Емхана таңдау мүмкіндігі беріледі

Уақыты: 27.04.2017
Оқылды: 1741
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Қор жетекшілерінің айтуынша, жүйе денсаулықты сақтау үшін тиімді, қолайлы болмақ. Егер сырқатыңыз үшін көлемді қаржы керек болса, қор ақшаны жеткенінше бөледі. Жұмыс беруші мен жеке адамның аударылымы құзырлы органдардың жіті қадағалауында болады. Қор қаржысының  мақсатқа сай жұмсалуы, көрсетілген қызметтің сапасы назарда ұсталады. Қызмет көңілден шықпаса кез келген адам қор жетекшілеріне шағым түсіре алады. Осы орайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының стратегия және медициналық қызмет ақысын төлеу департаментінің директоры Серік Тәңірбергеновпен сұхбат жүргізген едік.  Әңгіме барысында  көпшіліктің көкейіндегі сауалдарды қоюға тырыстық.

– Серік Тарасұлы, жұмыс беруші қарамағындағы жұмыскерлерге не үшін жарна аударуы тиіс? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін жұмыс орындары қысқаруы мүмкін бе?
– Қаржылық дағдарыс кезінде шығынды қысқарту мәселесі әр кәсіпорын үшін алдыңғы орынға шығатыны рас. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығу үшін кәсіпорын басшылары қаржыны жан-жақты үнемдеуге көшеді. Тіпті, жұмыс орындарын да қысқартуы мүмкін. Штаттағы еңбеккерлердің саны азайған сайын қалғандарының иығына салмақ көп түседі. Бизнестің жүруі  қалған қызметкерлердің еңбекқорлығына, білім-білігіне байланысты өрістейді. Сондықтан, жұмыс беруші  қарамағындағы жұмыскерлердің денсаулығына қамқорлық танытуы тиіс. Олар да  мамандарының шаршап-шалдықпай, сергек болуын назарда ұстайды. 
Сақтандыру жүйесі қызметкерлердің табысына қарамай медициналық көмектің барлық түрін, оның сыртында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ота жасатуға мүмкіндік туғызады. Айталық, сіздің қарамағыңыздағы  қызметкер қатты сырқаттанып қалды. Емделу үшін көп қаражат пен уақыт керек. Қаржылық жағдайдың қиындығына байланысты оған сіз де қол ұшын бере алмайсыз. Ал, әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін сырқатты емдеу, күту және оңалтуға кететін шығынның бәрін қор өз мойнына алады. Оның үстіне, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің төлейтін жарнасы денсаулық сақтау саласын нығайтуға, қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға, сырқаттанудың алдын алуға жұмсалмақшы. Еңбеккерлерін медициналық сақтандыру пакетімен қамтамасыз етіп отырған жұмыс берушілер әзірге көп емес. Әлеуметтік пакет білікті мамандарды өзіне тартуға негіз болуда. Ал, алдағы уақытта міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін әлеуметтік пакетті еңбеккерлердің барлығы пайдалана алады. Әлемнің көптеген елдері сақтандырудың дәл осы түрін таңдаған. Өйткені бұл жүйе бизнес үшін де, жұмыскерлер үшін де өте тиімді.
Әлбетте, салықтан жалтару мақсатында табысын жасыру дерегі кез келген экономикада кездесуі мүмкін. Бұл мәселені шешудің әртүрлі тәсілі бар. Онымен фискальды мекемелер айналысады. Біріншіден, жұмыскер емдеу мекемесінің көмегіне жүгінген кезде оның атына аударылған жарна көлемі электронды жүйе арқылы анықталып, салыстырылады. Жарнаның уақытылы төленген-төленбегені тексеріледі. Екіншіден, салық органдарына әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалған аударымдар туралы декларация тапсырылады. Соның негізінде қарыз өндіріліп, алынады. Оның үстіне, жұмыс орындарын қысқарта салу да оңай шаруа емес. Оның да машақаты шаш етектен. Ол үшін кәсіпорын басшылары қысқартуға мәжбүрлеген жағдайларды (табысының төмендеуі, тапсырыстың азаюы, т.б.) тиісті құжаттар негізінде расталуы тиіс. Сондықтан, жұмыс берушіге табысын жасырғаннан, жарна төлеген тиімдірек болады. Десе де, мұндай келеңсіздіктер орын алмайды деп үміттенеміз. Қазір елдегі экономикалық жағдай түзеліп, жұмыс орындары санының артқаны байқалады. Отандық кәсіпорындарда 6,5 млн.-нан астам жалдамалы жұмыскер еңбек етіп жүр. Жұмыс берушілер ай сайын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 53 млрд. теңге аударуы тиіс. Ал, олардың жұмыскерлер үшін төлейтін сақтандыру жарнасы 23 млрд. теңгені құрамақ. Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың алдындағы жауапкершілігін ұмытпайды. Зейнеткер, жұмыссыз, көпбалалы ана, жүкті және бала күтімімен үйде отырған әйел, мүгедек және студенттер үшін жарнаны Үкімет төлейді. Ондай санаттағы азаматтардың жалпы саны 10 миллионнан асады. Сол арқылы әлеуметтік сақтандыру жүйесінің  жұмысы қалыпты жүргізіледі. 
– Көпшілік, әсіресе, жастар дәрігерлердің көмегіне жүгіне бермейді. Олардың атына аударылған қаржыны туысы пайдалана ала ма?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарға көрсетілген медициналық көмек ақысы жинақталған қаржы есебінен ғана өтелмейді. Егер біз әр адамның жинаған ақшасын өзіне ғана жұмсап қоятын болсақ, белгілі бір азаматтың төлеген жарнасы ол пайдаланған медициналық қызмет ақысын өтеуге жетпей қалуы мүмкін. Мысалы, жұмыс берушінің өз қарамағындағы жұмыскер үшін төлейтін жарнасын алып қаралық. Қазіргі болжамдар бойынша, 2018 жылдың            1 қаңтарынан бастап ол әр қызметкердің жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Мамандардың есептеуінше, 2018 жылы орташа жалақы 152 106 теңгені құрамақ. Жұмыс беруші келер жылдың басынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы соманың 1,5 пайызын, яғни айына 2 282 теңге немесе жылына 27 384 теңге аударады. Мысалы, пневмония (өкпе қабынуы) сынды кең таралған сырқатты емдеуге орта есеппен 90 240 теңге, соқыр ішекті алып тастау құны         67 525 теңге, ал, босану құны 52 814 теңге. Көріп отырғандарыңыздай, медициналық көмек ақысы әркімнің өзінің жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын операцияларды айтпағанда, тіпті, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан, қорға жинақталған қаражат қоғам игілігі болып табылады. Яғни, ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде әркім қаржыны өз мүмкіндігіне қарай төлейді, бірақ, көмекті қажетінше алады.  
– Міндетті сақтандыру шеңберінде қандай медициналық көмектер көрсетілмек? Қымбат операцияларға ақша жетпесе қалтасынан төлей ме?
–Міндетті сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылған азаматтардың бәрі  МӘМС пакетінде қарастырылған медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтылады. Оған емханалық-амбулаторлық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық және станционарды алмастыратын медициналық көмек, денсаулықты қалпына келтіру мақсатында емдеу шарасы, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек, паллиативті көмек және мейірбике күтімі кіреді. МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызмет түрлері мен берілетін дәрі-дәрмектер тізімі алдағы уақытта толықтырылып, үкіметтің  қаулысымен бекітіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын әр азамат міндетті сақтандыру қаржысын төлесе де, төлемесе де кепілдендірілген тегін медициналық көмек алуға құқылы. 
Жоспар бойынша МӘМС шеңберінде қымбат операцияларға кететін шығынды жабу көзделген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жұртшылық жарнаны мезгілінде төлейтін болса, шараның игілігін халық көреді.
– Серік Тарасұлы, емхананы қалай таңдаймыз? Әркім өзінің қалаған дәрігеріне бара ала ма?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әр азаматқа емхана мен аурухана таңдау мүмкіндігі беріледі. Жаңадан енгізіліп отырған жүйенің артықшылығы да осында. Бірақ, емхананы жылына 1 рет таңдауға болады. Алдағы уақытта МӘМС пакетін пайдаланғысы келетін әр адам емхана таңдап, тіркелуі тиіс. Өзіңізге ыңғайлысын таңдайсыз. Ол сіздің тұрғылықты жеріңізге әлде жұмысыңызға немесе оқу орнына жақын орналасқан емхана болуы әбден мүмкін. Емхананы басқа әкімшілік аумаққа қоныс аудару, жұмыс немесе оқу орнын ауыстыру сынды себептер бойынша жылына 1-ақ рет ауыстыруға болады. 
Стационарлық ем қабылдау үшін аурухана таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Стационарда жоспарлы түрде ем қабылдау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен аурухананы ғана таңдай аласыз. Мұндай ауруханалардың тізімі денсаулық сақтау басқармалары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайттарында, баспасөз құралдарында, сондай-ақ, «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталында жарияланады. Шұғыл медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда пациент жақын маңдағы немесе салалық ауруханаға жеткізіледі.
– Қор қаржысы басқа қандай жағдайларда пайдаланылады?
– Қорға түсетін жарналар мен аударымдардың бәрі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі есепшотына түседі. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын қор ешқандай инвестициялық қызметпен айналыспайды. Оның үстіне, ешкімге қолма-қол ақша берілмейді. Активтердің барлығы қормен келісімшарт бекіткен, сақтандыру пакеті шеңберінде тұрғындарға медициналық қызмет көрсеткен емханалар мен емдеу мекемелеріне тікелей аударылады. Яғни, қаражат медициналық қызмет ақысынан басқа мәселеге жұмсалмайды. 
– Әңгімеңізге рахмет! Жаңа реформа ел игілігіне қызмет етсін деп тілейік.

Гүлжан ТҰРСЫН