ӘЙЕЛДЕР НАЗАРЫНА! ОНКОГИНЕКОЛОГТАР ТЕГІН ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗЕДІ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 1166
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы қаласында онкогинекологтар Ашық есік күні аясында тегін қабылдау өткізеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Аталған шарада Алматы өңірінің тұрғындары келіп, тегін тексеріспен бірге денсаулығына қатысты кеңес те ала алады. Қабылдау өтетін орын - Алматы қаласы, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы, Р.Бағланова көшесі, 69А. Уақыты: 23 қаңтар күні, сағ: 9:00-14:00-ге дейін.

Айта кетейік, медицина саласы әлемде күн санап қарқынды дамып келеді. Кез келген ауруды бастапқы кезеңінде анықтаса, оны толығымен емдеп шығуға мүмкіндік мол. Соның ішінде, онкологиялық ауруларды бірінші сатысында анықтау өте маңызды.

Қатерлі дерттің алдын алу мақсатында Қазақстанда 2008 жылы арнайы ұлттық бағдарлама қабылданған болатын. Бағдарламаға сай тұрғындар жыл сайын тегін скринингтен өтіп тұрады. Ал Қазақстан - ТМД елдері ішінде тегін скринингтен өткізетін жалғыз мемлекет.

Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың директоры Олжаев Саяхат Тәуірбекұлының айтуынша, бүгінде әйелдер арасында «жатыр мойыны обыры» жиі кездестін ауру түріне айналды. Елімізде жыл сайын осы аурудан 600-ге жуық әйел қайтыс болады екен. Жатыр мойыны обыры әйелдер арасында кездесетін онкологиялық аурулар бойынша сүт безінің қатерлі дертінен кейін екінші орында тұр.

- Қабылданған ұлттық бағдарламаға сай онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындарды тегін скринингтен өткізу қарастырылған. Бүгінде онкологиялық аурулардың ішінде жатыр мойыны обырына көбіне жасы 40 пен 50 арасындағы әйелдер жиі шалдығады. Деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 1700-ге жуық әйелден қатерлі дерт анықталады. Алайда қатерлі дертке шалдыққан адам оны үкім деп қабылдауға болмайды. Біз пациенттерге үздіксіз ем жүргізумен қатар психологиялық көмек те көрсетеміз. Сонда қолданған ем нәтижесін береді, - дейді клиниканың бас дәрігері. 

Айта кетейік, 2021 жылдың 23 қаңтарында Қазақстанның барлық онкологиялық ұйымдарында жатыр мойыны обырының алдын алу және ерте анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Ашық есік күні өтеді.

Ашық есік күні әйелдер онкогинекологтың тексеруінен өтіп, тегін кеңес ала алады. Алматы облысының оңтүстік өңірі бойынша 2020 жылы 1481 адамнан қатерлі дерт анықталып, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында жалпы 9244 адам тіркеуде тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"