ЕКІ АЙДА ТҰРҒЫЗЫЛҒАН АУРУХАНА ІШІ СУЫҚ: ЖЕЛІДЕГІ БЕЙНЕЖАЗБА

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 1231
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Instagram» әлеуметтік желісінде Талдықорғандағы жаңа жұқпалы аурулар ауруханасына қатысты даулы бейнежазба тарады. Өзін жаңадан салынған ауруханада емделіп жатқан науқас Біржан Жанахметов деп таныстырған азамат мекемедегі жылу температурасы 10 градус шамасында көрсетіп тұрғандығын айтады.

Видеода терезе алды көрпемен қымталып қойғаны көрінеді. «Міне, осындай. Міне, қанша градус екенін қараңыздар», - деген ол температура өлшегіш құралын көрсетеді. Сондай-ақ, бейнежазбадан оның №10 палатада емделіп жатқанын көруге болады. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкіроваға хабарласқанымызда:

- Мүмкін сол кезде жылу тарату жүйесі (отопление) бұзылып қалған шығар. Жағдай анықталу үстінде. Панфилов ауданында да сондай шу болды. Шын мәнінде, жылыту жүйесінде ақау болып, 1-2 сағатқа өшіріп тастаған. Сондай жағдай болған шығар, – деген жауап алдық.

Айта кетерлігі, жаңадан салынған жұқпалы аурулар ауруханасына мемлекет қаржысынан 7.3 млрд.теңге бөлінген. Одан бөлек, 50 күн ішінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілген болатын. Осыны алға тартқан оқырмандар видео астынан түрлі мазмұндағы пікірлер қалдыруда. Біреуі бөлінген қаржыға металлоконструкциядан емес, асықпай жаңа аурухананың қабырғасын көтеруге болатынын жазған. Сонымен қатар, @zhannasakhova есімді желі пайдаланушысы: «Өтірік видео. Видеоны түсірген адам өтірік айтады. Мен өзім аурухана ашылғанда осында жаттым. Абай көшесіндегі жұқпалы аурулар емханасынан осында көшірді. Ол жерде 13 күн жаттым. Іші керемет, жылы», – дей келе, ақпаратты таратушы адамның жалған сөйлеп тұрғанын жазып, сенбеуге шақырды.

Желідегі аталған бейнежазбаны екі сағаттың ішінде 12 мыңнан аса адам көріп, 100-ге жуық желі тұтынушысы өз пікірін қалдырған. Комментарийлердің 80 пайызы негатив болса, қалғаны позитив пен қалжың араласқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"