"БІРНЕШЕ КЕЗЕҢІ БАР": КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА ҚАШАН ШЫҒАДЫ?

Уақыты: 02.07.2020
Оқылды: 1588
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Төрткүл дүние ойламаған жерден үлкен сынға ілікті. Не дауасы, не емі жоқ ауру жер-жаһанды шарлап, сырқаттанғандар саны күн санап өсіп келеді. Әбігерге түскен әлем коронавирусқа қарсы вакцина іздеп, әлі күнге дейін оны таба алмай әлек. Осы уақытқа дейін де Марбург, Эбола вирусы, АИТВ (ВИЧ), оспа, Хантавирус секілді аты жаман індеттер адам өміріне үлкен қауіп төндірді. Десе де, оларға қарсы вакцина ойлап тауып, аурудың алдын алдық. Дәл қазір коронавирустың жаңа түрі Covid-19-ға қарсы вакцина жарты жылдан бері әлі шықпады. Дәл осылай жалғаса берсе, болашағымызды елестетудің өзі қиын.

Қазақ топырағана да ауыз салған індеттің алғашқы кезеңінде төтенше жағдай енгізіліп, сақтық шарасы күшейді. Шекара жабылып, барлық бағыттағы қозғалыс тоқтатылды. Соның арқасында пандемияны ауыздықтап, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аладық. Алайда төтенше жағдай біте салысымен, карантиндік режим сақталмай, вирустың таралуы 7 есе өсті.

Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Онда көкейде жүрген көп мәселе қозғалып, кеткен кемшіктер, шұғыл артқарылуы тиіс нақты шаралар сөз болды. Кеңесте айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Иә, бұл – қауіпті ауру,  оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Ал науқастанып қалғандар сары уайымға, пессимизмге  салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлан-таза айығып кетуіне жол ашады. Денсаулық сақтау министрлігі мен санитарлық сала дәрігерлерінің  ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Оның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған. Сіздерден бұл талаптарды қатаң сақтап, жақын апталарда қабылдауға тура келетін қатаң шараларға түсіністікпен қарауды сұраймын», ­ деген сөзі вирустың таралу қарқынын азайтуға бағытталған нұсқаулық әрі Президент ретіндегі қамқорлығы екенін білдіреді.

Сондықтан, «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қағиданы басшылыққа алып, қауіпсіздік шарасын қатаң ұстануға тиіспіз. Ол үшін ең әуелі сабырға келіп, ауырып қалған күннің өзінде қорқынышқа бой алдырмауымыз керек. Дәл қазіргі уақытта коронавирустың емі – жақсы көңіл-күймен қатар сақтық шараларын қатаң ұстану.

Бүкіл әлемді алаңдатып отырған сауал: Вакцина қашан пайда болады? Қалыпты өмірге қашан көшеміз? Вирустың енді қанша толқыны күтіп тұр?

Иә, ең алдымен вакцина мәселесі күн тәртібінде бірінші орында тұр. Әлемді құтқару үшін шамамен 5 миллиард дозада коронавирустық вакциналар шығарылуы керек. Қазірдің өзінде жер шарында 10 миллионнан астам адам вирус жұқтырып, 500 000-нан астамы көз жұмды. «Жарты жылдан бері неге вакцина шықпады? Оны ойлап табу соншалықты қиын ба? Әлем мамандары неге қарап отыр?» сынды сауалдар ел арасында желдей есіп жүр.

Әдетте осы вирусқа қарсы вакцина ойлап табу он жылға жуық уақытты алуы мүмкін екен. Бұл туралы «The New York Times» газеті хабарлады. Себебі, вакцина әзірлеу процесі бес кезеңге бөлінеді. Олар: иммундық реакцияны анықтау үшін жануарларға вакцина енгізіп, клиникалық зертеулерге дейінгі кезең; Содан кейін ғана адамдар арасында қауіпсіздік сынағы басталады. Вакцина иммундық реакцияны растау және дозаны анықтау үшін беріледі; Үшінші кезеңде жүздеген адамға вакцина тағайындалады және жас топтарына бөлінеді; Келесі қадам – ​​тиімділікке арналған сынақ, вакцина қазірдің өзінде мыңдаған адамға қолданылып, жанама әсерлері қайта қаралды; Соңғы кезеңде зерттеу нәтижелерін тексеріп, вакцина тағайындалады. Осы процесті жеделдету үшін көптеген компаниялар зерттеу кезеңдерін біріктіріп, оларды бір уақытта жүргізуді қолға алды. Соның ықпалымен вакцина коронавирустың екінші толқынында, яғни, қазан айының соңында сатылымға шығуы мүмкін.

Ханс КЛЮГЕ,

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры:

– Дәл қазір Covid-19-ға қарсы не вакцина, не нақты ем жоқ. Аурудың таралып, таралмауы адамдардың жүріс-тұрысы, өзін-өзі басқаруына байланысты. Сондықтан, сақтық шарасын қатаң ұстану керек. Маған «Әлем бұрынғыдай бола ма?» деген сұрақ көп келеді. Жауабы: «болмайды». Әлем өзгереді. Адамдардың өмір сүру салты өзгереді. Бізді коронавирустың әртүрлі толқыны күтіп тұр. Сондықтан, алдыға жылжып, сосын қайтадан артқа шегінуге тура келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгенің пікірінше вакцина шығару жарты жыл уақытты алуы мүмкін. «Неге жарты жыл?» екенін айтқан ол: «Өйткені, вакцияна ауырған адамдарға бірден әсер етуі керек. Әрі ол қауіпсіз болуы шарт. Осы тұрғыда назар аударуға тиіс екі маңызы нәрсе бар. Біріншісі, вакцинаға қол жеткізгенге дейін сақтық шарасын қатаң ұстануға міндеттіміз. Екіншісі, вакцина пайда болғаннан кейін ол бүкіл әлем бойынша қол жетімді болуы тиіс. Бұрынғыдай кім ақшасын төлей алса, сол ғана пайдаланбау керек. Дәл қазір оны қай мемлекет бірінші болып шығаруы маңызды емес, маңыздысы бәріне бірдей қолжетімділігінде», – деді.

Осы тұста сіздерді «Вакцина Қазақстанда шығуы мүкін бе?» деген сауал мазалайтыны ақиқат. Иә, шығару жоспарда бар. Бірақ вакцинаны Жамбыл облысында әлі салынып бітпеген зауыт аумағында шығаруы керек. Ол зауыттың құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сонда ғана жылына 60 миллион доза биофармацевтикалық препараттарды шығару жоспарлануда.

Бір ғана Ресей Федерациясында коронавирус инфекциясына қарсы 47 вакцина жасалып жатыр. Оның үш прототипі сынақтан сәтті өтті. Оның бірі биылғы жылдың 21 мамыр айында әзір болған. Вакцина «ЭпиВакКорона» деп аталады. Қазір ол клиникаға дейінгі зерттеуге арналған. «Вектор» ғылыми зерттеу орталығының бас директоры Ринат Максютов  вакцинаны трансгенді тышқан мен маймылға қолданып жатқанын айтты. Дайын дәрі оң әсер берген. Енді кезекте клиникалық зерттеу жұмысын 18 бен 60 жас аралығындағы адамдарға (ерікті) жүргізу осы айға жоспарланған.

Ескерер жайт, ерікті бұрын коронавиуспен ауырмаған адам болуы керек. Зерттеу жұмысы қыркүйек айының ортасында аяқталады деп күтілуде. Алайда бұл сырқат тек үлкендерге ғана емес, балаларға да жұғып жатыр. Ринат Максютов «ЭпиВакКорона» вакцинасы балаларға да арналып шығатынын мәлімдеді. Ол тек келесі клиникалық зерттеу кезінде ғана анықталады. Егер барлығы оң нәтиже берсе ғана балаларға арналған клиникалық зерттеу 2021 жылдың басында басталмақ.

Леонид ЭЙДЕЛЬМАН,

профессор, Әлемдік дәрігерлер ассоциациясының экс-президенті:

– Бұл вируспен күрес тез арада тоқтамайды. Коронавирус бізбен біраз уақыт бірге өмір сүреді. Оны зерттеуді тоқтатпаймыз. Ол маусымдық мінез көрсетуі мүмкін. Әсіресе, қыс пен көктемде, яғни, ауру асқынған кезде. Қарапайым тұмау мен қатар коронавирус бірге жұқса, үлкен қиындық тудырады.

Көршілес Қытай елінде әзірленген COVID-19 рекомбинанттық вакцинасы әскерилерге қолдануға рұқсат етілді. Ad5-nCoV рекомбинантты COVID-19 вакцинасы әскерилерге ғана арналғандықтан, оны қолдану үшін Қытай Халық Республикасы Орталық Комитетінің тиісті бөлімінен жеке рұқсат қажет. Қытайда жасалған вакциналар осы жылдың соңында немесе одан ертерек нарыққа енуі мүмкін. Вакциналар әлі де болса клиникалық зерттеудің үш сатысынан өтуі керек. Егер тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденсе ғана вакцинаны нарыққа шығаруға болады. Қазіргі уақытта алты вакцина Қытайдағы клиникалық зерттеулерге қабылданған.

Коронавирус жердің алты құрлығына да өз таңбасын қалдырады. Оның салдары ел есінен ешқашан өшпейді. Бұдан былай адамдар санитарлық талаптарды сақтауды, қауіпсіздікді қамтамасыз етуді санасына мықтап сіңіреді. Есесіне, алдағы уақытта да пайда болатын осындай індетпен күресуге бейім келеміз. Бұл індет бәріміз үшін үлкен сабақ болмақ. Бардың қадірін ұғыну, ысырап етпеу, денсаулықты сақтау мен салауатты өмір сүру салтын ұстануға жол ашады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды