ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ КҮШЕЙТІЛГЕН КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛА МА? ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Уақыты: 23.05.2020
Оқылды: 1536
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласы коронавирустың өршуіне байланысты күшейтілген карантинге жабыла ма? Бұл жайында Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы жауап берді.

«25 мамыр күні Талдықорған қаласы 100 пайыз карантинге жабылады деген ақпарат жалған. Бұл шындыққа жанаспайды», - деп жазды өзінің Instagram парақшасында Нұр Қанатұлы.

Айта кетейік, соңғы 10 күннің ішінде Талдықорған қаласында коронавирус жұқтырғандардың саны жылдам өсті. Ең алғашқы жағдай 14 мамыр күні тіркелді.

Қала карантинге жабылмағанымен, практикалық шаралар күшейтілді. Бұл жайында:

- Облыс орталығына кіреберістерде 4 санитарлық бекет тұр. Қазіргі уақытта бекеттегі полицейлердің саны артып, бекет жұмысына 40 қызметкер жұмылдырылған. Көліктердің белсенді қозғалысы «Алматы-Талдықорған», «Текелі-Талдықорған», «Үштөбе-Талдықорған» санитарлық бекеттерінде тіркелді. Дегенмен, аталған орындарда көлік кептелісі жоқ екенін атап өту қажет, - дейді Талдықорған қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Санитарлық бекеттерде тәртіп сақшылары облыс орталығына кіруге ниетті азаматтардың қалада тіркеуде екенін тексереді немесе қалаға кіруге берілген рұқсат құжаттарын қарайды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы күшіне енген сәттен бастап, яғни, 17 мамырдан бүгінге дейін 8207 автокөлік пен 18568 азамат тексерілген.

- Сондай-ақ, індет жұқтырған тұлғалар мен олармен байланыста болғандардың, провизорлық, карантиндік стационарлардың және үй карантиніне жатқызылған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайын тәулік бойы оқшаулау жүзеге асырылуда. Басты назар халық арасында карантиндік шараларды сақтау, оның ішінде бетпердені үнемі тағу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударылып отыр. Бақтарда, гүлзарларда рейдтер жүргізіліп, тұрғындардың топталып жүрмеуін қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Күн сайын сауда орындарында да рейдтер жүргізіліп, Талдықорған қаласы бас санитарлық дәрігері қаулысының орындалуы тексерілуде, - деп толықтырды полковник Асқар Нұрсапа.

Полицейлер індеттің жаппай таралуының алдын алу үшін жеке санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және карантин ережелерін бұзбауды сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан