«ТОЙ-ТОМАЛАҚ, ОТБАСЫЛЫҚ ЖИЫНДАРДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК»: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 08.07.2020
Оқылды: 1175
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйінде облыс әкімінің орынбасары Батыржан  Байжұмановтың қатысуымен коронавируспен күрес шаралары тақырыбында онлайн режимінде баспасөз мәслихаты өтті. Оны облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел жүргізді.

Брифинг барысында Батыржан Құлаймергенұлы елімізде, оның ішінде Алматы облысында коронавирустық жұқпаға қарсы шаралар жалғасып жатқанын, пандемия әлі де тұрғындардың денсаулығына қауіп туғызуда екенін атап өтті. Осыған орай еліміз бойынша 5 шілдеден бастап 14 күндік карантиндік шектеулер енгізілгенін жеткізді.

Соңғы аптада жұқпаның өсу қарқыны 4 пайызды құрады. Облыста эпидемияға қарсы және заласыздандыру шаралары жалғасуда. Бүгінгі күнге облыс бойынша коронавируспен ауырғандар саны 2749-ды (симптомды 838) құрап отыр. Оның ішінде 1290 адам жазылып шықты. Соңғы тәулікте 8 адам коронавирустық жұқпа белгілерімен стационарға жатқызылды.

Жалпы медицина қызметкерлерінің бақылауында 5581 адам бар. Оның 2583-і стационарлық емдеуде, 895-і сипмтомсыз үй бақылауында, 2103 адам үй карантинінде.

Инфекциялық бөлімнің реанимациясында ауыр және өте ауыр жағдайда 41 науқас жатыр. Оның ішінде 15 науқас өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған. Ал пневмониямен 2517 науқас емделуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 жарым есеге жоғары. Оның ішінде 86 науқас ауыр және өте ауыр жағдайда. Өткен жылы пневмониядан 98 адам қайтыс болса, биыл  190 адамға жетіп отыр.

Соңғы аптада провизор бөлімінен 618 адам емделіп шықты. Жалпы алғанда күнделікті 150-ден астам адам емделіп шықса, 200-ге жуық науқас емханаға түседі. Ауруы асқынған науқастар санының өсуіне байланысты инфекциялық стационарда соңғы екі аптада төсек саны 3 есеге, яғни, 17 стационарлық мекемеде 150-ден 500-ге дейін арттырылды.

Пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 31 стационарда төсек саны мыңнан үш мыңға дейін көбейтілді. Мәселен, Талдықорған қаласында 300 төсек инфекциялық стационар облыстық ауруханаға көшірілді. Тері-венерологиялық диспансерде 85 провизорлы төсек орын ашылды. Сонымен қатар, бүгіннен бастап облыстық фтизио-пульмонология орталығында 120 төсектік провизорға науқастарды қабылдау басталды. Талдықорған қаласы бойынша 532 провизорлы төсек бар.

Жалпы стационарда ем алып жатқан адамдардың басым көпшілігі 50 жастан асқан азаматтар, оның ішінде 90 пайызы қан қысымы, жүрек тамыр, қант диабеті, обыр ауруларымен ауырғандар. Осыған байланысты егде жастағы адамдарды, созылмалы аурулары бар науқастарды денсаулықтарына аса жауапты болуға, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз, – деді.

Бұдан соң журналистердің жолдаған сауалына жауап берген облыс әкімінің орынбасары бірқатар дәріханаларда қажетті дәрілерге зәрулік орын алып отырғанын, бұл мәселе аздаған күнде шешілетінін айта кетті. Облысымызда дәрігерлер тапшылығы да қатты байқалуда. Бүгінгі  таңда 156 дәрігерге деген сұраныс бар. Олардың негізгі денін терапевт, эпидемиолог, пульмонолог мамандары құрайды. Облымызда 164 «Жедел жәрдем» тобы жұмыс істеуде. Соңғы 6 айда 300 мың шақырту бойынша қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда екі есеге артық. Облыстағы «Жедел жәрдем» қызметі күніне 3 мың шақыртуға барады. Бұл қызметкерлер үшін ауырлық тудыруда. Осыған орай жыл соңына дейін 100 «Жедел жәрдем» көлігін іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 57 бірлік өкпені жасанды жолмен желдету  аппаратын алу көзделуде.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында бірыңғай тәуліктік медициналық ақпараттық Саll орталықтар (8 800 080 88 28,  8 7282 41 2292) жұмыс істеуде. Оған облысымыздағы 59 медициналық орталық қосылған. Мұнымен қатар Талдықорған қаласындағы №1, №2 емханаларынан қосымша кеңестер үшін Саll-орталықтар ашылған.

Жалпы коронавирустық жұқпамен күресуге 3,5 мыңнан астам медициналық қызметкерлер жұмылдырылған. Оның 851-і дәрігер, 2514-і орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлық медицина саласының қызметкерлері қажетті жеке сақтандыру құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бүгінгі таңда облыста жеке қорғану құралдарының бір айлық қоры сақталған. Атап айтар болсақ, 850 мың бетперде, 150 мың пар медициналық қолғап, 45 мың жиынтық бір реттік қорғаныш костюмдері бар.

Пандемия басталғалы жеке қорғану құралдарын алуға Үкімет тарапынан және жергілікті бюджеттен 730 млн. теңге бөлінген. Күзгі және қысқы мерзімге қосымша қаржы бөлу жайы қарастырылуда.

Үш ай көлемінде облысымыздағы 3 мыңнан астам медицина қызметкері жалпы соммасы 1,2 млрд. теңгенің қосымша қаржысын алды. Жергілікті бюджет есебінен 1023 қызметкерге жалпы қаржысы 137 млн. теңгені құрайтын сыйақы төленді.

Коронавирустық жұқпаның таралуының алдын алуда әлеуметтік әлсіз санаттағы 30 мың тұрғынға арнап 50 млн. теңгеге жұқпаға қарсы құралдар сатып алу жоспарлануда.

Журналистер сұрақтарына толығымен жауап беріп, коронавурустық жұқпаға қарсы облысымызда атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндаған Батыржан Құлаймергенұлы:

Бүгінгі індетпен күрес жүріп жатқан қиын кезеңде ақ халатты абзал жандар білімі мен тəжірибесін, бар күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсап, жанкешті еңбек етуде. Халықтың денсаулығын қорғау мен өмірін сақтап қалу жолында аянбай күресіп келеді. Медицина саласы мамандарының ерлікке пара-пар еселі еңбектеріне алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Халықтың қауіпсіздігі, азаматтардың денсаулығы әрқайсымыздың өз қолымызда. Әзірше той-томалақ, отбасылық жиындарды тоқтату керек. Облыс тұрғындарын карантин режимін сақтауға, саналы түрде сақтық талаптарын орындауға шақырамыз, – деп түйіндеді сөзін.

Алма ЕСЕНБАЕВА