АУРУХАНАЛАРДА ОРЫН ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР: «АУРУ ҚАЙТА ҚОЗЫП БАРАДЫ»

Уақыты: 07.07.2020
Оқылды: 1615
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жасыратыны жоқ, коронавирусқа қарсы карантин шараларын сақтамаудың салдарынан ауру асқынып барады. Ел аумағында індет жұқтырғандар күн санап көбеюде. Ауруханаларда науқастарға орын жетпей жатыр. Дәріханаларда дәрі тапшы. Қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ түрсең, сай-сүйегің сырқырайды. Соңғы он күннің ішіндегі оқиғалар осының дәлелі. 

Індеттің кесірінен жақындарынан айырылып, қара жамылған отбасыларға әлеуметтік желі арқылы көңіл айтып жатқан жазбаларды оқығанда төбе шашың тік тұрады.  Вирус деген өтірік деп той тойлаған көпшіліктің көзі ақиқатқа енді жеткендей күй кешіп отыр.
Облыс аумағында індеттің алғашқы ошағына айналған өңірлердің бірі  Еңбекшіқазақ ауданы еді. Қазір Есік қаласы мен Шелек елді мекендерінде орналасқан көпсалалы аурухананың инфекциялық бөліміндегі ахуал қалай? Аурудың таралу деңгейі көбейіп жатыр ма? Міне, осы сұрақтарға біз жауап іздеуге тырыстық.
30 маусым күнгі ақпаратқа сүйенсек, Есік қаласындағы инфекциялық бөлімде – 45 адам, провизорлық бөлімде – 70 науқас және жан сақтау бөліміне  4 адам келіп түскен. Ал үй карантинінде жатқандардың саны 153-ке жетіп отыр. Бұл деректерді Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Отынбекова келтірді.
 – Ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны тәулік сайын өзгереді. Соңғы күндері сырқаттанған жандар басым. Тұмаудың өршіп кетуіне адамдардың карантин талаптарын сақтамауы себеп болуда. Той-томалақ жасау, бетпердесіз жүру, сақтық шараларын елемеудің салдарынан ауру қайта қозып барады. Әрине, мұндайда ақ халатты абзал жандарға түсетін салмақ екі есе ауыр екені анық. Онсыз да айлап үй көрмеген дәрігерлер өршіген індетке барынша тосқауыл болып, адамдардың өміріне араша түсуде, – дейді Гүлмира Байділдақызы.
Есік қаласындағы аудандық ауруханасында инфекциялық ауруларға қарсы үш стационар үздіксіз жұмыс істеуде. Оның біріншісі – карантиндік стационар. 
Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап жұмысқа кіріскен провизорлық стационардың қызметі де талапқа сай. Инфекциялық стационарда да дәрігерлер қауіпті дертпен күні-түні күресуде. Бүгінгі таңда 255 науқас түсіп, оның 211-і сауығып шыққан.
Гүлмира Отынбекованың айтуынша, Facebook, Whatsapp әлеуметтік желілері арқылы профилактикалық бөлімдер тәулік бойы қызмет көрсетуде. Онда дәрігерлер аудан тұрғындарының қойған сұрағына жауап беріп, алдын ала сақтық шараларына байланысты нақты кеңес айтуда. 
Есіктегі инфекциялық бөлімде тек Еңбекшіқазақ өңірінің тұрғындары ғана емес, сонымен қатар оңтүстік аймақта орналасқан Іле, Талғар, Кеген, Райымбек аудандарынан да науқастар жатып ем алуда. Бір қуанарлығы, осы күнге дейін коронавирус дертімен қайтыс болған адам мұнда тіркелмеген. Есесіне, жазылып шыққандардың саны басым. Тіпті, індет жұқтырған аяғы ауыр алты әйел аман-есен босанып, олардың сәбилерінен жұқпалы вирус анықталған жоқ. Осының бәрі дәрігерлердің білімі мен біліктілігі десек артық айтқандық емес.
– Медицина қызметкерлері үй көрмей күні-түні жұқпалы індетпен күресті. Олар үш айға жуық Түрген ауылы маңында орналасқан шипажайда тұруға мәжбүр болды. Адам болған соң, отбасылық қуанышқа кенелетін кез аз емес Мәселен, біреу алғаш рет әже атанып немерелі болса, ал екіншісі мерейлі жасқа толып жатады. Отбасының ортасында болатын осындай жарқын сәттерде олар үйіне бара алмады. Сондықтан да ел басына күн туған қиын шақта алғы шепте жүрген әріптестеріме дән ризамын. Әсіресе, инфекциялық бөлімнің дәрігері Махамбет Абдуллаев, дәрігер-терапевт Ербосын Сембаев, медбике Наталья Рыльская және тағы басқа ақ халатты абзал жандардың ерлікке толы істерін атап айтуға тиістіміз, – дейді Гүлмира Байділдақызы.
Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын Есік қаласында орналасқан Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана базасында полимеразды тізбектік реакция (ПТР) зертханасы ашылған еді. Бұл игі іс облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының бастамасы бойынша жүзеге асты. Оған  «Birgemiz Jetisy» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсеткен. Нәтижесінде жұқпалы ауру белгілерін үлкен дәлдікпен анықтайтын зертхана өз жұмысын бастады.
Денсаулық сақтау басқармасының ПТР зертханасын дәл осы ауруханадан ашуының өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – оңтүстік аймақтағы ең ірі медициналық мекеме. Зертхана бір тәулікте 500-ге жуық сынаманы анықтап шыға алады екен. Анализ қорытындысы жеті сағаттың ішінде дайын болады. Зертхананың ашылуы коронавируспен күресте үлкен септігін тигізетіні анық. 
Сындарлы кезең кімнің кім екенін анық көрсеткендей. Жұртшылық өздерінің қасында жүрген дәрігерлердің ерен еңбегін қайтадан танығандай болды. Оларға алғысын айтып, ризашылығын білдіруде. Ең бастысы, көзге көрінбейтін жаумен күресте әр адам жауапкершілік танытуы керектігін естен шығармайық. 

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы