Түсіндіру тобы құрылды

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1359
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көпсалалы ауруханада бас дәрігерлер міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру  жүйесіне ену тақырыбында жиналыс өткізді. Басқосуда Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі штабтың мүшесі Құрал Құрақбаев жаңа бағдарламаны халыққа түсіндірудің қыр-сырын, әдіс-тәсілін айтып берді. 

Міндетті сақтандыруды қарапайым халыққа түсіндіру әлі де өз дәрежесінде жүрмей жатыр.  Емханаларға тіркелу басталғанымен, ел көлемінде өз емдеу мекемесін таңдағандар саны бар-жоғы 100 мың адам.  Кім қайда тіркеледі, оның қандай заңдылықтары бар? Қай мекемені таңдағаны дұрыс? Осы жайында халықты ақпараттандыру әлі де кемшін. Құрал Құрақбайұлының айтуынша, жер-жерлерде бірнеше адамнан  тұратын түсіндіру  тобы құрылды.  Олар медицина мамандары мен ауыл әкімдері. Түсіндірушілер көпшілікке сауалнама үлестіріп, жауап берушілердің талап-тілегін мұқият зерттеуі тиіс.  Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтар ерекше ескерілуі керек. Сондай-ақ, сауалнамада жауап берушінің аты-жөні,  құжаты жазылмағаны абзал.  Себебі, құжаты сұралса адамдар жалтақтап, өз ойын  батыл айтпайды. 
Бір таңғаларлығы, осы күнге дейінгі жүргізілген сауалнамада жұмыссыздар қатарын  25-29 жас аралығындағы жас жігіттер мен қыздар құраған. Жиында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың артықшылығын халыққа түсіндіру жайы айтылды.  Болашақта алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына кіру үшін міндетті түрде  медициналық сақтандыруды күн тәртібіне енгізуіміз керек.  Қор жұмысын бастаған соң медициналық мекемелердің қызмет көрсетуі жақсарады.  Себебі, қор қаржысы тіркелген адамның санына қарай бөлінеді. Мұнда емхананы таңдау өз құзырыңда болғандықтан, сапалы қызмет көрсететіндерді ғана іздейтініміз рас. Қордан түскен қаржыға заманауи технологиялар сатып алынады.  Талап күшейеді. Қаржының жұмсалуы қатаң қадағаланады. Мұның барлығы айналып келгенде жұртшылықтың дұрыс ем алуы үшін жасалып жатқан игі қадам болмақ. Ендеше, әрбір тұрғын емханасын таңдап, тіркелуге асығу керек.

Гүлжан ТҰРСЫН