ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӨПШІЛІКТІҢ ЖАППАЙ КӨШЕДЕ ЖҮРУІНЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Уақыты: 14.01.2021
Оқылды: 1793
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус індеті күзден бастап қайтадан белең алды. Ал қаңтар айында үдеп кетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық инфекциялық ауруханада бүгінде 181 адам емделіп жатыр. Осыған байланысты бірнеше елді мекенде шектеу шарасы күшейтіліп, басқосулар азайтылды. Сенбі-жексенбі күндері Талдықорғанда базар аралап, сауда үйлерінде қыдырыстауға тыйым салынады.

Осы орайда Талдықорған қалалық  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Мелдебаев қаланың қызыл аймаққа енуіне байланысты  Гауһар ана мен Ақын Сара көшесінен  Шевченко көшесіне дейінгі аралықта сауда-саттық жасау тоқтатылатынын айтты. Сондай-ақ, Біржан Сал мен Құрмановтан Қабанбай батыр көшесіне дейінгі аралықта көпшіліктің жүруіне тыйым салынады. Қоғамдық көліктер 6.00-ден 10.00-ге дейін, сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін жүреді. Қоғамдық тамақтану нысандары 9.00-ден түнгі 12.00-ге дейін жеткізу қызметімен ғана айналысады. Спорттық нысандар, қоғамдық монша, бассейндер де жұмысын тоқтата тұрады.

Адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындарда бетперде кию міндеттелді.

Сәкен Жамбылұлының айтуынша, тағы 7 аурухана дайындалуда. Сонымен қатар, 1120 орын және 100 интенсивті терапия палатасы қарастырылған. Қала бойынша 120 өкпені жасанды желдету аппараты, 136 оттегі концентраторы бар.

Брифингте журналистер жауапты мамандарға сақтық шарасын ауруханалар маңында да күшейтсе, әр мекеме адамдардың дене қызуын кірген-шыққан сайын қадағалап тұрса деген ұсыныс айтты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы