Обырдың емі - алдын алу

Уақыты: 17.04.2017
Оқылды: 3538
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ауырмаудың жолын іздеген дұрыс-ақ. Бірақ кейде кеш қалатынымыз рас. Ағзада сырқат белгісі байқалған жағдайда емді жылдамырақ бастаған жөн.  Денсаулықты уақытымен тексертіп, күмән туындаған жағдайда ем-шара жасатудың қатерлі ісік дерті үшін маңызы зор. Еліміз бойынша жылына 30 мың адам обыр дертіне шалдығады екен. Зерттеушілер скрининг жүйесі бойынша кеселді ерте анықтап, асқынудың алдын алмаса дертке шалдығушылар санының бұдан да арта түсетінін айтып, дабыл қағуда. Талдықорған қаласындағы облыстық онкология диспансерінің директоры Болат Сейітқазин сырқаттанудың алдын алу жайлы кеңінен айтып берді. 

– Қатерлі ісік созылмалы ауру қатарына жатады. Қатерлі ісіктің бірінші жасушасы пайда болғаннан рентген, эндоскопия, УДЗ  зерттеулерімен анықтауға болатын кезге дейін 10 жылдай уақыт өтеді. Оған дейін анықтау мүлде мүмкін емес. Кеселдің тез дамып, өсетін түрі бар. Ол көбінесе нәрестелерде кездеседі.  Шарана дертке  анасының құрсағында жатқанда душар болады. Бірақ ондай сырқат өте сирек кездеседі, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің директоры Болат Ахметұлы. Дәрігердің айтуынша, бүгінде қатерлі ісікті сегізінші-тоғызыншы жылдары анықтау мүмкіндігі туындаған.  Белгілері байқала қоймаған 0,1,2 сатыларда   анықтаудың  емі сөзсіз  нәтижелі болар еді.  Бұл орайда скринингтік жүйе қолданылуда.  Скрининг – сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісіктерін ерте кезде анықтауды мақсат етеді.  Адамдарды скрининг бағдарламасы бойынша зерттеу  тегін. Тексертуге шақыртылған   адамдарда сырқат сол  жаста жиі кездесетіні дәлелденген.  Дүниежүзі бойынша зерттеу нәтижесі осылай.  Нысаналы жастағы адамдардың денсаулығы жіті қадағаланатыны сондықтан.   Зерттеу өте қымбатқа соғатындықтан, барлық адамды бірдей  тексеру мүмкін емес. Скрининг – көбінесе ісікалды ауруларын анықтауда медицина қызметкерлерін  машықтандыру  мақсатында жүргізіледі.  Денсаулық сақтаушылар тұрғындардың скринингтік тексеруге баруда әлі де шабандық танытып жатқандығын айтады. Нысаналы жастағы адамдарды скрининг зерттеулеріне шақыру оңай емес көрінеді.   Дәрігерлер тұрғындардың тексерілуге он шақты рет шақырғаннан кейін  әрең келетінін айтады.   Кейбіреулер  зерттеуден үзілді-кесілді бас тартатын көрінеді. «Басқа салғанын көреміз.  Бәрі Жаратушының қолында», –  деушілер асықпайды екен.  «Сақтансаң сақтаймын» деген тәмсілдің де бары оларды ойлантпайтын көрінеді.  Күнделікті тұрмыс-тіршіліктің күйбеңімен тексерілуді ұмытып, естен шығарып алатындар  үшін бүгінде скринингтік жүйенің жұмыс істеп жатқаны жайлы халық көп жүретін жерлерде радио арқылы хабарланып жататынын құлағымыз шалып қалады.  Бірақ бойкүйездік денсаулығымызды тексертуге жар бермейтіні  шындық.  
– Қатерлі ісіктің алғашқы белгілеріне себепсіз салмақ  жоғалту,   тәбеттің төмендеуі, қатерлі ісік пайда болған органның  жұмысының нашарлауы жатады. Мысалы, өңеш қатерлі ісігінде жұтқыншақ тырнап, ауырсынып, кептеледі. Асқазан қатерлі ісігінде тамақты аз көлемде ішкеннің өзінде ұзақ уақытқа дейін тамақ толып тұрғандай, қорытылмағандай, батып ауырғандай  сезіледі. 
Тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісіктері – дәретте қан немесе қанның іздері байқалады. Ішек кеуіп, дәреттің зорға шығуы, кейде себепсіз іш өтіп, бұрап ауырады. Көзге көрінетін қатерлі ісіктерге:  тері қабыршығы, ауыз қуысы, сүт безі, қалқанша без,  қынап, жатыр мойны және тік ішектің ісіктері жатады. Егерде аталған органдарда түйін, жара  байқалса дереу учаскелік дәрігерге көріну керек. Ал  учаскелік терапевт ары-қарай қай маманға, қандай зерттеуге жіберу керектігін   шешеді.  Сырқаттануға не себеп екені болатыны жайлы пайымдайықшы.  Зерттеушілердің айтуынша, басты себеп – зиянды әдеттер.  Темекі шегу – өкпе, кеңірдек, ерін, өңеш, асқазан, ұйқы без, қуық органдарының қатерлі ісігіне әкеліп соғуы мүмкін. Арақты мөлшерсіз ішу –  асқазан, бауыр, ұйқы безі, өңеш обырының пайда болуына әкеліп соғады. Дене қимылының аздығы, сондай-ақ, артық салмақ тоқ ішек пен тік ішек, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына себепкер. Сары аурумен ауырған адамда бауырдың ісігі жиі кездеседі. Жыныстық қарым-қатынастың мәдениетін сақтамағанда – жатыр мойны, жатыр сарбезі,  ерлердің қуық асты безі обыры пайда  болады. Сүрленген, қақталған, кептірілген, консервіленген тағамдарда ащы, тұзды заттар шамадан тыс көп болады.   Тағамда көкөністердің аздығы, не болмауы  ағзаның ауруға қарсы тұру мүмкіндігін азайтады.  Мысалы, американдықтар иммунитетті жақсарту үшін тамақ алдында  шырын ішіп, тамақтан кейін жеміс-жидек жейді. Арақ-шарапты минералды сумен араластырады.  Сондықтан да, американдықтарда асқазан рагі өте сирек кездеседі. Американдықтар тамақты мөлшерсіз көп ішкеннен тоқ ішек пен тік ішек, сүт безі, жатыр мойны, ерлерде қуық асты безінің обыры жиі кездеседі. 
Адам осы аурудың барына  сезіктенсе қайда қаралу керектігін назарыңызға сала кетейік.  Ағзаңыздағы  өзгерісті байқап, күмәндансаңыз бірден учаскелік дәрігерге барған дұрыс.  Себебі, жолдамамен тексерілсеңіз барлығы тегін. Өз бетінше қаралатындар, асқазаны ауырса – фиброгастроскопия, өкпе ауырса – флюрография, рентген, бауыр, бүйрек, ұйқы безі –УЗИ, компьютерлік томография, тоқ ішек пен тік ішек ауырса –  колоноскопия, сүт безі ауырса – маммолог дәрігерге, жатыр қынап, ішкі жыныс органдары ауырса – гинеколог дәрігерлерге көрінген дұрыс. Сырқат тұқым қуалай ма деген сұрақ төңірегінде  Болат Ахметұлын сөзге тарттық. Өйткені,  кез-келген сырқаттың ата-анадан берілетіні жайлы жиі естиміз. 
– Егер ата-анасы,  әпке, аға, бауырлары ауырса балаларында міндетті түрде қатерлі ісік пайда болады деп айтуға болмайды. Дегенмен,  қатерлі ісіктің  пайда болуына қауіп жоғары екені рас. Сондықтан туысында обыр ауруы анықталса, міндетті түрде  алдын алу шараларын  жасау керек. 

Қатерлі ісік – өмірдің соңы емес. Бірақ  әлемді сырқат дерті меңдеп тұрған қауіпті шақта дәрігерге уақытымен тексеріліп тұрған абзал. Адам денсаулығының 80 пайызы өмір сүру салты мен күтінуіне, 10 пайызы қоршаған ортаның өзгерісіне, қалған  10 пайызы ғана медицинамен байланысты екенін тағы бір ескерте кетейік.

Тақырыпқа орай:

Қатерлі ісікке қарсы тағамдар

   Сарымсақ  иммунитетіңізді көтеріп, қанды тазартады. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін күніне екі сарымсақ жеген дұрыс.

 Сәбіз – қуықасты безінің қатерлі ісікке шалдығуынан сақтайды. Оның құрамында бета-каротин мен антиоксиданттар өте көп. 

 Саңырауқұлақ – обырды болдырмауға
көмектеседі.

 Көк шай – қатерлі ісікке қарсы қолданатын сусын. Оның құрамындағы антиоксиданттар бүйректің қатерлі ісігін баяулатып, ас қорыту жолдарын жақсартады. 

 Қызанақты күн сайын жеңіз. Бұл – қатерлі ісікпен белсенді күресетін көкөніс түрі. Қызанақтың сыртын қызыл түске бояйтын ликопен ағзаңызды зиянды заттардан қорғап, жүрек ауруын болдырмайды. 

 Куркума – қуықалды безі қатерлі ісігінен қорғайды. Өйткені, оның құрамында көптеп кездесетін куркумин жасушалардың өсуін баяулатып, санын азайтады. Бұл емдеу әдісін қатерлі ісіктің бірнеше түріне қарсы қолданады.

Гүлжан Тұрсын