«БЕТПЕРДЕҢІЗ БАР МА?»: АДАМДАР ӘЛІ ДЕ БЕЙҚАМ

Уақыты: 05.07.2020
Оқылды: 1707
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жамбыл ауданында коронавирустан қорғанудың тиісті шаралары қабылданып, індеттің таралуына жол бермеудің амалдары уақытында жасалды. Алайда соған қарамастан адамдар арасында әлі де бейқамдық бары байқалады. Бұған аудан орталығындағы адамдар көп жүретін сауда орындарын аралаған кезде көз жеткіздік.

Алдымен «Азия» сауда үйіне бардық. Мұндағы сақтық шаралары бірден байқалады. Ғимарат сыртына бетпердесіз кіруге болмайтыны туралы ескертпе жазу ілініп, ішке енгенде қолды залалсыздандыратын сұйықтық қойылған. Сауда үйінің қызметкерлері келген тұтынушыларға жеке қорғаныс құралдарымен қызмет көрсетіп жатты. Сатушы Еленаны сөзге тартқанымызда, тұтынушылардың басым бөлігі кейінгі уақытта сақтық шараларына баса мән бере бастағанын айтты. Күзетші бетпердесіз кіргендерден сақтық шараларын сақтауды талап етеді. Сол мезетте дүкенге бетпердесіз кіріп келген жігіт ағасын сөзге тартып, себебін сұрадық. Өзін Адалбек Нығметұлы деп таныстырған азамат дереу қалтасынан бетпердесін шығарып, күн ыстық болғандықтан қолайсыздық тудырғанын айтып ақталды. Ел ішін жайлаған індеттен сақтану қажеттігін қаншалықты сезінгені туралы сұрағанымызда, ол:
– Бұл індет расында да өте қауіпті екеніне көзім жетті. Көктемде елдің көбі бұған аса мән бермеген еді. Қазір ауру өршіп бара жатқанын естіп-біліп отырмыз. Тұмаумен ауырып жатқандар көбейді. Өзім де тұмауратып, сонау Айдарлы ауылынан дәрігерге қаралуға келген едім. Дәріханаларда керекті дәрілердің тапшылығын байқадым. Осындағы оншақты дәріханаға бардым, дәрігердің тағайындаған екі дәрісін таппай, қайтып барамын. Ауылымызда тұмауратқан адам көп. Сақтанбасақ болмайды, – деді. 
Орталық базар мен автобекет маңында әдетте адам қарасы қалың болатын. Карантиндік талапқа байланысты болса керек, орталық базар бұл күні жабық болды. Ал автобекеттің айналасында әртүрлі шағын сауда нүктелері жұмыс істейді. Осында көкөніс те, киім-кешек те, сусын да сатылады. Бұл маңда бетпердесіз жүрген адамдар кездесті. Сатушылардың арасында да бетпердесіз қызмет көрсетіп тұрғандары ұшырасты. Олардың сақтық шараларына неге немқұрайды қарайтындарын сұрадық. Шай, кофе, самса сияқты тағамдар ұсынатын дүңгіршекте өзін Нұрсұлу деп таныстырған азаматша тағамын деп ақталғанымен, бетпердесін әрі іздеп, бері іздеп сол күйі таба алмады. Демек болмағаны деп ұқтық. Бұл әрекетке жол болсын, жауапкершілік қайда? Мұнысы өзге адамдардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерттік. Індеттің таралуын тежеу үшін ең алдымен осындай сатушылар, яғни, тауар мен қызметін ұсынушылар, одан кейін барып әрбір азамат карантиндік талаптарды қатаң сақтап, әлеуметтік жауапкершілік таныта білуі тиіс. Көп болып қолға алғанда ғана іс нәтижелі болмақ. 
Ауданда карантиндік тәртіптің сақталуын қадағалайтын мониторингтік топ жұмыс істейді. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асхат Шілікбаевтың айтуынша, аудан әкімдігі жанынан құрылған топ сақтық шараларының орындалуын тұрақты қадағалайды. Құрамында аудандық ішкі саясат, кәсіпкерлік бөлімдерінің, ауылдық әкімшіліктің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мекемесінің басшылары мен полиция қызметкерлері бар мониторингтік топ адам көп жиналатын қызмет көрсету орындарына, кәсіпкерлік нысандарға барып, тәртіптің сақталуына үнемі тексеріс жүргізеді. Тәртіп бұзылғаны анықталған жағдайда ескерту жасалып, қажетті шаралар қолданады. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

Сурет ғаламтордан алынды