АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КАРАНТИН РЕЖИМІ ТАҒЫ ДА ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Уақыты: 26.05.2020
Оқылды: 1035
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

COVID-19 инфекциясының таралуы соңғы 7 тәулікте 7 пайыздан асқан Талдықорған қаласы, Талғар, Кеген аудандарынан басқа Алматы облысының өңірлерінде карантин шараларын кезең-кезеңімен босаңсыту жалғасуда. Бұл туралы Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа шыққан Қаулысында мәлімделді. Қаулының толық мәтіні Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Жаңа қаулыда айтылғандай, жабық ғимараттарда, соның ішінде, сауда орындарында, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлік аялдамаларында және басқа да халық көп жиналатын орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтаулары, бірі-бірінен екі метрдей қашықтық ұстануы тиіс.

Барлық жерде, сол қатарда қоғамдық көлікте бетпердесіз жүруге болмайды. Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (мұрын бітелуі, түшкіру, дене қызуының көтерілуі) байқалған кезде үйден медициналық көмекке жүгініп, 103 нөмірімен жедел медициналық көмек шақыру керек. Тұрғылықты жерден сыртқа еркін шығу, саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға, елді мекеннен саяжайларға, қала шетіндегі тұрғын-жайларға барғанда бір отбасы мүшелерінен немесе 3 адамнан артық шығуға әрі бетпердесіз жүруге болмайды, әлеуметтік қашықтық сақталуы тиіс.

Жаңа қаулы талаптарына сәйкес, 30 адамға дейін қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орындары (жазғы павильондар да) келушілерді әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызу, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді орындау негізінде іске кіріседі. Ал 30-дан артық орындарға қызмет көрсетуші қоғамдық тамақтану орындары өз жұмысын тұтынушыға тауарды (тағам, сусын, және басқа) бір реттік пайдалану қаптамасымен қаптап жеткізу жолымен жалғастыра береді.

Көрерменсіз 50 орынға дейінгі ашық стадиондар, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып спорт нысандары (50 адамға дейінгі спортшылар үшін), Токио Олимпиадасына және Параолимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларын дайындау үшін оларды пайдалану кезеңінде ғана Ұлттық олимпиада комитетінде аккредиттелген спорттық базалары жұмыс істейді.

Сол сияқты халықтың орналасып, тұруына қызмет көрсету саласындағы нысандар (қонақүйлер, отельдер) мен туризм нысаналары, қызметкерлер мен балалардың денсаулық жағдайына бақылау жүргізе отырып (дене қызуын өлшеп), ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балаларды шеттете отырып және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, балалардың коррекциялық кабинеттері (алдын ала жазу бойынша), әлеуметтік қашықтықты, желдету режимін және санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып діни нысандар жұмысын бастайды.

Жоспарлы медициналық қызмет көрсету жалғасады. Бұл орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы барлық медициналық ұйымдарды бөле отырып, инфекциялық стационар қағидаты бойынша жұмыс істеуін, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында пациенттердің барлық ағымының дене температурасын өлшеу үшін тепловизорлармен қамтамасыз ете отырып, шлюздер ұйымдастыруды, көп бейінді ауруханалардың қабылдау бөлімінде пациенттердің күнделікті ағымын хирургиялық және терапиялық бейіндер бойынша бөлуді қамтамасыз етуге тиіс.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"