ТАЛДЫҚОРҒАН: ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЗЕРТХАНАМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 23.05.2020
Оқылды: 1132
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысына ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИНМЕН бірге орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ та келді. Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғандағы жаңа салынып біткен медициналық зертхананы көруге барды. Зертхана - Алматы облысы бойынша 7-ші талдау мекемесі.

Аталмыш мекеме коронавирус індетін анықтауға да арналған. Сондықтан, бүгінгі күні COVID-19 инфекциясына күніне 2500 зерттеу жасалса, осы жаңа зертхананың арқасында бұл көрсеткіш 3000-ға жеткізіледі. Ал жалпы облыста бүгінге дейін 38 мыңнан астам зерттеу жасалған.

Мұнда сырқаттанушыларға кеңес беру кабинеттері де бар. Зертхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, мұнда жеке компанияның өзінің ақылы қызметімен бірге мемлекеттік тапсырыс та орналастырылатын болады. Мұның ішінде "Олимп" зертханасына замануи аппараттар қойылады. Маммографиялық тексеру кабинеті жұмыс істейді.

Құрылысы аяқталған нысанды аралау барысында Ералы Лұқпанұлы Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтан аймақтағы коронавирус індетінің таралу жай-күйін сұрады. Тұрғындар арасында тест бойынша тексеру жүргізуді тоқтатпауды тапсырды. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ инфекциялық ауруханалар, онда ем алып жатқан адамдардың бүгінгі жағдайы жайлы ақпарат берді.

- Коронавирус жұқтырған және олармен қарым-қатынаста болғандар алгоритм бойынша медициналық бақылауда. Ем алушылардың жағдайы қалыпты. Ауыр халде жатқандар жоқ. Сауыққандарды емдеу орнынан шығарып жатырмыз, - деді Бауыржан Ербозымұлы.

Нысанды аралап, жай-жапсарымен танысқан Ералы Лұқпанұлы зертханалық қызметтің бағасын өсірмеуді тапсырды. Қызмет тұрғындардың қалтасына ауыр тимеуін назарда ұстау керектігін айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы