ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ПЕРЗЕНТХАНА ҚАЙТА ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 22.09.2020
Оқылды: 1262
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша көпшілікті еңбекке тарту облыста жақсы жолға қойылған. Бұл орайда денсаулық сақтау саласында тындырымды істер атқарылуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласына 1,5 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Оған бес жаңа мекеме салынып, төрт дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Іргетасы 1992 жылы қаланған Алматы облыстық перинетальді орталық осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмысын көрмеген. Есік-терезе, еден, қабырғалары әбден ескірген.

- Бөлме мен дәліздің қиылысқан жері тегіс болмағандықтан сүйретпе арба өткізу қиындық тудыратын. Әсіресе, ота жасалған адамды айқұш-ұйқыш дәлізбен алып жүру ыңғайсыз және ауыр еді. Бұрынғы палаталары 5-6 адамға арналған. Біріншіден, көп адам жатқандықтан бөлменің ауасы тарылып кетеді. Екіншіден, балалар мазасызданғанда бірін-бірі оятатын. Ендігі жерде палаталар 2-3 адамға арналып жасалуда. Ыңғайлы және жайлы. Әр бөлмеге дәретхана қойылған, – дейді орталық директоры Қанат Жұмашев.

Мердігер – «Құрылысшы-ТБС» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі орталық ішін әйелдердің дүниеге сәби әкелуі мен денсаулығын күтуіне ыңғайлап жасауда. Мұнда бағдарлама аясында 50 адам жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда Алматы облысының медицинасына жаңа құрал-жабдық сатып алу үшін 7,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға компьютерлік томография, өкпені жасанды желдету, рентген аппараттары алынған.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, бүгінде облысқа жетіспейтін дәрігерлерді шақыру, әлеуметтік жағдайын жасау жағына көңіл бөлінуде.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысанның бірі - Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Аталмыш мекеме 1994 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде мұнда “Голден СИТИ DS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеуде. Құрылысқа  121 миллион теңге қаржы бөлінген. Бағдарлама аясында 10 адамды жұмыспен қамтыған.

Аумағы 560 шаршы метрлік мекеменің іші-сырты түгел жаңалануда. От жағу үшін екі жылыту пеші қойылды. Барлығы 2200 тұрғыны бар ауыл үшін дәрігерлік амбулатория жарап-ақ тұр. Екі қабатты, кабинет, палаталары кең ғимарат науқастарды қабылдауға жайлы. Құрылыс қарқыны жақсы. Нысан пайдалануға уақытында беріледі.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды