ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ ДӘЛЕЛДЕНГЕН: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ШИПАЛЫ СУ КӨЗДЕРІ

Уақыты: 12.08.2020
Оқылды: 2974
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халқымызда «Судың да сұрауы бар» дейтін нақыл бар. Оның шынайы мәніне үңілетін болсақ, бұл сөздің мағынасы – судың ішкі құрамындағы қасиетін бағалай біл дегенге саяды. Қазақ даласының қай тұсына барсаңыз да неше түрлі арасан бар. Бірақ біз сол емдік сулардың денсаулыққа тікелей қатысты екенін естен шығарып алдық. Қысқасы, ата-бабалар парасатынан алыстаған сайын қауіпті індеттерге барынша жақындай түстік.

Бәріңізге белгілі, 2017 жылы елімізде «Қазақстанның қасиетті жерлері» атты бағдарлама қабылданып, біраз жұмыс істелді. Сол орайда бірнеше экспедицияға қатысып, сол сапарда емдік қасиеті бар арасан көздері туралы жеке зерттеу жұмысын қолға алдық. Жалпы, аймағымыздағы емдік табиғи киелі орындардың қатарына  халық қастерлейтін, өсіп тұрғанына 700 жылдан асқан «Әулиеағаш» (Панфилов ауданы), «Мазар терек» (Ұйғыр ауданы), «Найзатапқан» (Панфилов ауданы), «Жаманты минаралды бұлақтары», (Жамбыл ауданы), «Шиырбай бастаулары» (Кербұлақ ауданы), «Әулие бастау» (Көксу ауданы), «Қандағатай ара тұмасы», «Байжұман ата бастаулары»  (Алакөл ауданы), «Әлмерек ата бастауы» (Іле ауданы), аса тұзды «Рай көлі» (Ақсу ауданы), «Тұзкөл» (Райымбек ауданы), тағы басқалары жатады. Әлсіз минералданған бастаулар қатарына «Жаманты минералды бұлақтары», «Әулие бастау», «Тамшы бұлақ», «Байжұман ата», «Қандағатай ата», «Шиырбай» бастауларын), орташа минералданған бұлаққа «Найзатапқанды», күшті минералданған жылы түріне Ескелді ауданындағы «Емсуды» жатқызуға болады.

Табиғи емдік киелі орындар ерте заманда ашық аспан аясындағы табиғи ғибадатхана қызметін атқарған. Оған «Найзатапқан», «Әулие бастау» арасандарының маңындағы биік жартасқа салынған аң бейнелі суреттер мен «Жаманты минералды бұлағының» жанындағы үңгірдегі шағын мешіт дәлел болады. Өкінішке қарай, біз осыған дейін аталған қасиетті орындарды тек нанымдық тұрғыда түсіндіруге баса мән бердік те, оның суының емдік қасиеті туралы ақпараттарды ашып айтпай келдік. Сондықтан жұрт ол жерлерді танымдық тұрғыда киелі деп қабылдап, табынушылық сипатқа ден қойды. Ал ғылыми тұрғыдағы адам ағзасына пайдалы тұстары сырт қалды.

Жоғарыда айтылған экспедиция барысында Жетісу жеріндегі жұрт көп біле бермейтін, білетіндер назар салып көрмеген «Найзатапқан», «Жаманты минаралды бұлақтары», «Әулие бастау», «Рай көлі» сияқты табиғи киелі арасан  суларынан сынамалар алып, талдау жұмысын жасауға мұрындық болдық. Сол жылдары жоғарыда аталған арасан көздерінен жалпы 12 сынама алып, «Жер туралы ғылымдар, металлургия және байыту орталығы» акционерлік қоғамының ұлттық ғылыми зертханасына жіберген едік.  Аталған зертхана жапониялық заманауи жабдықтарды қолдана отырып, ғылыми талдау жасап берді.

Ендігі кезекте сол жайлы баяндайын.

Жетіжол (Бұғылы) тауындағы Жаманты өзенінің шатқалындағы Жаманты минералды бастауларын көнекөз қариялар Жаманты өзені шатқалында болған ескі қыстаумен байланыстырады. Оған келетін адамдар ең алдымен биіктігі 10-15 метрлік тік жартастағы үңгірде орналасқан мешітке барып намаз оқиды.

Ел аузында сақталған аңыздарға сәйкес Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде көптеген қазақ отбасылары осы үңгірдің ішіне тығылып аман қалған деседі. Қазбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты еңбегінде, Есболат Айдабосын «Сүлік қара» хикаятында жоңғар шапқыншылығында жараланған қазақ сарбаздарының осы бұлаққа  келіп емделгенін жазған.

Жаманты минералды бұлақтарының төрт минералды бастауының суына жүргізілген зертханалық талдау қорытындысына сәйкес бастау суы катиондық құрамына қарай калийлі-натрийлі-кальцийлі-магнийлі, ал, аниондық құрамына қарай сульфатты-гидрокорбонатты-хлоридті сулардың қатарына жатады. Құрамында радонның болмауына, фтор  үлесінің рұқсат етілген санитарлық-гигиеналық шектен аспауына байланысты арасан суы ішуге жарайды. Арасан суында Менделеев кестесіндегі 11 элемент бар.

Олардың ішінде  әсіресе, К, Na, Са, Mg  көп кездеседі. Киелі арасандағы «Жүрек», «Бүйрек», «Асқазан» тұмалары суының химиялық құрамына жасалған салыстырмалы талдаулар әр бастаудағы химиялық элементтер үлесінің әртүрлі екенін көрсетті.

Атап айтсақ, «Жүрек» тұмасында қантамырлары мен жүрек қызметін, бұлшық еттің жиырылуын қамтамасыз ететін Mg, К,  Na, Са, CI үлестерінің басқа екі тұмаға қарағанда біршама жоғары, сульфаттың үлесі төмен екендігі белгілі болды. Шипажайтанушы ғалымдар мен дәрігерлердің пікіріне сәйкес магний, натрий, калий  жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін жақсартатындықтан аталған арасан суын ішкен адамдар сырқатынан жылдам айығады деген қорытынды шығаруға болады.

Панфилов ауданындағы Ынталы ауылының батысында  15 шақырым қашықтықта Алтынемел (2928 м) тауының Қоңырөлең ойысына ұласатын тектоникалық жарықтар аймағында орналасқан «Найзатапқан» киелі арасаны бір-бірінен арақашықтығы 1-3 метрден аспайтын 10-12 тұмадан тұрады. Арасан көзінен минутына 5-6 литр су ағып шықса, ыстықтығы 16-210 С аралығында болады.

Емделушілердің пікірі мен ғылыми дерекке сәйкес, «Найзатапқан» арасаны суының құрамындағы пайдалы элементтер адам ағзасының жалпы жағдайын нығайтып, барлық жүйенің жұмысын жақсартады. Зертханалық талдау нәтижелері «Найзатапқан» арасаны суының құрамында ағзаның жұмысын реттеуде ерекше орын алатын еріген микроэлементтер көп екенін көрсетті.

Минералды су құрамында Na, Cl, K, Са иондары және  карбонат пен  сульфаттың үлесі басым. Зерттеу нәтижелері ұсынылған үлгінің су сапасын бағалауға қойылатын талапқа сәйкес келетінін және емдік мақсатқа пайдалануға болатынын көрсетті. «Найзатапқан» суының денеге түскен жарақатты және бөртпе сияқты тері ауруларын емдеуге өте пайдалы келетіндігі ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Ел аузында сақталған аңыздарға сәйкес киелі табиғи емдік минералды суымен жоңғар шапқыншылығы кезінде жараланған қазақ жауынгерлері емделген. Кейіннен соғыстан қалған найзаның ұшы табылуына орай жергілікті халық Найзатапқан атап кеткен.

Ерте заманнан киелі саналатын, емдік қасиеті бар, еріген минералдарға бай Рай көлі Балқаш ойысында, Ақсу өзенінің төменгі ағысында теңіз деңгейінен 351 метр биіктікте орналасқан. Беткі ауданы 4 гектар, ұзындығы 400, ені 100, жағалау сызығының ұзындығы 1150, орташа тереңдігі 2,6 метр. Көл құм жалдарының аралығындағы ойыста түзілген.

Адам ағзасына пайдалы әсері бар алуан түрлі химиялық элементтерге бай әрі қасиеттері теңіз суына жақын болғандықтан Рай көлі толассотерапиямен шұғылдануға мүмкіндік береді. Жүргізілген зерттеу жұмыстары аталған көлдің минералдық және химиялық құрамының қалыптасуына саяздығы мен тұйықтығы, жазда буланудың қарқынды жүруі  күшті әсер ететінін көрсетті.

Зертханалық талдау нәтижелері  көрсеткендей, көл суы құрамы жағынан сульфатты-хлорлы-натрийлі сулардың қатарына  жатады. Зертханалық талдаулар қорытындысына сәйкес 1 литр суда 138-140 граммға дейін еріген минералды заттар бары анықталды. «Жер туралы ғылымдар, металлургия және байыту орталығы» акционерлік қоғамының Ұлттық ғылыми зертханасында жүргізілген спектрлік талдау нәтижесіне сай Рай көлінің суы мен табанындағы тұнбалардың құрамында Менделеев кестесіндегі 13 элемент бар.

Көл табанындағы тұнбаларда, әсіресе мыс, мырыш, стронций, хромның үлесі басым. Зерттелген сынама үлгісінің физикалық-химиялық қасиеттері шипажай мен физиоемдеуде қолданылатын емдік балшықтардың нормативті көрсеткіштеріне сәйкес келеді. Рай көлінің табанына шөккен емдік балшықтың химиялық құрамында магний, кальций, натрий, мыс, хром, марганец иондарының және сульфаттың үлестері басым. Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылған үлгі су мен тұнбалардың сапасын бағалауға қойылатын талаптарға сәйкес келетіндіктен көл суын емдік-сауықтыру мақсатында пайдалануға болады. Халықтың шөлді алқапта орналасқан шағын көлге емделу мақсатында көптеп келуі, оны киелі орын санауы құрамындағы химиялық элементтердің адам ағзасына жағымды әсер етуінен деген қорытынды шығаруға болады.

Суға шомылу кезінде  адам  ионданған көл бетінің ауасын  жұтады. Соның нәтижесінде жүректің жұмысы, тыныс алу түзеліп, адам ағзасына оттегінің  келуі көбейеді. Ағзадағы зат алмасу үрдісі жақсы жолға қойылып, дене шынығады. Көл табанына шөккен тұнбаның құрамында тұз, өсімдік шіріндісі, сондай-ақ, оларды қорек ететін  ұсақ  ағзалар терідегі  рецепторларға, дәнекер тіндерге, ішкі секреция бездеріне әсер етіп, ағзадағы зат алмасу, регенерация үрдісінің жүруін реттейді, ауырсынуды басады.

Жоғарыда минералдану дәрежесінің үш тобына жататын әрі өзім көріп, сынама алып, зерттеу барысына қатысым бар үш арасан көзіне тоқталдым. Өкініштісі, жерлестеріміздің дені өз аймағында осындай емдік қасиеті бар киелі жердің бар екенінен бейхабар. Аталған нысандарға шетелдік туристердің көбірек келетінін көрдім. Біз есесіне іргемізде тұрған пайдалы суларды ескермей, шетел асуға құмармыз.

Әрине, әр адамның өз таңдауы өзіне. Алайда әркімнің денсаулық жағдайы да өзіне мәлім. Демек, арасан суларының ауруды бәсеңдетіп, зиянды нәрселерді денеден қуалайтын қасиетін ескергеніміз жөн.

Жылына бір рет осы аталған және де басқа емдік сулармен емделіп, ағзамыздың қуатын күшейтсек, өміріміздің ұзара түсетіні сөзсіз. Соған орай, аймағымыз әлемдегі маңдайалды емдік сауықтыру орнына айналар еді. Мұның экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан да пайдасы мол.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды