КОРОНАВИРУС: ПАНФИЛОВ АУДАНЫНА ОТТЕГІ СТАНСЫСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1275
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Панфилов ауданында пневмонияға шалдыққан науқастар үшін арнайы оттегі стансысы орнатылады. Бұл туралы Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы құны 76 млн.теңгені құрайтын жоба қазан айында іске қосылмақ. Қазір стансыны орнату жұмыстары басталды. 320 орынға арналған орталық аурухана жанынан ашылатын оттегі стансысынан бір мезетте 50 нүктеден оттегі толтырылады.

Орталық аурухананың бас дәрігері Төлеу Сарпековтің айтуынша, стансы сағатына 50 метр кубқа дейін оттегі құяды. Сондай-ақ, 120 науқасқа бір уақытта қажетті оттегі беріледі.

- Алматыдан ауыр баллондарды таситынбыз. Енді, міне, бұл мәселе де шешілді. Бұдан бөлек, осы пандемия кезінде біздің орталық ауруханаға кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар оннан астам оттегі концентратын, басқа да қажетті медициналық жабдықтарды тарту етті. Мемлекет тарапы да қажетті көмектерді көрсетуде. Ғалымдар болжамы бойынша алдағы уақыттағы індеттің екінші толқынына біздің өңір толықтай дайын. Тек тұрғындар барлық ескерту мен санитарлық талаптарды сақтаса болғаны, - дейді Панфилов аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері Панфилов ауданында 139 адам індетке шалдыққан. Қазір аталған науқастар толықтай жазылған. Өңірде санитарлық талапты сақтау жұмыстары қатаң бақыланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"