"СЕНБІ-ЖЕКСЕНБІ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ": КАРАНТИННІҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 14.08.2020
Оқылды: 1207
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауымен бекіткен еді. Осыған орай Журналистер үйінде аймағымыздағы эпидемологиялық ахуал мен Алматы облысындағы карантин шараларын жеңілдетуге қатысты баспасөз мәжілісі өтті.

Шарада алғашқы болып сөз алған облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов:

– Коронавирус пандемиясы әлі де жалғасуда. Індет басталғаннан бері аймақта 4781 КВИ жағдайы тіркеліп, соңғы аптада аурудың өсу қарқыны 0,5%-ды құрады. Десе де, алдын алу шараларының арқасында індеттің таралуын тежей алдық. Қоғам мен бизнес өкілдерінің тілектерін ескере отырып, біз біртіндеп карантиндік шараларды жеңілдетеміз. Сауда үйлерінде жұмыс істеуге рұқсат береміз, жазғы алаңдарды ашамыз. Бірақ облыс тұрғындары мен бизнес өкілдері қауіпсіздіктің негізгі ережелерін бұзбауы керек, яғни, жаппай жиналатын орындарға бармай, қашықтық пен бетперде режимін сақтаулары керек, – деді.

Осыдан кейін 17 тамыздан бастап жұмысын қайта бастайтын нысандар туралы хабарлады. Оның айтуынша, сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлардың жұмысы 10-нан кешкі 9-ға дейін, бутиктер сағат 11-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. Бірақ демалыс күндері барлық нысандардың жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ, дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінің жұмысы кешкі сағат 9-ға дейін ұзартылады.

Жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлары 30%-ға толықтырумен жұмыс істейді. Яғни, жұмыс күндері 10-нан 16.00-ге дейін, көтерме базарлар таңғы 6-дан 12-ге дейін жұмыс жасап, демалыс күндері жабық болады. Жазғы ашық алаңдар отырғызу орындарының шектелуімен жұмыс істейді (30). 15 адамға арналған балабақшаларда кезекші топтар ашылады. Қоғамдық көліктің жұмысы таңғы 6-дан 10-ға дейін және кешкі 17-ден 21-ге дейін 5 минут аралықпен жүрсе, монша, сауна, фитнес орталықтар, балалар коррекциялық кабинеттері, білім беру орталықтары 50% толымдықпен болады. Сұлулық салоны, шаштараз, СПА косметологиялық орталықтары алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді.

Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу салтанаттары және басқа да үлкен іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Бар, түнгі және ойын-сауық клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына рұқсат берілмейді. Мәдениет нысандарының, мұражайлардың қызметі әзір жанданбайды, конференция, көрме, форумдар өткізуге болмайды. Бассейн, қалалық және қоғамдық жағажай, ашық аквапарктер және діни нысандардың жұмысы әлі де ашылмайды. Қала маңындағы жолаушылар, қалааралық автобустардың жұмысы тоқтатылады. Бұл жерде шағын автобустар қосылмайды.

Мұндай шараның бәрі де эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында және тұрғындардың амандығын қорғау үшін қолға алынғаны белгілі. Ал жұмысын бастайтын жоғарыда аталған нысандар алдын ала жаңадан ашылған infokazakhstan.kz сайтына тіркеліп, өзінің карантиндік талаптарды сақтайтыны және барлық қауіпсіздік шараларын атқаратыны жайлы өтініш білдіруі керек. Ол арнайы комиссияның талқысынан өтіп, бекітіледі.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Темерлан Разбеков:

– Негізінен бизнесін бастауға ынталы кәсіпкерлер жаңадан ашылған infokazakhstan.kz сайты бойынша өтініш берулері керек. Сондағы талаптарға үйлесімділеріне жұмыс бастауға рұхсат беріледі. Біз мұнымен қоса облыстағы жұмысы тоқтатылған кәсіпорындарға тексеру жұмысын жүргіздік. 13 тамыздағы есеп бойынша 3197 кәсіпорын тексеруден өтті. Оның 2708-і жұмысын бастауға дайын, – деп бүгінгі жағдайды хабарлады.

Кездесу барысында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де өздері тарапынан атқарылған жұмыс ретін таныстырып, карантин шарасын жеңілдетуге байланысты кәсіпкерлерге толық ақпарат беріліп, олардың дайындық жұмысын пысықтап жатқанын жеткізді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы