ҚАТЕРЛІ ІСІК ЖАСТАР МЕН СӘБИЛЕР АРАСЫНДА ДА ТАРАП БАРАДЫ

Уақыты: 17.09.2020
Оқылды: 2182
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ана мен бала денсаулығы - медицина саласының ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі. Халқымыздың болашағы, мемлекетіміздің ертеңі ана мен бала денсаулығына байланысты.

Осыған байланысты 2008 жылдан бастап, елімізде скрининг бағдарламасы жүргізіледі. Аталмыш бағдарлама арқылы үш сырқаттың алдын алуға болады. Ол – сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі және тік және тоқ ішек қатерлі ісігі. Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №995 бұйрығы бойынша, скринингтен өтетін топқа жататын тұрғындардың қатары арттырылып, мемлекет тарапынан қосымша қаражат бөлінді. Тексерілу үшін тұрғын өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, тест жасатады. Сүт безі қатерлі ісігі скринингі 40 пен 70 жас аралығы, тік және тоқ ішек қатерлі ісігі  50 мен 70 жас аралығы, жатыр мойыны қатерлі ісігі 30 бен 70 жас арасында өткізіледі.

Статистика бойынша біздің елімізде қатерлі ісік сырқатына шалдыққандар саны – 186 326. Қатерлі ісікке шалдыққандар саны жыл санап артуда. Қатерлі дерт дер кезінде анықталып, алдын алу шаралары жасалғанымен, кесел жасарып барады. Бұл сырқат кейінгі жылдары балаларда да көптеп кездесуде. Ал 40 жастан асқаннан кейін қатерлі ісікке шалдығу қатері арта түседі. Статистикалық мәлімет бойынша, ең көп таралғаны - сүт безі қатерлі ісігі, екінші орында - жатыр мойны қатерлі ісігі, үшінші орында - ішек қатерлі ісігі.

Қатерлі ісікке көбінесе ота жасатқан, ісікке қарсы химиотерапия және сәуле терапиясын алған науқастар шалдығады. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар инфекцияға көбірек ұшырайды. Себебі, иммунитет төмендеп кетеді.

Демек, бұл сырқаттарда COVID-19 ауыр түрде өтеді. Ісікпен ауыратын науқастар үшін жаттығу жасау өте маңызды. Таза ауада серуендеу керек. Егер сырқаттың таза ауада демалу мүмкіндігі болмаса, үйдің терезе, есігін жиі ашып тұруы керек.

Қазіргі ала-сапыран кезде обырға шалдыққандар елеусіз қалмауы тиіс. Қазақстанда аталмыш дертті емдеу бойынша бірыңғай клиникалық диагностикалау мен емдеу хаттамасы бар. Осыған сәйкес сырқаттың түрі және қарсы көрсеткіштеріне байланысты әртүрлі емдеу тәсілдері қолданылуда.

Мысалы, хирургиялық ем, химиятерапия, сәуле терапиясы қолданылады. Кез келген адам инфекция жұқтыруы мүмкін. Сондықтан, әр адам жеке және әлеуметтік гигиенаны сақтау керек. Пандемия кезінде қатерлі ісікке шалдыққандар ем алуын тоқтатпауы керек. Науқас жоспарлы емін алғаннан соң сырқатының беті қайтса, ол  міндетті түрде оқшаулануы керек. Себебі, инфекцияны жұқтыру қаупі жоғарылайды.

Сырқат жас талғамайды. Статистикалық мәлімет бойынша, 40 пен 70 жас аралығындағы адамдарда аталмыш дерт көп кездеседі. Өкінішке қарай, соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмаған, тіпті, 1 және 2 жастағы балаларда да қатерлі ісік кездесуде.

Жыл сайын елімізде 300-ден аса сәби осы аурумен тіркеуге алынады. Мұның басты себебі, экологияның ластығы десек, қателеспеген болар едік. Дертін естіген жағдайда, науқастар күйзеліске түседі. Қазір барлық онкологиялық орталықтарда психолог және әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар жұмыс жасайды. Олар науқаспен сөйлесіп, психологиялық тренингтер жүргізіп, күйзелістен шығарады. Емге дайындайды.

Өкінішке қарай, емдеуді қаламайтын адамдар да бар. Әрине, әр адам емді әрқалай көтереді. Осыған орай науқастар қиындықтарға шыдамай, ем алудан бас тартып жатады. Кейбір науқастар арнайы мамандарға дер кезінде қаралмай, халық еміне жүгініп, дертін асқындырып алады. Асқынған дертті дәрігерлер емдей алмайды. Сондықтан, уақытында скринингтен өтіп, күдік пайда болған жағдайда дәрігердің кеңесіне жүгініңіз!

Рәш  ШАЛБАЕВА,

Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары

Сурет - ғаламтордан