ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОРОНАВИРУСТАН ЕМДЕЙТІН МЕКЕМЕ САНЫ БЕСЕУГЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 08.07.2020
Оқылды: 877
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласында коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын ауруханалар саны көбейді. Қазір облыс орталығындағы тері венерологиялық ауруханасы да сырқат жандарды қабылдап жатыр .

Мұнда 80 адам емделеді. «Хабар 24» таратқан ақпаратта туберкулезге қарсы диспансер де дайындалып, ғимаратта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгені жазылған. Онда 130 төсек қойылады. Облыс орталығында COVID-19 белгісі анықталғандарды емдейтін мекемелер саны бесеуге жетті.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел:
– Тубдиспансерді алдық. Себебі мұнда фтизиатор дәрігерлер, арнаулы реанимациялық орталығы бар. Сол себепті осы мекемені алдық. Жалпы қазір 435 инфекциялық аурулардың орны дайындалды. Қажет жағдайда 11 мың орынға дейін провизорлық орындарды үлкейтетін боламыз. Мұнымен қоса, 50-60 ИВЛ апараттарын алдырып жатырмыз, – деді.

Бұған дейін науқастар қаладағы аурухананың инфекциялық бөліміне, облыстық және көпсалалық ауруханаға жатқызылатын. Өңірде 2600-ден аса адамның індетке шалдыққаны анықталған. Оның 1200-ден астамы жазылып шықты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды