ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОРОНАВИРУС БОЙЫНША 71 АДАМ ЕМ ҚАБЫЛДАУДА

Уақыты: 25.11.2020
Оқылды: 1135
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековпен баспасөз-конференциясы өтті. Тақырып – коронавирус індетінің екінші толқыны бола қалған жағдайға дайынбыз ба деген мәселе төңірегінде өрбіді.

Бұл орайда облыста арнайы жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Барлығы 200 адамды емдеуге арналған ауруханада 71 адам жатыр. Оның екеуі - жүкті әйел.

– Жалпы, облыс бойынша 5574 адам аталмыш сырқатпен тіркелді. Соңғы тәулікте 25 адам ауруханаға жеткізілді. Кеселге шалдыққандардың 13-і жансақтау бөлімінде жатыр. Облыс бойынша 2500 адамды емдеуге арналған төсек-орын дайын. Сондай-ақ, 180 санитарлық көлік қызмет көрсетеді. Шалғай ауылдардың тұрғындарын медициналық тексеруден өткізу үшін 12 жылжымалы кешен пайдаланылуда. Облыста дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры бар. Емдеу препараттарының  2 айлық қоры жасалынған, – деді Өмірзақ Әбілсейітұлы.

Облыста медицина мамандары жеткіліксіз. Мәселені шешу үшін облыс әкімі Амандық Баталов дәрігерлерге тұрғын үй беру жайын қолға алған еді. Нәтижесінде, соңғы уақытта 17 маманға пәтер кілті табысталды. Алдағы уақытта коттедж қалашығынан 48 баспана берілмекші. Барлығы 130 маман баспанамен қамтылмақшы. Бұл – жұқпалы кеселді емдейтін дәрігерлерді жұмысқа шақыруға мүмкіншілік тудырады. Сондай-ақ, коронавирусты тексеруге арналған 10 зертхана жұмыс жасайды.

Өмірзақ Әбілсейітұлының айтуынша, аталмыш зертханалар тәулігіне 5 мың адамды тексерістен өткізе алады. Медицина саласының басшысы бүгінгі таңда тексерістің нәтижесі бір тәулікте шығарылатынын атап өтті.

Баспасөз-конференциясында журналистер санитарлық «Жедел жәрдем» көлігі шалғай ауылдарға да жіберілсе, медициналық пункттердің барлығы жөндеуден өткізілсе деп біраз деректің бетін ашты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков айтылған мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды. Жалпы, облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай қадағалауда. Сақтық шаралары жасалуда.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан