ҚОНАҚҚА БАРҒАНДЫ ҚОЮ КЕРЕК: КОРОНАВИРУСТЫҢ ҚАЙТА ӨРШУ СЕБЕБІ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 1029
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков Журналистер үйінде өткен брифингте тұрғындарға қонаққа баруды тоқтатуды сұрады. Індет жұқтырудың тәуліктік өсімі қазіргі таңда 1,1 пайыздан асып отырғанын айтты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

­Облыс бойынша коронавируспен ауырғандар саны 9 мыңға жуықтап қалды. Оның ішінде 6444 адам емделіп шықты. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің бақылауында 2500-ге жуық адам бар. Инфекциялық стационарлар жүктемесінің ұлғаюына байланысты төсек саны 1138-ден 1300-ге дейін артқан.

Басқарма басшысы қонаққа баруды, үйде немесе басқа да нысандарда жасырын той жасауды қою керектігін қатаң ескертті. Індеттің өршуі де осы мерекелерде жиналғанның кесірінен екенін жеткізді. Дене қызуы көтеріліп, жөтеліп, тұмау болып қалсаңыз, бірден «Жедел жәрдем» шақыру қажет екенін айтты.

Коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін реанимациялық төсек саны 124-тен 135-ке дейін артты. Коронавируспен күреске барлығы жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде, екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд.теңге бөлінді. Медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томография, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды желдету құрылғысы жұмыс істейді.

Облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 26 реанимациялық бөлімше қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізілді, 31 «Хай Флу» аппараты бар. Жалпы, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 79 пайыздан 89 пайызға дейін артты. 180 «Жедел жәрдем» көлігі, сондай-ақ, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Жағдайы ауыр науқастар мен балаларға арналған көпсалалы ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Қажет болған жағдайда 5280 төсек орналастырылады.

Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Бүгінгі жағдай бойынша ПТР әдісімен 375 мыңдай адам зертханалық тексеруден өткен. Жалпы, облыс бойынша індеттің алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Облыстың бас дәрігері, ең бастысы, халық карантин режимін қатаң сақтаса, ауруды жеңуге болатынын жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймақта» тұр.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан