«БІР ҚҰЛАП, ТҰРДЫМ»: ТАЛДЫҚОРҒАН ТҰРҒЫНЫ АҚ ХАЛАТТЫ ЖАНДАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Уақыты: 10.07.2020
Оқылды: 1782
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Аты жаман пәленің күллі әлемге залалы тиіп жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта елімізде індетпен ауырғандардың саны күрт өсіп, елді әбігерге түсіруде. Оның үстіне пневмония деген тағы шықты. Талайдың өмірін жалмаған індеттің беті қайтар түрі жоқ. Күнен күнге өршімесе, басылып келеді дегенді естімедік.

Дәл осы өкпенің қабынуы менің де басымнан өтті. Құдайға шүкір, бір құлап барып, қайта тұрдым. Оқырманға осы жайында баяндап өткім келеді. Қорғас кеденінде қызмет істегесін жұмыс бабымен шауып жүрдім. Бірде ел шебінде, бірде үйде. Күнделікті тірлік. Әйтседе, сақтық шарасын естен шығармадым. Солай бола тұра жұмыста жүріп, қызуым көтеріліп, әлсіздік пайда болды. Өзімді нашар сезінгендіктен бірден дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Дереу Панфилов аудандық ауыруханасына бардым. Ақ халатты абзал жандар зыр жүгіріп, өз міндеттерін қалтықсыз істеп жүр. Бірден іске кірісіп, алғашқы ем-домын істеп, қызуымды түсіруге кірісті. Рентгенге түсіріп, барлық шараны атқарды. Алғашында айтарлықтай қауіп жоқ, тек емделу керектігін айтып, ақыл-кеңесі мен қандай емдік шара жасайтынымды жазып берді. Оның үстіне Талдықорған қаласында тіркелгендіктен тұрақты мекен жайыма баратынымды жеткізіп, үйге келдім. Сол аз уақыт ішінде өз көзіммен көрген істі айтып жеткізу мүмкін емес. Келген науқастарды емдеуге Панфилов аудандық ауруханасының бас дәрігері Төлеу Сарпековтан бастап, барлық медициналық қызметкерлер қалтықсыз қызмет етуде. Адам жанының арашасы, қиын кезең мен қауіпке қарамай өз бастарын қатерге тігіп, жұмысын адал атқаруда. Осындай ерліктерін көргендіктен ол кісілерге басымды иіп, алғысымды айтамын.

Одан кейін Талдықорғанға келгенде жағдайым күрт төмендей бастады. Алғашында Еркін ауылдық емханасына барғанмын. Не жағдай екенін, ол жердегілер мені дұрыс қабылдамады. Мүмкін негізгі дәрігерлері жоқ болды ма, әлде жаппай науқастардың топырлап келіп жатқанынан естері шықты ма, әйтеуір өз істеріне шалалық танытты. Не керек, нақты жауап ала алмағасын жедел жәрдем шақыруға тура келді. Екі өкпе қысып, тыныс алу мұң болды. Ыстығым көтеріліп, түсер емес. Ақыры жедел жәрдем Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылындағы ауруханаға жатқызды. Міне, осы жерде дәрігерлердің күн-түн демей жүгіріп жүргенін көрдім. Әр науқас үшін жандарын салып, керекті ем-домын жасауда. Тіпті, үйлеріне де бармайтын көрінеді. Олардың ерлігіне қарап, мың мәрте бас иер едім. Қаршадай қазақтың қыздары үстіндегі киімдерін де ауыстыруға шамасы жоқ. Соғыс кезіндегі жаралыларды емдегендей зыр қағып жүр. Бір аптаның ішінде аяғымнан тік тұрғызып, қауіптің бетін қайтарды. Осы орайда Ескелді аудандық ауруханасының бас дәрігері Роза Ибраева мен қоластындағы барша ақ халатты жандарға алғысымды білдіремін. Осы қызметкерлердің ақ-адал  еңбегі мен сауатты істерінің арқасында көптеген адам сырқатынан айығып жатыр. Дәрігерлердің жұмысына алғысымды айтып, өмірлері мен еңбектеріне табыс тілеймін.

Ал өз басымнан кеңес айтар болсам, айналайын ағайын, сақ болыңыздар. Денсаулық ең бірінші байлық, одан асқан байлық жоқ. Сондықтан да, мына індетке бейжай қарамай, сақтық шарасын қатаң ұстаныңыздар. Өзіңмен қоса, жақыныңызға да жанашыр болыңыз! Біз өзімізді сақтау арқылы, өзгені де сақтаймыз және індеттің де көзін жоямыз. Ал дәргерлерге деген алғысым ерекше!

Жеңіс Қожаханұлы,
Талдықорған қаласы
Сурет ғаламтордан алынды