Жарақатсыз жыл басы

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1564
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Наурызда  дастарқан аққа толып, той-думан көбейіп, қыз-жігіт қызыл-жасыл киініп, көңілге қуаныш ұялайды.  Бір өкініштісі,  кеңес одағымен бірге келіп, өмір сүру салтымызға мықтап кірігіп алған тағы бір жаңа жылды ұлан-асыр дастарқан жасап, желтоқсанның соңғы күні тойлайтынымыз бар. Екі мерекеде  де демаламыз.  Қызықтаймыз. Бір-бірімізге сыйлық жасап, қуантамыз.  Бірақ екеуі екі түрлі тойланады. Олардың әрқайсысы қоғамда әртүрлі сипатқа ие. Әртүрлі әсер етеді. 

Адам үшін ең үлкен құндылық – денсаулық.  Осы орайда той тойлаудың салдарынан он екі мүшеге зақым келтіру бойынша алғашқы сұрағымызды облыстық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Анарбек Моңғолханға қойған едік. «Қыстағы мерекеде аяқ-қолын сындырып алушылар саны артады. Менің тәжірибемде, қыстағы мейрамда демалған      4-5 күнде тәулігіне біздің бөлімге кемінде          6-7 адамнан түседі. Олардың көбі мұзда тайғанап құлап, аяқ-қолын қайырып, тобығын шығарып, бас миы шайқалған жағдайлар.  Басында ет қызуымен, ішімдік күшімен байқамай, кейіннен жаны шырқырап жатады.  Осы күндері көлік апатына ұшыраушылар да көбейеді.  Күннің аязына, табиғаттың дауылына қарамай алыс жолға шығып кететіндер бар, – дейді дәрігер.  Келесі кезекте зерттеуді халықтың тыныштығын, қауіпсіздігін сақтаумен айналысатын  құзырлы органдарға барып,  жүргіздік.   Ішкі істер департаменті  баспасөз қызметінің маманы Айгүл Жандәулетованың айтуынша, желтоқсанның соңғы күні басталатын мейрамға құқық қорғаушылар  сақадай-сай дайындалады екен. Себебі, бұл күні ішімдік суша ағады.  Аққайнардың  шүмегі аспанға атылғанда алақайлаған жұрт соңын «аққа», «қызылға»  ұластырып әкетеді.  Сыйластық үшін көтерілген тост соңы  әнге, жырға ұласып, қыдырыстау басталады. 
Үй-үйді аралау түн жарымнан кейін басталады. Міне, тәртіп сақшыларының айтуынша, қылмыс та осы кезде белең ала бастайды.  Сағат тілі 1-ге ауғанда телефон қоңырауы соғыла бастайды.  Айналып келгенде барлығы сол аққайнардың жол ашқанынан бастау алатынын айтады полицейлер. Мұрны бұзылғандар,  мас күйінде  рульге отырып, қимас досын іздегендер, жаға жыртысып, бас бермегендер, көше тыныштығын бұзғандар әкеліне бастайды.  Ел  тойға айналғанда, қойға айналатындар таң ата ұрлық, тонау жоспарларын іске асырады. Бір қызығы, қылмыскерлер жаңа жылдық айла-тәсілдерді жасауды  алдын ала ойластырып, ессіз қалған үйлер мен көліктерді торуылдап жүреді екен. Облыстық ішкі істер басқармасынан алынған мәлімет бойынша, өткен  31-желтоқсан мен 1-қаңтар аралығында 80 қылмыстық оқиға тіркеліпті. Оның 50-і ұрлық, 8-і бұзақылық,          7-алаяқтық, біреуі себепсіз басқаның көлігін мініп кеткен жағдай. Қалғандары әртүрлі қылмыс. Үсіп қалғандар да  орын алады.   
Құқық қорғаушылар Наурыз мейрамында мұндай оқиғалардың көп орын алмайтынын айтады. Ол күні  той-томалаққа барушыларға жол көрсету,  сақтық шараларын жасау сияқты міндеттерді атқаратынын айтады. «Мүлде қылмыс болмайды деуге келмес. Өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алып жатады ғой. Десе де, қыстағы мейрамдағыдай төтенше  қылмыс болмайды», – дейді құқық қорғаушылар. Бас ауырып, балтыр сыздаса «Жедел жәрдемнің» көмегіне жүгінеміз.  Барлық жағдайды тіркейтіндер де солар.  Келесі кезекте  қалалық жедел жәрдем мекемесіне бас сұқтық. Диспетчер Берік Жұмаев: «Халықтың түсінігі қызық. Мереке болса болды ішу керек деп түсінеді. Мысалы, биылғы қыстағы жаңа жылда барлығы 387 шақыру түсті.  Соның 12-сі арақтан улану. Оларды біз көбінесе наркологиялық диспансерге апарамыз. Сонан соң  ішудің салдарынан қан қысымы көтерілгендердің шақыртуы көбейеді.  Сәбилердің  ыстығы көтерілу жағдайлары жиі орын алады. Себебі,  балаларды алаңға апару, таң атқанша қыдырыстау  суық тиюге апарып соғады. Содан кейін бүлдіршіндердің іші өтіп, асқазаны сыр беріп, аллергия шығып шақыртады. Оның бәрі  балаларға не болса соны бергендіктің салдары. Ал Наурызда барлығы күндегідей өтеді». Міне, екі  мереке – екі түрлі жағдай. Осыдан-ақ қаңтардағы Жаңа жылды тойлаудың қаншалықты зиян әкелетінін саралай беріңіздер. Ағайын, ас та төк ұлан-асыр ақ дастарқан жайылатын, бір-бірімен сағына қауышып, көңіл кірін тазартатын, бар табиғат қайта тіріліп, күн мен түн теңелетін әз Наурыз мейрамынан асқан ұлт құндылығы жоқ. Бұл күні адам да, табиғат та жаңарады.


     Гүлжан Мұқашқызы.