КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕМІ: «ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТ ІШКЕН ДҰРЫС»

Уақыты: 04.07.2020
Оқылды: 1160
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгінгі таңда әр адам үшін коронавирус, пневмания сынды жұқпалармен күресу, оның алдын алу басты мәселе болып отыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, әлемді дүрліктірген аталмыш індеттен қорғану – баршамыз үшін басты міндет. Осы орайда Талдықорған қалалық емханасының эпидемиолог-дәрігері Айгүл Смайылованы сөзге тартып, көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойған едік.

– Айгүл Мұсағұлқызы, коронавирустық жұқпадан қорғану, оның алдын алу ретінде көпшілікке қандай кеңес айтасыз? Нендей сақтық шараларын ұсынар едіңіз?
–  Бүгінгі таңда пандемиямен күрес әрбір адам үшін көкейкесті мәселе деп білемін. Коронавирус тез арада аурудан сау адамға тарайтын жұқпалы індет болғандықтан әркім одан қорғану жолын жақсы білуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте үйден шықпаудың қамын жасау керек. Қазіргі жағдайда қоғамдық орынға, сауда нүктелеріне, қонаққа барудың еш қажеті жоқ. Егер бес-алты адам қатар келе жатса немесе бір жерде топтанып тұрса, солардың ортасында ауырып тұрған азамат болса, басқаларға бірден жұғып кету қаупі жоғары. Сондықтан да көпшілік ортаға бармау қажеттілігі туралы жиі айтудамыз. Бұл ауа арқылы тарайтын ауру болғандықтан адам түшкірген, жөтелген кезде аузынан, мұрнынан шыққан деммен бірге вирустың қоздырғыштары сыртқа тарайды. Осы кезде сау адам әлгі ауамен тыныстайтын болса, бірден жұқпаны жұқтырып алады. Екіншіден, жеке басының гигиенасын сақтап, жиі-жиі қол жуу, бетперде тағу ережелерін қатаң ұстауы қажет. Қолды қатты немесе сұйық сабынмен жуып, антисептиктермен өңдеп тұрған дұрыс. Сонда вирус атаулы толықтай жойылады. Қазір дәріханаларда қолға құятын, бұрқыратып шашатын әртүрлі сұйықтықтар, спрей- лер, антисептиктер бар. Осыларды қолданып, барлық сақтық шараларын ұстанған жағдайда індетті жұқтыру қаупі 80-90 пайызға азаяды. Әр адам мұны өзінің денсаулығы үшін жасауы тиіс. Бірақ антисептиктерді қабылдай бермейтін иммундық жүйесі төмен, аллергияға бейім адамдар да бар. Олар ең болмағанда сабынмен қолдарын жиі жуып тұрса, қолға қонған әртүрлі жұқпаның қоздырғыштары азаяды. Сондықтан адам өз денсаулығына мұқият қарап, оны нығайтуға тырысу керек.
 – Індеттің алдын алуда бетперде қаншалықты қорғаныш бола алады?
– Ауаның құрамында әртүрлі вирус, бактерия, шаң-тозаң химиялық заттар,  көліктерден тарайтын түрлі газдар бар, осының бәрінен қорғайтын бетперде. Сау адам тыныс алғанда осы зиянды заттар адам ағзасына еніп кетпеуі үшін бетпердені қолданамыз. Ал эпидемиологиялық өршу кезінде оны киіп жүру міндет. Қазіргі таңда бетперденің түрі көп. Медициналық бетпердеден бөлек адамдар өздері әртүрлі матадан тігіп алып жатыр. Олардың сапалылығы қандай матадан тігілгендігіне, қаншалықты қорғай алатындығына байланысты. Ол мақта салынып дәкеден немесе бәтестен, әртүрлі синтетикалық матадан тігілген бетперде болуы мүмкін. Қандай бетперде болса да оны екі сағат сайын ауыстырған жөн. Өйткені, кірлеп кетеді де адамға зияндылығы арта түседі. Ал қолдан тігілген жағдайда үтіктеп барып пайдалану керек. Бетперде 100 пайыз адамның ағзасын індеттен қорғап қалмаса да алдын алу шараларының негізі болып табылады. Сондықтан әркім өзі үшін және айналадағы адамдарға да зиянын тигізбес үшін тағып жүруі тиіс. 
– Әлемді дүрліктірген осынау індетті құрықтаудың тағы қандай жолы бар? 
– Екі миллиардтан астам халқы бар қытай індетті үш айдың ішінде ауыздықтай алды. Өйткені, ондағы халық заңды екі етпей орындайды. Бетперде киіңіздер деді, киіп жүрді. Көшеге шықпаңыздар деді, шыққан жоқ. Ал бізде қалай? Халықтың жартысы көшеде жүр. Бәрі бірдей бетперде киіп, сақтық шараларын ұстанып жатқан жоқ. Ол аздай, пайдаланған бетпердені кез-келген жерге лақтыра салады. Тіпті қоқыс орнына да бей-берекет тастауға болмайды. Қоқыстарды қопаратын қаңғыбас адамдар бар, олар сол жерден қалдық тамақтар жинайды, тіпті сол бетпердені де алып пайдалануы мүмкін. Ол арқылы айналамызға екі есе зиян жасаймыз. Сол бетпердені киген адамға тастаған адамның ағзасындағы әртүрлі аурулар жұғуы мүмкін. Сондықтан біз қазір өзіміздің жеке бас амандығымызды ғана ойлап қоймай қоршаған ортадағы адамдарға жұқтырмаудың жолын іздеуіміз керек. «Егер мен ауырсам басқа адамдар да ауырсын» деген көзқарас дұрыс емес. Тіпті отбасында бір адам ауырса, қалғандарына жұқтырмау жайын ойлауы керек. Үйді таза ұстап, қайта-қайта жуып-шайып, барлық тазалық, қорғаныш шараларын сақтаған жөн. Ауырған адам жатқан бөлменің ауасын жиі-жиі алмастырып тұру қажет. 
– Адамның иммунитетін көтеру, аурумен күресу қабілетін жоғарылату үшін қандай жеміс-жидек, дәрумен, тағамдар тұтынғаны дұрыс?
– Қазір шілде айы, әртүрлі жемістің піскен кезі. Өзіміздің Жетісу жерінде өсетін жидек, алма, шие, құлпынай, таңқурай сынды жемістерде адам ағзасына қажетті дәрумендер көп. Осы жеміс-жидектерден тосап, қайнатпа жасап, шайдың орнына жиі-жиі ішу керек. Адам неғұрлым сұйықтықты көп ішсе, ағзасынан таксиндер көбірек шығады. Ол әртүрлі аурулардың алдын алып, әсіресе, тұмаудың, коронавирустық жұқпаның ағзадан тезірек шығуына әсер етеді. Сондай-ақ, таңқурай, қарақаттың жапырағы мен итмұрынның дәндерінен қайнатпа жасап, ішіп жүрсе де адамның денсаулығының нығаюына, ауруды жұқтырып алмауына кепіл болады. Бұларды қайдан аламыз деп қиналудың еш қажеті жоқ, әрбір дәріханада бар. 
– Бүгінгі таңда науқастардың көптігінен ауруханаларда орын жоқ. Көп адам үйлерінде ем қабылдауда. Оларға қандай кеңес айтасыз?
– Адамдар өздігінен ем-дом жасап, кез келген дәріні іше беруіне болмайды. Аспириннің өзі әр адамға әртүрлі әсер береді. Әрбір дәрінің қосалқы әсері болады. Сондықтан қазір бәріміздің қолымызда ұялы телефон бар, учаскелік дәрігерге қоңырау шалып, аурудың белгілерін айтып, үй жағдайында қандай дәрі ішуге болатынын сұрау керек. Дәрігердің тағайындаған дәрісін ғана ішу қажет. «Көршім ана дәріні ішіп, жазылып кетіпті, мен де соны ішейін» деуге болмайды. Әлеуметтік желілерде де көп тарап жатқан кеңестерге құлақ асып, емдік шаралар жасауға тыйым салынады. Ертеңгі күні ол дәрі кері әсер етіп, адамның жағдайы одан бетер күрделеніп кетуі мүмкін. Өзбетінше дәрі тағайындау –  адасу болып табылады. 
Ауырған адамға дәрілермен қатар міндетті түрде аскарбин қышқылы тағайындалады. Өйткені, ол адам ағзасындағы қан тамырларының тұтастығын нығайтады. Ал вирустың көздеген жері – адамның қан тамырларының тұтастығын бұзу. Сондықтан күнделікті аскарбин қышқылын тұтынып тұрған жөн. Көпшілік аспирин ішіп жатады. Ол адамның дене қызуының ары қарайғы көтерілмеуі үшін ішетін дәрі. Сонымен қатар, адамның қаны қоюланғанда сұйылту үшін де тағайындалады. Парацетомолдың құрамында да аспирин бар. Сондықтан дене қызуы көтерілген жағдайда ғана аспирин немесе парацетомолдың бір түйірін пайдалануға болады. Әрбір заттың өзіндік мөлшері, өлшемі болады. Сондықтан шамадан тыс қолдану одан сайын ауруды асқындыруы да мүмкін. 
Адам ауырған жағдайда немесе аурудың алдын алғанда аса семіз емес қойдың, жылқының етінің сорпасын ішу керек. Сорпаның құрамында еттегідей дәрумендер, ақуыздар бар. Адамның ағзасын нығайтуға, әртүрлі ауруларға төтеп беруге ет пен сорпа жақсы көмектеседі. Қымыз бен шұбаттың да иммундық жүйені нығайтатын қасиеті бар. Қымыздың құрамында ағзаға пайдалы дәрумендік заттар көп. Сондықтан мүмкіндігі барлар қымыз бен шұбат ішкені дұрыс. 
Кезінде туберкулез, басқа да аурумен ауырған адамдар таулы жерге барып, қымыз ішіп емделген. Қандай ауруға да қымыздың шипалық қасиеті мол. 
Осы айтылған кеңестерді ұстанып, барынша сақтық шараларын сақтап жүрген жағдайда ғана коронавирустық жұқпаны жұқтырмауға, ел болып індетті құрықтауға мүмкіндік бар. 
– Айтқан пайдалы кеңесіңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Алма ЕСЕНБАЕВА