Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫНЫҢ ҮШ ӨҢІРГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Уақыты: 21.05.2020
Оқылды: 289
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында карантиндік шараларды бірте-бірте босаңсыту жалғасады. Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуы тоқталмаған аймақтарды қоспағанда (Талдықорған, Талғар, Кеген), аудандар мен қалалар арасындағы блокпосттар алынып жатыр. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі мәлімдеді.

Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, қоғамдық моншадан басқа моншалар, сауналар, массаж орталықтары және басқа да қызмет көрсету нысандары жұмыстарын бастады.

Мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтары (жасы бойынша) ашылады, шағын комплектілі білім орталықтары, үйірмелер (жазылу бойынша) қызметкерлері мен балалардың денсаулық жағдайына бақылау жасай отырып (термометрия) және ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балаларды шеттете отырып өз жұмыстарын кіріседі.

Құтқарушыларды, техникалық қауіпсіздікке жауаптыларды дайындайтын және қайта даярлайтын мамандандырылған оқыту орталықтары, сол сияқты күзет және басқа да арнайы ұйымдар жұмыстарын қайта жалғастырады.

50 орынға дейінгі стадиондар ашылады. Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы жұмысын бастайды.

Бұл ретте қоғамдық орындарды, өнеркәсіптік аумақтарды, әуежайларды, аулалардағы балалар алаңдарын және басқа да нысандарды санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жалғасады. Барлық нысандарда санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтіліп, бетперде кию режимі қатаң сақталуы тиіс.

Аталған қаулы 2020 жылғы 18 мамырдан бастап күшіне енген. Айта кетейік, коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа деректерінің тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық ахуалдың күрделі жағдайы сақталып отырған Талғар, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласына бұл қаулының қатысы жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"