МИНИСТР: "ҚАЗАҚСТАНДА КОВИД ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ 20 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ"

Уақыты: 23.11.2020
Оқылды: 1099
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен онлайн режимде өткен селекторлық жиында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, індеттің алдын алу мәселесі талқыланды. Жиынға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Үкімет отырысында сөз алған Денсаулық сақтау министрі А.Цой санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен қабылданып жатқан шаралар, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау туралы баяндама жасады.

– Індет әлі сейілмей тұр. Республикамыздың бірқатар облыстары қауіпті сары аймақта тұр. Қызыл аймақта Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары бар. Қызыл, сары қауіпті аймақта тұрған облыстарда қатаң карантин шаралары сақталуда, – деген А.Цой өткен аптамен салыстырғанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 20 пайызға өскендігін айтты. Сонымен қатар, жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес пандемия кезінде негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыру, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Қарулы Күштердің кеселмен күресу мақсатында атқарған шаралары қаралды. Медициналық бетперде, қолғап пен қорғаныс костюмі өндірісі де талқыланды.

Медициналық бетперделер бойынша өндіріс қуаты тәулігіне 1,4 млн.дананы құрайды. Қорғаныс костюмдері де жеткілікті. Айына 250 мың жиынтық өндіріледі. Сонымен қатар, қоймада 15 млн.дана бетперде, 4 млн.қолғап, 355 мың медициналық костюм бар. Бетперделерді көбейту бойынша әлі де қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Жиын барысында әр облыс әкімі сөз алып, аймақтарда атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.

Бұл мәселе бойынша Асқар Ұзақбайұлы індеттің алдын алу жұмыстарын күшейту, дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру, медицина қызметкерлеріне де сақтық шарасын қатаң қадағалау сияқты нақты тапсырмалар берді.

Соңында Алматы облысының әкімі індет бойынша күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты мамандар мен орынбасарларына бірқатар тапсырма жүктеді. Сонымен қатар, жыл аяқталып келе жатқанын ескертіп, бюджетті толықтай игеру керектігін жеткізді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан