НӨЛІНШІ ПАЛАТА: МЕН ӘЛЕМГЕ ТАРАҒАН ІНДЕТТІ ҚАЛАЙ ЖЕҢДІМ?

Уақыты: 08.08.2020
Оқылды: 1887
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Таң ата түсіме марқұм журналист Қанат аға Асқаров кірді. Қанат ағаның сұлбасы ғана көрінеді. Бірақ сөйлемейді. Оқырманға түсінікті болу үшін Қанат аға жайлы айта кетейін. Аттай 31 жыл бұрын, яғни, 21 жасымда Талдықорғанға жұмыс іздеп келдім. Имене басып, Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінің редакциясына кірдім. «Журналист Қанат Асқаров» деген кабинеттің есігін қағып, жүзінен мейірім төгіліп тұрған ағаға өзімнің ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жатқанымды, сырттай бөлімге ауысып, мамандығым бойынша жұмыс істегім келетінін айттым. Ол мақсатымды естісімен қалада тіркеуде жоқ адамды ешқайда қызметке алмайтынын ескертіп, сөзі өтетін училище директорына хабарласып, жатақханаға тіркеуге тұрғызып, облыстық телерадиокомитеттің бас редакторы Серік аға Жортановқа айтып, келісімшартпен жұмысқа орналасуыма жәрдемдесті. Қанат аға сондай жүрегі үлкен адам еді. Көңілі түскен адамға көл болатын. Бұрын-соңды көрмеген, ағалап алдына барған маған барлық жақсылықты осылайша бір күнде үйе салды. Кейін де өмірде бір-екі рет әділетсіздікке тап болғанымда  қорғап қалғаны бар.

Сонымен, ұйқыдан ояна салысымен түсімді жорыдым. Түйсігім Қанат ағаның маған бір қауіп төніп тұрғанын ескерткенін ұғындырды. Тіршілігінде қанатының астына алып жүруші еді, рухы әлі де жебеп жүр екен ғой деймін жақсы ағаны сағына еске алып. Сақ болуым керек.

Екі күннен бері төсектен тұра алмай жатырмын. Кеш бата ыстығым көтерілді. Дірілдеп-қалшылдап барамын. Күндегіден өзгеше. Жүрегім айни береді. Қара терге түстім. Көзім қарауытып кетті.

«Жедел жәрдемге» хабарластық. Диспетчер шақырушылардың көптігіне байланысты кезегімнің бір тәулік ішінде бір-ақ келуі мүмкін екенін айтты. «Жансәулені шақырыңдар» деймін. Ол жұбайым Жанаттың інісі, яғни, қайным Жанасылдың қызы, өзімнің де қызым.

Жансәулем қалалық емханада медбике. Соңғы кезде осы сырқатпен күрестің бел ортасында жүр. Яғни, кеселдің қыр-сырын жақсы біледі. Көп ұзамай «Маматай, не болды?» деп Жансәулем жетті. Кеудемді тыңдады.

– Мама, кеудеңізде сырыл байқалмайды. Бірақ бұл кеселдің өзгешелігі сол, оңай-оспаққа сыр бермейді. Өкпеңізді тазалай берсін, – деп «Амбро» уколын салды.

Не де болса «Жедел жәрдемді» күтейік деп шештік. Төрт сағат дегенде фельдшер де келді.

Медбике орыс қыз екен. Ағзамды мұқият тексерді. Үш күн бұрын шақырған «Жедел жәрдемдегі» фельдшер жігіттей «Ангина, саспаңыз» деп тұра қашпай, ойлы көзімен өзіне көңіл аудара отырып: «Қазір дәрі жоқ. Сізге міндетті түрде аскорбин қышқылының уколын салу керек. Ол қазір облыстық ауруханада ғана бар. Танысыңыз болса, сол жақтан алғызыңыз. Ал, таңертең міндетті түрде қалалық емханаға барып, рентгенге түсіңіз», – деп ой тастайтын ескертулер айтып кетті.

Таңертең Жансаям мен Жансәулем емханаға апарды. Жансәуле рентгеніне түсіріп, нәтижесін көріп, ем тағайындағанша қасымда жүрді. «Бронхы қабынуы, яғни, бронхы пневмониясы» екен. Дәрігерден сырқатым қауіпті ме деп сұрап едім, жазып берген дәрілерді тауып, тұрақты ем алсам жазылып кететінімді айтты.

Сонымен, дәрігер тағайындаған анықтама мен керек дәрілер тізімін алып, көше бойлап дәрі іздеп келеміз. Қызым дәріхана көрсе көлігінің тежегішін басады. Мен үмітпен күтіп отырамын. Жансаям сабырлы ғой, дәрінің табылмағанын білдіртпеуге тырысып, машинаға әрнені айтып, алдаусыратып кіреді. «Мама, дәрі іздеп жүргендер көп. Бәрінің қолында бір-бір қағаз. Бір-бірінің телефон нөмірлерін жазып алып жатыр. Дәрі, укол тапса бір-біріне хабарласпақшы», – дейді.

«Жансая» дәріханасына кіріп кеткен балам қомпылдап ренжіп шықты: «Дәрі сұрап едім: «Әлемде жоқ дәрі менде бар деп ойлайсыңдар ма? Маған неменеге келе бересіңдер? Сол дәрілерді өзім де таппай отырмын. Тапсаңдар маған да айтыңдар», – деп дүрсе қоя беріпті. «Жарайды, балам, мына індет елдің бәрінің жүйкесін жұқартты ғой. Шарасыз адам ашуға бой алдырғыш келеді» деймін сабырға шақырып.

Орталық дәріханаға кіріп кеткен қызым күліп шықты. «Дәріхананың ішінде бір кісі екінші адамға айқайлап ұрысты. Түк түсінбей қалдық. «Почему ты здесь ходишь? Сен Ғали Орманов көшесінің бойындағы дәріханалардан іздеуің керек еді ғой. Бұлай бәріміз бір көшенің бойымен жүре берсек дәріні өлгенде таппаймыз», - деп айқайлапты бірі екіншісіне.

Түс кезі. Көзіміз қарауыта бастады. Соңғы дәріханадан шыққанда баламның әлсіреп қалғанын байқадым. «Мама, Салтанат көкеге хабарласайықшы. Дәрі тауып берер», – дейді қызғалдағым. Салтанат көкесі облысқа танымал дәрігер, инсульт орталығының басшысы – Салтанат Мықтыбаева. Ағайынбыз. Талай рет сырқаттанғанымда жанымды арашалап қалған. Басымызға қиындық түскен сын сағатта қасымыздан табылып, демеп еді.

Салтанат Жексенбекқызының дәрігерлік, адамдық қамқорлығының арқасында өмірге бірнеше қайтара оралып едім. «Хабарласа ғой, оның өз жұмысы да жетерлік. Кедергі болмас па екенбіз», – деймін Салтанаттың неврологиялық сырқаттарды аман алып қаламын деп күндіз-түні дамыл таппайтынын, науқастарға көмек көрсету үшін санитарлық авиация тікұшағымен облыстың түкпір-түкпіріне ұшып барып, ем жасайтын жауапты жұмысын еске алып.

Телефонның арғы жағынан тілеулес әпкемнің: «Жансая, қалайсың?» деген жағымды үнін естігенде үміт оты қылаң бергендей болды. Қызым әпкесіне менің қатты ауырып тұрғанымды жеткізді. Диагнозымды естіген бойда Салтанаттың дауысы қатты шықты.

– Тез ауруханаға жеткіз. Мамаңа дем жетпей қалуы мүмкін. Бірден облыстық ауруханаға барыңдар. Рентгеннің қағазын көрсетсеңдер, жатқызады», – деді. Сонымен Алла қарасып, Салтанат Жексенбекқызы себепкер болып облыстық ауруханаға қабылдандым.

Көңіл-күйдің адамы болғандықтан ба, мен ауырсам өліп-талып, барып-келіп сырқаттанамын. Ел сияқты емханада 10 күн жатып, емделіп шығып кету деген жоқ. Туыс-туғанды аяғынан тік тұрғызамын.

Ойпырым-ай, біздің жүйе қағазшыл ғой. Тынысым тарылып, тамағым кеуіп, жаным шығып барады. Бұлар әлі қағаз толтырып отыр. «Мына кісі бозарып кетіпті ғой. Тез бөлімшеге апарыңдар» деген тапсырма берілмегенше компьютердегі қыз шұқыланып отырып алды.

Аурухананың 3-ші қабатына әзер көтерілдім. Тамағым қысып, дем жетпейді. Ентігіп әрең тыныстаймын. Мұнда да қағаз толтырыла бастады. «Шіркін-ай, – деймін іштей. – Алдымен алғашқы көмегін көрсетсе ғой».

Медбике санитар қызға мені палатаға апаруға тапсырма берді. «Қай палатаға? Орын жоқ қой», – дейді көзі шарасынан шыққан бойжеткен. «Нөлінші палатаға апарыңыз!».

«Атауы қандай жаман еді?!» деп ойлаймын ішімнен. Нөлінші палата... Қорқынышты екен. Нөл деген жоқ деген сөз емес пе?

Ішінде үш әйел жатыр. Амандаспақшымын. Көзімнің бұлдырағанынан жаңағы әйелдердің түсін ажырата алмай далмын. Орыс па, қазақ па, қай тілде амандассам екен деймін іштей.

Есікке жақын жатқан әйелге тесіле қарасам, жасы өзім қатарлы қараторы  қазақ әйелі екен. «Амансыздар ма?» деймін дауысым шығар шықпас. Санитар келді де сырқаттардың көптігіне байланысты көрпе-жастықтың жетіспейтінін айтып, жамылғы ғана беріп кетті. Басқа жастайтын жастық та жоқ екен. «Мейлі, – деймін ішімнен. – Ем жасасаңдар болды».

Лоқси бергенімнен ыстығымның көтеріліп тұрғандығын байқап, жүрек айнығанға қарсы ине салды. Жөтел қысып барады. Кеуде тұсым ауырады. Арқам да шаншиды. Бүкіл ағзам бір-біріне бағынбай кетті. Ыңқылым өршіп барады. Тамырымнан сұйықтық жіберді. Демалсын деді ме, кешке қарай анальгин мен демидролды қосып ұйықтатты.

Түн ортасында оянып кетсем, ыстығым көтеріліп кетіпті. Жанымды қоярға жер таппай жатырмын. Күркілдеген жөтел әлсіретіп жіберді.

Менің жоғары жағымда жатқан әйел оттегі жастықшасымен ғана тыныстайды. Жағдайы ауырлап бара жатса аппаратқа қосады. Дәрігерлер қасынан шықпайды. Кеудесінің сырылы аппарат арқылы палатаға естіліп, бөлменің ішін үрейге бөлейді. Қорыққанымнан бір уыс болып жиналып, бүркеніп алдым.

Медбикелердің көңілін өзіме аудармауға тырыстым. Өйткені, бөлімшеде қасымдағы сырқаттан басқа бірнеше адам ауыр жағдайда. Медбикелер жалғыз аппаратты демі таусылып бара жатқан әр адамға кезек апарады. Жарығы үнемі өшіп-жанып тұратын қондырғыны дәліз бойымен салдырлатып-күлдірлетіп сүйрей жүгіргенде миың шыңылдайды.

Түн ортасы ауғанда денем қалшылдап кетті. Аяқ-қолым өзіме бағынар емес. Жамылғым да дірілдейді. Жүрегім айнып, лоқсимын. Ыстық өлшегіш сұрайын десем, медбикелер алашапқын болып жүр. Менен де жағдайы ауыр, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан адамдарға ауа жұтқызу үшін жан алып, жан береді.

Ақыры, градусник алуға өзім барайын деп шештім. Күндіз посттағы шкафта градусниктің тұрғанын көріп қалғанмын. Төсектен сүйретіле түсіп, қабырғаны жағалап, ілбіп дәлізге шықтым. Емделіп жатқан бір еркек постта іш киіммен ғана отыр. Палатада ауа жетпеген соң демалып отырған түрі. Дәл градусник тұрған шкафтың алдына жайғасып алыпты. Менен ыңғайсызданды ма, жоқ, әлде «қорықпаңыз» деген ишараты ма, жақындап едім, бетіме қарап ыржиып күлді. Үлкен  адамның төбесіне қол созып градусникті алғанға ыңғайсызданып, кері қайттым.

Сүйретіліп бара жатыр едім, жағдайы ауырлаған науқас жатқан темір төсекті сүйреткендер жанымнан жүгіріп өте шықты. Сүйретпенің дауысы дәл пойыз вагонының дауысындай. Көрініс төбе құйқамды шымырлатты. Аяққа оралмай орныма барайыншы деп төсегіме жетіп құладым. Әлекке түсіп, таң атырдым.

Таң ағарып атқанда бөлмеге ұзын бойлы, жас дәрігер қыз кірді.  Қасыма келіп жағдайымды сұрады. Түнде қызуымның көтерілгенін айттым.

– Ыстығыңыз қаншаға көтерілді?
– Меніңше, 39 болды ғой деймін. 
– Өлшедіңіз бе?
– Жоқ, алдыңғы күні 39 болғанда дәл солай қиналғанмын. 
– Неге медбикені шақырмадыңыз?
– Өздері ана кісіні (қасымдағы әйелді нұсқап) құтқару үшін алашапқын болып жүрген соң үндемедім.

Дәрігер қолындағы аппаратқа сұқ саусағымды кіргізіп, сәлден кейін: «Сатурациясы 93, жүрек соғысы минутына 110. Тахикардия, тез электркардиограммаға түсіріңдер. Тамырынан церакцон жіберіңдер, емді жаңадан тағайындаймыз», – деді де шығып кетті. Медбикелер жүгіріп жүріп жүрегімді кардиограммаға түсірді. Укол мен система ұзағынан жасалды.

– Жаным-ау, ауырған соң келдің ғой. Жағдайыңды айтпасаң олар қайдан біледі? Мен де ыстығыңның көтерілгенін байқамаппын, – деп қасымдағы Аманай шыр-пыр болып жүр.

Миым дың-дың, жүрегім дір-дір. Бар үмітім дәрігерлерде. Ал жоғары жақтағы Шәкурә әлі тыныс алу аппаратында. Мықтылығына таң қаламын. Бой бермей күресіп жатыр. Арасында тынышталғанда «Реанимацияға әкетпесе екен» деп қояды.

Аманай бізден бұрын келгендіктен сырқаты жеңілдеген. Ол Шәкура екеумізге ыстықтап шай береді. Көрпемізді қымтайды. Киімімізді ауыстыруға көмектеседі. Алғысымызды қоса жаудырамыз.

Үшінші күні маған цефтриаксон уколы жаға ма деп сынама жасап көріп еді, қолымның ине салған жері ісіп кетті. Төртінші күні медбике түскі уақытта келіп, укол салайын деп жатыр. «Айналайын, бұл уақытта маған укол салмайтын. Андағы не?» десем, «цефтриаксон» дейді. Өзі жылдам екен, сұйықтықтың біразын денеге жіберіп үлгерді. Қорыққаннан қалшылдап кеттім. Есін жиып, сөйлеуге жарап қалған Шәкура: «Оған ол укол кеше жақпаған. Не істеп жатырсыңдар?», – деп шар ете қалды. Сөйтсек, алдындағы медбике аталмыш уколдың маған кері әсер еткенін журналға жазбай кетіпті. Сөйтіп, қарадан қарап өліп қала жаздадым.

Сол күні кері әсер еткен уколдың біразы денеге жіберіліп қойғаннан ба, жоқ, системаның бірі жақпады ма, өкпе тұсымның ұлғайғанын, демалуымның қиындағанын сездім. Негізінде аузым берік адам еді. Бірақ шыдамай цефтриаксонға қатысты болған жайтты түнгі кезекшіліктегі медбикелерге айтып, өкпе тұсымның ауырлағанын, алқынғаннан дем жетпей бара жатқанын айтып,  диагнозым мен нақтаманың сәйкестігін тағы бір тексерулерін өтіндім.

Бесінші күн дегенде Шәкура замандас аппаратсыз өз бетінше демала бастады. Қуанышымызда шек жоқ.  Өзі бір ақкөңіл адам.  «Қыздар, гимнастика жасайық, шай ішейік», – деп бәрімізді өмірге ынталандырады.

Кешке сырқаттардың көбеюіне байланысты қасымызға тағы бір төсек қойды. Бұрын да күннің ыстығы мен терезенің ашылмайтынынан ауа жетпей жатқан төртеуміз бесінші адам қосылған соң тіпті есеңгіредік. Менің енді қан қысымым төмендеп кетті. Жан-жағымдағылардың сөзі күңгірлеп естіледі.

Түн ішінде Шәкура оятады. «Мына адам терлегеннен малмандай су болды. Менің жаймамды беріп едім, ол да шылқып кетті. Суық тиіп қалмасын, жамылғыңды бересің бе?» – дейді. «Әрине», – деп көрпемді оған беріп, өзім біртұтам жаздық халатымды бас-аяғыма жеткізіп, жан-жағын тұмшалап, жұмыртқаның ішіне тығылғандай бүрісіп алдым.

Сырқаттанып жатқанда елдің телефон соққаны да жүйкеге тиеді. Арғы жақтағы адамның не жайлы айтқанын бірде түсінсең, бірде түсінбейсің. Айтқан сөзіне жауап күтіп тұрып алатындарды қайтесің? «Дұрыс жауап бермедің»...» деп ренжитіндер тағы бар. «Жаны ашымағанның қасында басың ауырмасын» деуші ме еді? Оның үстіне сөйлегенде еркін тыныстай алмағандықтан қақалып-шашалып қаламыз. Бір-біріміздің жүйкемізге тимес үшін палатадағылар телефонмен ұзақ сөйлеспеуге уәделестік.

Жанар құрбым хабарласты да: «Жаным, Гүлжан, ауруханаға түсіп қалыпсың ғой. Тез жазыл, мазаңды алмайын, телефонды сөндіремін», – деді. «Осындай түсінігі жоғары адамдардан айналмайсың ба?» деймін іштей.

Укол салатындардың ішінде барлығымыз Асылжан деген ұлды жақсы көреміз. Қасыңа келеді де тізе бүгіп отыра қалып, сұйықтық жақсы жүретін тамырыңды таба қояды. «Мына тамырыңыз ұнап тұр. Ренжімесеңіз, осы жерге салайыншы» деп көк тамырыңды уақытша «сұрап алады».

«Тамыры қашатын» сырқаттардың барлығына Асылжан ем жасайды. Кейде сырқаттар шулап оны үйінен шақыртып алады.

«Қаныңызды тексереміз» деп алып кеткендер бірер минуттан соң құтыларын көтеріп қайта келеді. «Қанымды сорып бітірдіңдер ғой» деп мен шыр-пыр боламын. Сөйтсем, қаным қоюланып кетіпті. Яғни, тромбыға айналуға аз қалған. Лабораторияға жетпей ұйып қала береді екен. Сонымен менен сынама алушылар бесінші ретпен әрең тоқтады.

Барлығы 60-70 адам жатқан бөлімшеде екі дәрігер. Біріншісі – Нәзира Нұрланқызы. Бір қызығы, мен осы Нәзираның Ұлбатай апасы жайлы бір кезде «Ұлбатай ана» деген мақала жазған едім.  Алтын құрсақ ананың немересі де мықты дәрігер болып қалыптасыпты. Сөзі мен ісіне мығым. Жасты да, кәріні де аяғынан тік тұрғызып, емдеп шығарып жатыр.

Екінші дәрігер – Меруерт Тілеукенқызы. Нағыз дәрігер. Сырқаттарды сөзі, жеңіл қалжыңымен, жан-дүниесін түсіне білуімен-ақ емдеп жібереді. Әр сөзіңді мұқият тыңдап, сырқатыңның сырына үңіліп, жағдайыңа қарап, сабырлы қалпымен ой түйіндейді. Бүгінде көпшілік дәрігердің бойынан осы қасиеттерді іздейді. Ізгілік, мейірім, қайырым, жылы жүз Меруерттің бойында молынан бар.

Не деген оңбаған кесел деймін де. Шілденің 1-де тамағым ауырып басталды. Ал, 9-да ауруханаға түстім. Бар-жоғы 8-9 күнде ағзамды түгел жаулап алды. Ауруханада 12 күн ем алдым. Әлі де әлсізбін. Жата беремін. Қан қысымым көтерілмейді. Басым мең-зең. Жүрегім жиі соққанда үй ішінде аласұрып кетемін.

Бүгін жеті шелпек пісірмекші болып едім, біресе ұнды төңкеріп алдым, біресе үстелдегі қантты төктім. Шелпек те пісті, мен де әлсіреп құладым. Дәрігердің айтуынша, толық жазылу үшін  1-2 ай керек. «Алла, күш-қуат бере гөр», – деп жалбарынамын.

Адамның басы – Алланың добы. Қай күні, қай жерден дәм татарыңды білмей қаласың. Індет біздің де жанымызды шырқыратып, жақсылап қысып алды.

Ауруханада жатқанда түйгенім – емханаға кесел дендемей бару керек. Демің барда жетсең дәрігерлер бар жанын салып, аман алып қалады. Демі таусылар шақта апарылғандарды құтқара алмай қалады... Әсіресе, жауапты қызметте жүргендер елдің қамын ойлаймын деп емханаға кеш барып, «Әттеген-ай!» десіп қалып жатырмыз. Ет пен сүйектен жаралған әр пендеге денсаулық керек. Ендеше, бір-бірімізге жанашырлық танытайық.

Жан олжа!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды