ҚАТАҢ КАРАНТИН ҚАЙТАДАН ЕНГІЗІЛЕ МЕ? МИНИСТРЛІК ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 1043
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау министрлігі 20 қыркүйек пен 15 қазаннан кейін Қазақстанда қатаң карантин болады деп тарап кеткен қауесетке түсініктеме берді. Бұл жайында Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

- Мен жақында ғана 20-сынан бастап (қыркүйек) карантин күшейтілетіні туралы ақпаратқа түсінік бергенмін. Ресми түрде мұндай іс-шаралар жоспарланбағанын хабарлаймын. Бұл жалған мәлімет, қазақстандықтарды расталмаған ақпаратты таратпауға және сенбеуге шақырамын. Осындай шаралар қабылданса, біз хабарлаймыз, - деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Ержан Байтанаев елдегі жағдай керісінше карантиннің жеңілдеуіне бет алғанын айтады.

- Мұның барлығы фейк. Біз жалған ақпарат таратқандарды іздеп, полицияға арыз жазамыз. Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бірақ Бас санитар дәрігердің барлық талабын сақтау керек, - деді ол.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың екінші толқыны қашан болатынын айтқан еді. Министрдің сарапшылардың болжамына сүйене отырып сөйлеген сөзіне қарағанда, шамамен қараша, желтоқсан айларында қауіпті індет қайта өршуі мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан