ЖАЗДА КОВИД ЖҰҚТЫРҒАНДАР ҚЫСТА ҚАЙТАДАН СЫРҚАТТАНУЫ МҮМКІН

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 951
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ адам ағзасындағы антидененің жойылуына байланысты елімізде коронавирустан бұрын жазылып шыққандар қайта сырқаттануы мүмкін екенін ескертті.

- Ғалымдардың әртүрлі пікіріне сүйенсек, коронавирусты жеңіл көтерген азаматтардың ағзасында антидене 1 ай уақытқа, ал орта немесе ауыр көтергендердің ағзасында 3-5 айға дейін сақталады. Біздің елде коронавирус жұқтырудың шарықтау шегі осы жылдың маусым-шілде айларына келгені белгілі. Егер біз талдау жасап көрсек, аталған уақыттан 3-5 айдан кейін, яғни, қараша-желтоқсан айларында коронавирусты орта немесе ауыр жағдайда көтергендердің ағзасында антиденелер құрып бара жатыр. Сол себепті олардың қайтадан ауруға шалдығу ықтималдығы, қаупі бар, - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Денсаулық сақтау министрі әлемде коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенімен, Қазақстанда мұндай адамның әлі кездеспегенін мәлім етті.

"ҚАЗАҚПАРАТ"