ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА КОРОНАВИРУСТАН ЕМДЕЛГЕН АЗАМАТ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 28.05.2020
Оқылды: 949
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жамбыл ауданында коронавирус індетін 14 адам жұқтырған болатын. Олардың барлығы да арнайы ауруханаларда қажетті емін алып, аман-есен жазылып шықты. Аурудан айыққандар бүгінде өз отбасыларының ортасына оралды.

Аудандық орталық аурухананың эпидемиологі Гүлманат Хасенованың айтуынша, дерттен арылғандардың денсаулықтары қазір жақсы. Бәрі де үй карантинінде, тұрғылықты жері бойынша тиісті учаскелік дәрігерлердің тұрақты қадағалауына алынған. Араларындағы жұмыс істейтіндердің алды өз кәсібіне оралып та жатыр. Оқудағылары сабақтарын онлайн тәртібінде жалғастырыпты. Ал зейнет жасындағы жандар болса балаларының ортасында ұрпағының аман-саулығын тілеп жүріп жатқан жайы бар.

Біз олармен тілдесіп, әлемді дүрліктірген қауіпті вируспен бетпе-бет келгендердің жеке пікірін білсек деп едік. Алайда олардың барлығы дерлік газет тілшісімен тілдесуден үзілді-кесілді бас тартты. Араға дәрігер маманды салып жатып, қаласаңыздар, аты-жөндеріңізді де, мекенжайларыңызды да көрсетпей-ақ қоялық дегенімізге де көнбеді.

Әрине, бұл олардың құқығы. Дегенмен, ішінен бір азамат осыған көнді. Онда да бізбен тікелей байланысқа шықпай, айтарын дәрігер арқылы жеткізді. Оның аты-жөнін, жұмыс орнын және қай ауылдың тұрғыны екенін жария қылмаймыз деген шартты сақтай отырып, әңгімесін қағазға түсірдік.

Ол - осы аудандағы бір ауылдың тұрғыны. Алматыда жұмыс істеп жүргенінде вирус жұқтырыпты. Өйткені, Алматы қаласы карантинге жабылғанға дейін жұмысына күнделікті барып-келіп жүрген. Елімізде төтенше жағдай тәртібі жарияланғаннан кейін көп ұзамай дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Дәл сол күндері егер сырқаттанып қалсаңыз, емханаға бармаңыз, дәрігерді үйіңізге шақыртыңыз деген тәртіп енгізілген еді. Солай істеді. Үйіне келген учаскелік терапевтің бастапқыда қойған диагнозы бойынша қажетті шаралар қабылданады. Аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылып, жеке өзін оқшаулайды. Коронавирусқа күдікті ретінде сараптама алынады. Сараптама қорытындысы оң нәтиже бергендіктен, одан кейінгі шаралар жасалады.

Отбасы мүшелері түгелдей 14 күндік провизорлық стационарға жатқызылып, туыстары және қарым-қатынаста болғандар анықталып, барлығынан екі реттен сараптама алынады. Шүкір, барлығы да аурудан аман екен. Ал ол болса өзінің дәм сезу, иіс сезу қабілеті нашарлағанын байқайды. Тамағының үстіңгі жағы қызарып, тілінің түсі өзгергенін көреді. Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделеді. Сонда жатқан 14-15-ші күні екі рет қайталай алынған сараптама нәтижесі оның аурудан жазылып шыққанын көрсетеді. Үйіне шығарылып, тағы да 14 күндік үй карантиніне алынады. Содан 14-ші күні қайтадан екі рет сараптама алынып, теріс нәтиже көрсетеді. Осылайша, аурудан толық айыққандықтан, үй карантинінен сәтті шықты, енді жұмысын бұрынғыдай алаңсыз жалғастырмақ. Қазір денсаулығына ешқандай шағымы жоқ.

Жазылып шыққан адам дәрігерге шынымен де, бұл аурудың денсаулыққа, өмірге қауіпті екенін айтқан. Бірақ бұған сенбейтіндер бар. Емделіп шыққан азамат әлеуметтік желіден неше түрлі дүниелерді көріп, тыңдап алып, бұл осылай екен, өтірік екен деп салғырт қарамауға шақырған. Дәрігерге:

- Мемлекет деңгейінде айтылып жатқан сақтық шараларын қатаң сақтайық дегім келеді. Ол қиын емес қой. Тек ниет керек. Көшеге аса қажеттілік болмаса, шықпай-ақ қойыңыз. Қыдыру, туысқандарымызға қонаққа бару дегенді қоя тұруымыз керек. Шыдайық. Ол ең алдымен өзімізге керек. Адам көп жиналатын орындарға, дүкенге, базарға барған екенсіз, бетперде тағыңыз. Адамдармен арақашықтықты сақтаңыз. Залалсыздандыратын сұйықтықпен қолыңызды жуып-шайыңыз, - деп жауап берген ауруынан айыққан азамат.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды