Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАСЫ 65-ТЕН АСҚАН АЗАМАТТАР НАЗАРЫНА! БАС САНИТАР МӘЛІМДЕМЕСІ

Уақыты: 20.06.2020
Оқылды: 455
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемде коронавирус инфекциясы пандемиясы жалғасуда. Алматы облысында вирус жұқтырғандардың саны 554-ке жетті (19 маусым, 2020 жылы), соңғы аптада өсім қарқыны 6 пайызды көрсетті. Карантиндік шаралар босағанға дейін бұл көрсеткіш, білесіздер, 2,5 пайыздан аспаған. Көрсеткіштің өсу себебі - қала және облыс тұрғындары карантиндік шектеу шараларына немқұрайды қарауы. Сол себептен, 20 маусымнан бастап Алматы облысында карантин шаралары күшейіп, менің №17-ші Қаулым (толық танысу үшін үстінен басыңыз) өз күшіне енді.

Жаңа қаулыға сәйкес, Талдықорған қаласында саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, бассейндердің жұмысы тоқтады.

2020 жылғы 20-21 маусым аралығында Алматы қаласы маңындағы Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының және Қапшағай қаласының туристік аймақтары қонақтарды қабылдауын тоқтатады. Сенбі-жексенбі күндері демалушылар санының көбею қарқыны бар. Айта кетейін, бұрын келген демалушылар аймақтарда демалуын жалғастырады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы онлайн форматқа көшеді.

Туристік нысандардың кіреберісінде дезинфекциялық тосқауылдарды және тоннельдерді орнату қамтамасыз етілуі тиіс.

Қоғамдық көлікке бетпердесіз, орындықтар толтырғаннан кейін жолаушыны кіргізбейтін қызметкермен (кондуктормен) қамтамасыз ету қарастырылады.

Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың 80 пайызы қашықтықта жұмыс жасауға жіберілген болатын, соған қарамастан, аурудың тіркелуі жалғасып жатыр. Ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар оқшаулануда. Жаңа Қаулыда осы мәселені қарастырып, негізгі және қосымша топ, басшылық және атқарушы құрам қатарын ұйымдастыру ұсынылды.

Санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, білім бағытының (ҰБТ, олимпиадалар, түсу және бітіру емтихандары) барлық түрлерін жүргізуге рұқсат етіледі.

Тұрғындар саны 50 мыңнан астам елді мекендерде қоғамдық орындардың: саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, аквапарктердің жұмыс істеуі тоқтатылады.

Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеге шығуы шектеледі.

Кәмелетке толмаған балалардың үлкендерсіз жүруіне тыйым салынады.

Қала және аудан әкімдері, облыстың денсаулық сақтау басқармасы қосымша жұқпалы және провизорлық төсек-орын бөлуді қамтамасыз етуі тиіс. Облыстық клиникалық аурухана инфекциялық және провизорлық станционар болып жұмыс істеп жатыр.

Барлық қойылған талаптарды орындауларыңызды сұраймын. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!

Өз мамандығына адал адамдар – медицина қызметкерлері. Күнге де, түнге де қарамай, жұртшылық алдында өз борышын бұлжытпай орындап жүр. Адал еңбектеріңіз бен шыдамдылықтарына рахмет айтамын.

Отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық, баянды бақыт және жаңа табыстар тілеймін!

Қайрат БАЙМҰХАМБЕТОВ,

Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері