КОРОНАВИРУС: АЛТЫ МИЛЛИОН ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА ЕКПЕ САЛУ КӨЗДЕЛГЕН

Уақыты: 20.01.2021
Оқылды: 1147
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Үкімет басшысы Асқар Мамин селекторлық негізде өткізген жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдар халықты жаппай вакциналауға дайын болсын деген тапсырма берді. Осы отырыста Денсаулық сақтау министрі тағы бір қорқынышты болжам айтты. Ол - наурыз айында ковидтің күшеюі. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Биылғы жылдың соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандықты вакциналау көзделген. 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою көзделген.

Сырқаттанушылықтың таралу көрсеткіші мен деңгейі бойынша Қазақстан Республикасы Түркия сияқты сары аймақта тұр. Вакцина салу дәрігерлер мен оқушылардан басталмақшы. Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды. Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат министрлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын реттеу тапсырылды. Бірінші кезеңге – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатқызылады. Олар 100 000 адамды құрайды.

Ал II кезең – жалпы білім беретін мектептер, арнаулы орта оқу орындары, жоғары оқу орындарының педагогтары, ведомстволық медициналық қызметтің медицина қызметкерлеріне салынады. Олар – 150 мың адам. III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтар, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар (600 мың адам) биылғы сәуірден бастап; IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар (600 мың адам). V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам. VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адамға вакцина алынбақшы.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн.қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған. Жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «КВИ-мен сырқаттану осы жылдың наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін. Біздің есептеуімізше, 2 млн.адамды вакцинациялау сырқаттануды 40 мыңға азайтады», – деді.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағанын ескере отырып, сондай-ақ, КВИ-ге қарсы вакцинациялау жүргізуге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне эпидемиологиялық тәуекел аймағына байланысты шектеу шараларын дереу енгізу, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, медициналық ұйымдардың ағымдағы жылғы 1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакцинацияны бастауға дайындығын қамтамасыз ету, КВИ-ге қарсы вакциналарды сақтау және тасымалдау үшін тоңазыту жабдықтарын және термоконтейнерлерді сатып алуды аяқтау, вакцинациялау процесіне тартылған барлық мамандарды КВИ-ге вакцинациялау мәселелері бойынша оқытуды қамтамасыз ету жүктелді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Қаржы, Әділет министрліктері мен жергілікті атқарушы органдарға бір күн ішінде КВИ-ге қарсы вакцинацияны Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізуді регламенттейтін ҚР Үкіметі қаулысының жобасын келісу,  ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне барлық өңірлердің егу пункттерінің КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайындығын алдын ала бақылауды қамтамасыз ету, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне халықты вакцинациялауды қоса алғанда, КВИ профилактикасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Ішкі істер министрлігіне карантиндік және шектеу шараларын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау органдарына көмек көрсетуді жалғастыру міндеттелді.

Жиында жауапты мамандарға мониторингтік топтардың жұмысы, ауруханаларда төсектің жеткіліктілігі, сақтық шараларын күшейту, бетперде тағуды қадағалау жайы жүктелді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет ғаламтордан алынды