. Енді алысқа сабылмай-ақ аз уақыттың ішінде ауру белгілерін анықтайтын дәрежеге жетіп отырмыз. Сондықтан, облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Жәмилә Санаққызы.

Жаңадан ашылған ПТР-зертханасы инфекциялық бөлім ғимаратының жеке блогында орналасқан. Зертханаға тәжірибесі мол, арнайы дайындықтан өткен білікті мамандар таңдап алыныпты. Солардың бірі – вирусолог Замира Сабирова. Оның айтуынша, ПТР-зертханасының жұқпалы ауруларды анықтау дәлдігі 99 пайызды құрайды. Жеті сағаттың ішінде анализ қорытындысы дайын болады. Зертхана бір тәулікте 500-ге жуық сынаманы анықтап шыға алады екен. Зертхананың дер кезінде ашылғаны адамдар арасында коронавирус инфекциясының таралуына шектеу қояды деген үміттеміз. Өйткені, ауру жылдам анықталса, оның жолы да оңай кесіледі.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы