ЕКІНШІ ТОЛҚЫН: ӘЛЕМДЕ КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ҚАЙТАДАН ӨРШІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 1114
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Вирус құрсауындағы әлем індеттен құтылар емес. Ол аздай жаһандық экономика құлдырай бастады. Жыл басында басталған коронавирустың екінші толқыны күзге тап келеді деген болжамдар айтылып жүрген-ді. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы мен мамандар арнайы мәлімдеме жасамаса да, бірнеше мемлекет инфекциялық аурухана салып, дайындығын бастап кетті. Ал коронавирус жұқтырған науқастар саны әлем бойынша 30 миллионнан асты.

Науқастар саны бойынша рекорд жаңаруда

Қыркүйектің ортасына қарай  әлем бойынша бірнеше мемлекетте вирус жұқтырғандар саны өскені туралы хабар жиіледі. Біз де Францияда науқастар саны рекордтық деңгейге жеткенін жаз­ған болатынбыз. Өткен демалыста Еуро­па елдері карантин шараларының күшей­тілетінін хабарлады.

Индонезия жексенбі күні елдегі вирус жұқтырғандар саны 4 мыңнан асқа­нын хабарлады. Бұл вирус бастал­ғалы ең рекордтық көрсеткіш болып отыр. Бүгінде Индонезиядағы вирус жұқ­тырған науқастардың жалпы саны 240 687-ге жетті. Франция да өз рекор­дын жаңартты. Испания астанасы Мад­ридте аймақтық төтенше жағдай жария­ланды. Аса үлкен қажеттіліксіз үйден шығуға тыйым салынды. Ұлыбритания Премьер-Министрі Борис Джонсон коро­навирус пандемиясының екінші толқыны басталғанын, алайда екінші рет карантин жариялауды қолдамайтынын хабарлады.

Осылайша, Британия Үкіметі пандемияға қатысты жаңа ереже шыға­ра­тыны белгілі болды. Бүгінде елде 41 мың адамның вирусқа шалдыққаны хабар­ланып, Еуропадағы ең үлкен көрсет­кішке ие болып отыр. Вирус өрші­ген мемлекеттердің қатарында Иран, Поль­ша бар.

Науқастар саны бойынша көш бас­тап тұрған – АҚШ. Мұхиттың ар жағын­да шамамен 7 млн-ға жуық адам індет жұқтырған. Одан кейін 5 млн-нан ас­там адам Үндістанда тіркелген. Үштік­ті Бразилия түйіндеп тұр. 4,5 млн брази­лия­лықтың вирус жұқтырғаны белгілі.

COVID-19 вирусы шыққалы бері нақты әрі жылдам ақпарат беріп отыр­ған Джон Хопкинс университетінің мә­лі­метінше, 30 млн 4 мың адам вирус жұқтырса, оның 1 млн-ға жуығы, яғни, 943 мың адам көз жұмған.

Қатаң карантинге асығар емес

Қатаң карантин енгізуге кіріскен мемлекеттер саны аз. Қытай Жуйли провинциясын жауып тастады. Мьянмадан келген екі мигранттан вирус шығып, түгел бір провинция тұрғындары тексеруден өтіп, үйлерінде отыруға мәжбүр болды. Қытай үкіметі елде заңсыз жүргендердің барлығы депортацияланатынын ха­бар­лады. Ал Чехия Денсаулық сақтау министр­лігі ауруханаларда орын қалмаға­нын, дәрігерлер дамылсыз жұмыс істеп жат­қанын мәлімдеді. Дегенмен елде ка­ран­тин шаралары күшейтілмеген, оқу­шы­лар мектепке барып жүр. Оларға бетперде киіп жүру талабы қойылған. Әзірге Из­раиль ғана жалпыхалықтық карантин жа­рия­лаған жалғыз мемлекет болып отыр.

Африка құрлығы тестілердің жетпеу мәселесімен әлі күресіп келеді. Жалпы материк бойынша миллион науқас бары хабарланды. Әйтсе де, сарапшылар бұл ақпараттың нақты емес екенін, осы­­лайша әлемдік статистиканың дәлді­гіне зиян келіп тұрғанын айтады. Бұған дейін жазғанымыздай, Афри­када тест сынамалары жетпей, тұрғын­дар­дың жартысы ғана тексерістен өткен. Мәселен, Оңтүстік Африка Респуб­ли­касы халықтың үштен бірін ғана тексер­ген. ДДСҰ мәлімдемесі, бойынша Афри­ка­дағы науқастар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп.

ДДҰ-ның Еуропа елдері бойынша директоры бүгінгі статистиканы «дабыл» деп қабылдау керектігін айтты. «Материк бойынша бір күнде 300 мың науқастың тіркелуі – қауіптенетін жайт. Еуропаның өзінде жалпы 5 млн-ға жуық науқас бар. Олардың 230 мыңға жуығы қайтыс болды. Бұл – мемлекеттерге құлаққағыс», деді Ханс Клуге Копенгагенде өткен брифингте.

Вакцинаға апарар жол

Бірқатар мемлекет пен фарма­цевтикалық компания вакцина жұмысына кірісіп кетті. Алайда әзірге бұл салада алға жылжу жоқ. Күні кеше АҚШ президенті өз елінде дайындалып жатқан вакцина 3 қарашада, яғни президент сайлауына дейін дайын болатынын хабарлады. Алайда сарапшылар мен медицина қызметкерлері мұндай ғажайыптың болуы мүмкін емесін, болжамның қисынсыз екенін айтады. Вакцина жасаудан Ресей де дәмелі. Ең алғаш болып вакцина сынамасын өткізген де – Ресей. Тамызда жасалған вакцинаның «жауап бергені» хабарланды. Бірақ сарапшылар бұл талпыныстың тым аз және нәтижесіз боларын болжап отыр. Жақында Оксфорд университеті вакцина жұмысын қайта жандандырды. Бұған дейін вакциналары адам денсаулығына қауіпті деген болжам айтылып, жұмысқа тоқтау салынған-ды. Өткен аптада университет қызметкерлері бірнеше адамға сынама жасап та үлгерді. Әйтсе де, нақты нәтижеге біраз уақыт қажет. Денсаулық сақтау министр­лігі Қазақстанға көрші елдің «Спутник V» вакцинасынан 2 млн доза әке­летінін хабарлады.

Естеріңізде болса, елде алғашқы науқас тіркелген бойда қа­зақстандық зертханалар сынама алып, вакцина дайындауды бастаған еді. Жақында Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақ­стандық вакцинаның Ресей вакци­на­сынан сапалы әрі тиімдірек екенін мәлімдеді. Дегенмен Ресей вакцинасын сатып алу қажеттігіне қатысты пікір айтпады.

Ресей вакцинасына қатысты тартыс көп. Әлемдік сарапшылар бұған сынмен қарайтынын жасырмады, тіпті, ашық хат жариялап та үлгерді. Олар алғашқы сынамаға тек 76 адамның қатысқанын дұрыс деп есептемейді. «Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өз вакциналарын сынау үшін мыңға тарта еріктіні жинады. 76 адаммен нақты көрініс алу мүмкін емес. Олардың тең жартысы ғана алғашқы фазасынан өтті. Одан кейін фазалар арасындағы уақыт интервалы туралы да ақпарат жоқ. Дәрігерлер жас ерекшеліктерін де ескер­меген, алғашқы топ ішінен үлкен жас­тағы азаматтарды көрмедік» деп жазады ғалымдар.

Сарапшылар вакцина жарысында ең көп қаржы жұмсаған мемлекет не ең бай компания жеңіске жетеді дейді. АҚШ вакцинаға 10 млрд АҚШ долларын бөліп, шамамен 2021 жылдың қаңтарында 300 млн доза алуды көздеп отыр. Ал вирустың таралуын тоқтату үшін әлем халқының кем дегенде 60-70 пайызына вакцина салу керек. Осы орайда егде жастағы адамдардың ағзасына вакцина әсер етпейтіні тағы бар. Бұл адамзатты құтқару миссиясымен қатар пайда жолындағы күрес екені де белгілі. Өйткені алғаш болып вакцина жасаған компания не мемлекет дайын өнімді басқа мемлекеттерге сататыны сөзсіз. Бұл жолдан Германия да, тіпті Үндістан да мүдделі. Әзірге нақты нәтиже мен сенімді ақпарат жоқтың қасы.

Дағдарыс күшейе түсті

Баспасөзде бизнеспен қатар түрлі саланың дағдарысқа ұшырағаны жарыса жазылып жүр. Әуе компанияларының шығыны алдағы 5 жылдықта өтелмесі туралы да ақпар жеткілікті.

Экономикалық ынтымақтастық пен серіктестік ұйымының (ЭЫСҰ) пайымдауынша, 2021 жылға қарай жаһандық экономикаға 7 трлн.АҚШ доллары көлемінде залал келеді. «Жаһандық экономика бұған дейін айтылғандай тез арада қалпына келе қоймайды. Вируспен әлі бірнеше ай бірге жүреміз. Ал бұл бұрынғы экономикалық белсенділіктің әзірге қайтып келмейтінін көрсетеді. Оның үлкен дағдарыс екенін жасырмау керек», - дейді ұйымның бас экономисі Лоранс Бун. Сонымен бірге, ЭЫСҰ жаһандық ІЖӨ-нің 4,5 пайызға төмендейтінін де мәлімдеді. Осы орайда тығырықтан шығу үшн мемлекеттердің қаржыландыруы қажет екені ескертілді. Бірқатар мемлекет экономиканы қалпына келтіру шарасы ретінде трлн.АҚШ долларын бөлді. Дегенмен, бүгінгі сандар дағдарыс бұлтының әзір көше қоймайтынын көрсетіп отырғандай.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

"Egemen Qazaqstan"