Сарыуйымға салынбаңыз

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 2214
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәнің сау болсын десең, ішкі жан дүниеңді  аяла, сабырды серік ет.  Қазақ атам қиын  жағдайға тап болған адамның сары уайымға салынбауын назарда ұстаған. Жақсы сөз айтып, алдағы күнге үміттендірген.  Сананың сергелдеңі  өмірге деген қызығушылықты төмендетіп, көңіл-күйдің бұзылуы мен белсенділіктің әлсіреуіне әкеліп соғады. Күйзеліс – жаһандық дерт.  Бүгінгі  шым-шытырық оқиғалар,  ауа райының күрт өзгеруі, жұмыстағы мәселелер,  денсаулықтың сыр беруі, қымбатшылық, бала-шағаның түгенделіп бітпейтін сұранысы, несие алу – адамды сең соққан балықтай сансыратуда.   Шаруаңның шалқитынына сенімнен гөрі күдік басым мына заманда түн ұйқысы төрт бөлінбеген  жан кемде-кем. Сана-сезімнің тоқырауы жүйке ауруына әкеліп соғады.

Әлем бойынша жүрек-қантамырлары ауруынан кейінгі орында – жүйке дерті.  Дәрігерлер  күйзеліске берілудің дендеп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.  Тіпті, ауаға ақылды алжастыратын вирус тараған ба деп қауіптенеді денсаулық сақтаушылар. Дамыған елдерде  әрбір адам алты ай сайын психологпен кеңеседі. Көңілінде алаң болса, тезірек қалыпқа келуге  тырысады. Біздің қоғамда психологтың көмегіне жүгініп, кеңес сұрағандар есі дұрыс емес адам саналатыны өкінішті. Бірақ та мынадай шым-шытырық оқиғаға толы бүгінгі жаһандық қоғамда психологтың ақыл-кеңесі әрбір адамға қажет екені айдан анық. Қоғамдағы жағдай әркімді алаңдатуы тиіс. Қазақстан жұртшылығы  өзіне-өзі қол жұмсау дерегі бойынша үшінші орында тұр. Суицид –жан күйзелісінің соңғы нүктесі. Елімізде 300 мыңға жуық адам психикалық ауытқушылықпен тіркелген деген дерек бар. Олардың төрттен бірі 30-ға толмағандар,  тең жартысы  40 жасқа дейінгілер. Жаһан дертіне шалдыққан адам   уақытында дәрігердің көмегіне жүгінбесе өзін-өзі басқара алмайтын күйге түсуі мүмкін.  Психологтардың айтуынша, жабыққан адам дертінің сырын  ішкі жан дүниесінен іздеп,  мәнісін тауып, «түйілген жіпті» тездетіп шешуі тиіс. Мұндай кезде дос-жаран мен ағайын-туыс, отбасының  көмегі, түсіністігі  сырқат адамның көңілінің жайлануына оң  әсер етеді. Мұны дәрігерлер де растайды. Осы орайда  Талдықорған психоневрологиялық  диспансердің бас дәрігері Ғания Сабетқожақызына  (жоғарғы суретте) жолығып, ауруға шалдығудың себебі, алғашқы белгісі, жеңу жолы  жайлы сұраған едік. 
– Шындығында жүйке жүйесі сырқатына шалдығушылар саны жыл санап артып барады. Бұрындары сырқаттың созылмалы түріне шалдыққандар жыл сайын келіп, ем алып тұратын.  Соңғы жылдары  осы дертке алғаш рет шалдығушылар саны артты.  Жүйке көп жағдайда тығырықтан шығу мүмкін емес, бұл қасіреттің орны толмайды  деп қайғырғанда сыр береді. Ал бүгінгідей қым-қуыт тірлікте ұсақ-түйектің өзі  сананы сергелдеңге салып жіберетіні дәлелденуде. Оған ағзаның шаршағаны, нақтылай айтсақ, «көтеремге» шалдығуы себеп. Дене күшін сарқа пайдалану ағзада психосоматикалық аурулардың тууына негіз болады.  Яғни,  жүрек, өкпе, асқазан барлығы «жүйкеге реніш» білдіреді.  Заманға қарай сырқаттанушылардың айтар сөзі де өзгерді. Осыдан он-он бес жыл бұрын жүйкесі сыр бергендер: «Мені милиция әкеткелі жүр», «Әкімге барып, жағдайымды айтамын», «Қауіпсіздік комитеті мені аңдып жүр»,  деп есік-терезені жауып, тұмшаланатын.  Бүгінгі таңда сырқаттанушылар ақпараттың  көптігінен зардап шегуде. Мысалы: «Басыма орнатылған флешканың чипін алып тастаңдаршы», «Маған тыңдаушы құрал қойылған», «Телефоныма жарылғыш орнатылған», – дейді. Қарап тұрсаңыз барлығы заманауи ақпарат құралы. Яғни, сырқаттануға ақпарат құралының кері әсері тиген. Қажетті, қажетсіз, жағымды-жағымсыз жаңалықтар миға күш түсірген. Өкінішке орай, жастардың  ғаламторға тәуелділігі  ұйқысыздық дертіне шалдықтыруда.  Дәрі ішпесе, күн-түн көз шырымын алмай, есеңгіреп жүретіндердің қатары өсуде. Кей жағдайда  ми қызметінің бұзылуына осындай стрестік жағдайлар әсер етеді. Құмар ойындарға әуестену, букмекерлерге ақша тігу  түбінде үй-мүліксіз қалуға апарып соқтырады. Мысалы, Еуропа елдерінде букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Олар әсіре қызығушылықтың соңы   қайғылы жағдайға апарып соқтыратынын  баяғыда-ақ біліп, алдын алған. Әлемдік денсаулық сақтаушылардың пайымдауынша, ғылыми-техникалық үдеріс   белең алған  соңғы      70 жылда  «миы айналғандардың» саны артқан.
 Қауіпті дертке шалдығудың себебі көп. Бірінші – тұқым қуалаушылық. Екінші – қатаң талапқа шыдай алмау. Кенеттен болған қайғылы оқиға.  Ұзақ уақыт жан-жағындағылардан теперіш көру.  Міне, осының бәрі  жан ауруына шалдықтырады.
– Бүгінде   жастар  әуестенетін зиянды әдеттер де ақыл-есті алуда.  Ақша табудың соңына түскен кәсіпкерсымақтар өсіп келе жатқан ұл-қыздарды  насыбай ату мен қор-қор шегуге бейімдеуде.  Оның бәрі миды улайды.  Ұйқыны бұзады. Өкпе дертіне шалдықтырады. Нашақорлыққа  жетелейді. Бозбалалардың  болашағына балта шабады, – дейді дәрігер. Диспансерде жиырма жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Алмагүл Қадырованың айтуынша, нәзік жандардың күйзелісі ерлерге қарағанда 2-3 есеге басым. Көп жағдайда адам ағзасындағы гормондық өзгеріс жанның  жабырқауын туындатады, тіпті  жүкті немесе босанған әйелдің психологиялық жай-күйі жиі өзгеріп тұрады.  Еркектер психологиялық күйзеліске түсуді қор болу, масқаралыққа ұшырау деп санайды. Олар ішкі  арпалысты ұмыту үшін көп жағдайда араққа арқа сүйейді. Дәрігерлерден психологиялық құлдырауға тап болған адам торығудан шығу үшін не істеу керектігі жайлы  сұрадық.  Маманның айтуынша, ең алдымен  уақыт оздырмай  дәрігерге көріну керек. 
Диспансер дәрігерлері мұндай сырқатқа шалдығып, ем-дом алушылардың аты-жөні құпия сақталатынын айтады. Ғания Сабетқожақызы: «Көп жағдайда адамдар емшілерге барып, кесенелерге түнеп, уақыт өткізіп алады.  Тоқырап қалдым деген оймен «жол аштырады».  Мұның бәрі босқа уақыт оздырып, сырқаттың дендеп кетуіне негіз тудырады», –  дейді. Дәрігер ғылыми жолмен зерттеп, зерделеніп, тәжірибеге енгізілген дәрі-дәрмекпен емдеудің нәтижесі зор екенін айтады. 
– Жақыны  күйзеліске ұшырағанда туыстары, отбасы оған жылы қабақ танытуы керек. Іш тартып, дәрісін уақытында  ішуін қадағалап,  көңілін көтеріп, өзі жақсы көретін іспен айналысуына мүміндік туғызғаны жөн.  Күйзелістен айығу үшін алдымен адамның  ерік-жігері мықты болуы керек. Жеңемін, жазыламын деген ой тұруы тиіс миында. Екіншіден, отбасындағылардың түсіністікпен қарауы, демеуі үлкен әсер етеді, –  дейді психиатр. 
Әлемдік зерттеушілер  шығармашылықпен айналысатын адамдардың күйзеліске жиі ұшырайтынын айтады. Оның себебі, шығармашылықпен айналысушылар өмірдегі кез келген жағдайды жүрегімен, жан дүниесімен қабылдайды.  Дарынды адамдар жан-жарасын емдеудің жолдарын өздері ойлап тауып алады екен. Олардың кейбірі намазға жығылып, ішкі сенімі мен рухын күшейтеді. Енді біреулері  қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік жағдайы нашар адамдарды қуантып, содан күш алады.  Ендеше, сүйікті ісіңізбен айналысу  алдағы күніңізге жігер беретінін  ұмытпаған  жөн. 

Мақала жазу барысында  дәрігерден күйзеліске  түсудің  адам  ағзасына зияны жайлы сұрадық. Ғания Сабетқожақызы  күйзеліс кезінде вегетативті нерв жүйесінің жұмысы бұзылып, артериалды қан қысымы көтерілетінін айтады. Жүрек соғысы жиілеп, көңіл-күйі бұзылып, ұйқысы қашып,  тыныс алуы нашарлайды. Созылмалы күйзеліс салдарынан артериалды гипертония, бронхиалды астма, жүрек аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік  сияқты  аурулар белең алатынын айтады. Сон- дықтан қашанда жақсы ой ойлап,  алда арайлап ақ таңның ататынына үміт артып, жанымызға сабырды серік еткен абзал. Денсаулықты сақтаудың 80 пайызы  адамның  өмір сүру салтына байланысты екенін естен шығармайық.

Тақырыпқа орай: 

Күйзеліске берілмеудің бес сыры

1.  Күйзеліс кезінде ішкі ойыңды сыртқа шығарған жөн.  Керек болса ағыл-тегіл жылап алыңыз.  Эмоцияны іште ұстау өте зиян. Ол түрлі ауруларға алып келуі мүмкін.
2. Торығу мен жабығудан қорғанудың ең басты әдісі —  қалауыңыз бойынша өмір сүру. Барға қанағат, жоққа салауат ету. 
3. Күйзеліс кезінде дене шынықтырумен айналысқан жөн. Ән айтып, далада серуендеуге тырысыңыз.
4.  Күйгелек болмау. Көңіл-күйіңізді түсіретін ойларға берілмеу. Жамандықтың бәрі өтіп, жақсы күндердің есік ашатынына, үмітіңнің ақталатынына өзіңді сендіру. 
5.  Барлығынан безіп, жападан-жалғыз, есік-терезені жауып алғанша, көңіліңізге жақын, ақкөңіл адамдармен жиі араласыңыз. Той-томалақтан қалмаңыз. Шамаңыз келсе басқалардың шаруасына көмектесуге тырысыңыз. Біреуге жақсылық жасаған адамның көңіл-күйі көтеріліп қалады.

Гүлжан Тұрсын