Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

168 АДАМ ДЕРТІНЕН АЙЫҚТЫ: ДӘРІГЕРЛЕР МІНДЕТТЕРІН АБЫРОЙМЕН АТҚАРУДА

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 1041
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемдік өркениеттің ажырамас бөлшегіне айналған Қазақ елі бүгіндері коронавирус инфекциясына қарсы белсенді күрес жүргізуде. Іле ауданына қарасты Боралдай аудандық ауруханасының ұжымы да осы жауапты әрі тағдыршешті міндетті абыроймен атқарып келеді.

Алматы сияқты алып мегаполистің іргесінде орналасқандықтан бұл өңірдегі тұрғындар санының әлдеқайда көп екені де түсінікті. Осылайша, Боралдай ауруханасы мен КазЦИК және  Комсомол ауылдарындағы амбулаторияларды біріктіретін іргелі ұжымда 265 адам еңбек етіп, 45 мыңнан аса тұрғынға медициналық қызмет көрсетіп келеді.

Дүниені дүрліктірген пандемияға байланысты 50 орынға арналған аурухана бір мезгілде 130 науқас емделе алатын провизорлық орталыққа айналдырылып, Covid-19 індетіне шалдыққандарды қабылдай бастағанына бес айдың жүзі болды. Ол үшін аурухананың бірінші, екінші және төртінші қабаттары толықтай қайта жабдықталып, босатылған бөлмелерге төсектер қойылып, оттегін жеткізетін түтіктер жүргізіліп, қатерді дертке шалдыққандарды емдеуге барлық мүмкіндіктер жасалынғаны байқалады.

Провизорлық орталықта індеттің таралуына жол бермеу үшін қатаң сақтық шаралары қабылданыпты. Атап айтқанда, емдеу мекемесіне кіретін өзге есіктердің барлығы жабылып, келушілерге тек арнайы фильтр арқылы ену мүмкіндігі қалдырылған. Бұл жерде кезекші медицина қызметкерлері келушілердің дене қызуын өлшеп, тіркеуге алып, залалсыздандыру дәлізінен өткеннен кейін ғана қажетті жеріне жіберіп отырады. Бетпердесі жоқ адамдарға өздері бетперде ұсынып, адамдардың бір жерде шоғырланбауы үшін оларды ретімен жіберіп отыру да осы кезекшілерге жүктелген. Сонымен бірге, адамдардың адасып, қауіпті аймаққа кіріп кетпеулері үшін жол-жөнекей жөн сілтеп тұратын медбикелер де келушілердің жұмысын жеңілдете түскен.

Баяу басталғанымен кейінгі кездері белең алған қатерлі індетпен ауырғандар санының еселеп артып келе жатқанын несіне жасырамыз. Осылайша, бүгінге дейін орталықта 265 адам ем қабылдапты. Олардың 168-і дертінен айығып шықса, қалғандары ем қабылдау үстінде. Өкінішке қарай, төрт адам жансақтау бөлмесінде көз жұмыпты. Осы жерде бұрыннан да созылмалы аурулары бар науқастар үшін коронавируспен күресудің аса күрделі екенін айта кету керек.

Пандемияға қарсы күресте қажетті аппараттар мен дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы маңызды, – дейді аурухана директоры-бас дәрігер  Дариға Садықова. – Жекелеген қиындықтардың бар екеніне қарамастан бізде бүгіндері өкпені жасанды желдететін 4 қондырғы, оттегі болондары үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмек жағынан да тапшылық көріп отырған жоқпыз. Жуырда ата-анасы КазЦИК ауылында тұратын Индира Әжікеева деген азаматша  оттегі концентраторы қондырғысын ауруханаға сыйға тартты. Көмек көрсетемін деген өзге де азаматтар баршылық.

Провизорлық орталықта бүгіндері 54 медицина қызметкері тікелей қатерлі дертпен күресіп келеді. Олардың қатарында уақытпен санаспай еңбек етіп, өз денсаулықтарына қатер төніп тұрса да анттарына адалдық танытып келе жатқан Нағима Байназарова, Гүлсара Мақышева, Ержан Түзелбаев сынды білікті дәрігерлер мен Жібек Күзембаева, Гюзель Құрбанова, Райхан Ажнұрова сынды медбикелердің еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Дәрігерлердің инфекция жұқтырмауы үшін қажетті қауіпсіздік шаралары толықтай қамтамасыз етілген. Бір реттік қауіпсіздік киімдері, бетперделер мен қолғаптар, залалсыздандыру құралдары жеткілікті мөлшерде жеткізілген. Киім ауыстыратын орындар мен жуынатын бөлмелер де талапқа сай келеді.

Дәрігерлердің қалыпты жұмыс жасауына аудан және ауыл әкімдігі де барынша жағдай туғызуда. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің қолдауымен коронавирус инфекциясымен ауырғандарды емдеумен айналысатын 24 медицина қызметкеріне жақын жердегі қонақүйден орын бөлініп,  үш уақыт ас жеткізіліп тұрады. Боралдай ауылдық әкімдігі бөлген екі автокөлік мобильді топтың қарауына берілген. Олар «Жедел жәрдем» қызметінің сыртында инфекцияға күдігі бар шақыртуларға жедел аттанып, науқастың дертін анықтағаннан кейін шұғыл  шаралар қабылдаулары керек. Яғни, оларға емханаға, жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелту керек пе, әлде, үй жағдайында емдеуге мүмкіндік бар ма деген шешімдерді қабылдауға құқық берілген.

Осы жерде тағы бір жайды айта кеткен орынды болар. Наурыз айында болған қатты дауыл аурухананың шатырын түгелдей ұшырып әкетіп, нөсерлеп жауған жаңбыр ғимараттың сақталуына қауіп төндірген болатын. Осындай қысылтаяң сәтте шаруаға аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың өзі тікелей араласып, Төтенше жағдай комитетінің көмегімен бір аптаға жетер-жетпес уақытта шатырды қалпына келтіруге жәрдемдескен екен. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген осы болар, сірә.

Аурухана ұжымының негізгі назары коронавирус инфекциясымен күреске бағытталғанымен өзге науқастарға ем жасау ісінің де тоқтап қалмағаны белгілі. Осы орайда жекелеген қызмет түрлері ауруханада қалыпты жағдайда көрсетілсе, тұрғындарды қабылдау КазЦИК-тегі амбулаторияда жүзеге асырылуда. Қажет болған жағдайда аудандық орталық ауруханаға жолдау жайы да жолға қойылған.  Бір сөзбен айтқанда, Боралдай аудандық ауруханасының ұжымы ел үшін күрделі кезеңде білектерін түріп, белдерін буып, қатерлі індетке қарсы күреске жұмыла кіріскен. Олай болса, ақжелеңді абзал жандардың  жауапты да күрделі, қиын жұмысына сәттілік тілейік.

Мақпал Мыса
Іле ауданы